Еліміздің егемендік алуы кешегі кеңестік саясатта кенже қалып, ұлт саясатында тарихымыздан жоғалған «елші» атауын қайта жаңғыртты. Біздің халықта «Елдестіру елшіден» деп елшілердің міндетін қысқа қайырады. Осы бір ескіден жеткен қысқа да, нұсқа мақамда қаншама қыр мен сырдың жатқанын аңдамау қиын емес.
Осы тұста Тәуелсіздіктің тұғырын қадап, туын көтерген Қазақстанды алыс-жақынға таныстырар елшілердің қажеттілігі туған-ды. Қазақта елі ерлерін іздеген заман қай дәуірде де болып тұрды десек, сол елі іздеген ерлердің бірі – Нәжімеден Есқалиев. Ел басқаруда тәжірибесі мол, білімі мен тәрбиесі тәлімді, оның сыртында саяси қарымы мен қайратын көрсетіп үлгерген (1991 жылы, қыркүйек, Орал оқиғасы – З. Ш.) Нәжімеден ағаның елшілік қызметке тартылуы кездейсоқ емес.
Осылайша, елдіктің керегесін керіп, уығын қадап, шаңырағын көтерген тұста Нәжімеден Есқалиев сынды азаматтардың қазақ дипломатиясында табылуы заман талабы болатын. Елші болып тумаса да, («би» болып, деген мағынада – З.Ш.) елдестіруді ескіден аңғарған Нәжімеден аға тумысынан бітімшілік пен бейбітшілікке бейім тұрды. Қай қызметте болмасын, қай жерде жүрмесін кішіге қамқор, үлкенге ізет, айналасына мейірімді, өзіне тапсырылған жұмысты орайы келсе, у-шусыз, дау-дамайсыз атқаруды қалайтын.
Айталық, кешегі 90-шы жылдары кеңестік тоталитарлық жүйе құлап, орнына егеменді елдік келген тұста, шыны керек билік те, қоғам да абдырап қалды. Қазақтың «Тұрымтай тұсына, бозторғай басына» дегенінің күйін кешкен заман болды. Сол кезде қазақ қоғамына демократия орнатамыз дегендер арасында артық жасаймын деп тыртық жасаушылар да табылмай қалған жоқ. Әсіресе, ұлттық сананы қалыптастыру мен ұлт тарихының «ақтаңдақтарын» қайта оралтуда жаңашылдық бастамалар ұранға шықты. Ордалы жиындарда кешегі кеңестік тарихнамада сырт қалған ұлт тұлғалары туралы көлемді ойлар мен кеңесті мәжілістер оздырылып, ұмыт қалған ұлт оқығандарының есімдері аталып, еңбектері түгенделіп жатты. Сондай тұлғалардың бірі – жерлесіміз, ғалым-этнограф Салық Бабажановтың тарих сахнасына қайта оралуы еді. Ғалым туралы түрлі отырыстар оздырылып, ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Билік тарапынан қайраткерге өз кезегінде құрмет те көрсетілді. Осы кезде Нәжімеден ағаның оздырылған отырыстарда салмақты саясат ұстанып, бір жаққа бұра тартпай көпшілікке тоқтау айтып, қандай да бір ұсыныстарды саралап, жіліктей келе жиналған жұртшылықты ығына жыға білу қасиеті нағыз дипломатия еді. Әсіресе, Салық Бабажановты қайта жерлеу туралы мәселе көтеріліп, ел екіге жарылғанда Нәжімеден ағаның «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деген қанатты сөзді алға тартып, Салықтың аманаты ретінде, өзі жатқан жерге жерлеуін өтінгені және зиратының қазақ жері екенін айқындайтын белгі болғанын естен шығармағаны абзал деп көпшіліке ой тастауы, қайта жерлеу туралы ұсынысқа тоқтау салады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары алыс-жақын шетелдерге сапарға шығу кең етек жайғаны белгілі. Сондай сапарлардың бірінде Қазақстаннан Лондонға барған делегация құрамында Нәжімеден Есқалиев те болады. Қаланы аралатып өздерінің жақсысын көрсетуге асыққан ағылшындар кезекті пресс-конференцияда делегация жетекшісіне тосынан «Сіздер демократия құруға асығып жатырмыз дейсіздер, алайда, Алматыда Джержинскийдің ескерткіші әлі тұр», – деген кекесін сұрағын қояды. Тосын сұраққа тосылып қалған жетекшіні байқаған Нәжімеден Есқалиев «Біздер ескерткіштерді қирататын вандалдар емеспіз, біз, қазақтар, түркі өркениеті халықтарына жатамыз. Сіздерде де, барлық ескерткіштер сақталған, оның ішінде патша өліміне бастамашы болған Оливер Кромвелдің ескерткіші. Сонда сіздер біздерден нені қалайсыздар?», – деген қарсы сұрағы өкінішке орай ағылшындар тарапынан жауапсыз қалады.
Бүгінде Нәжімеден Есқалиевтің дипломатиялық қайраткерлігі қай кезден басталды деген сұраққа жауап беру қиын шығар. Бірақ Нәжімеден Есқалиевтің дипломатиялық елшілік статусы мәңгілікке қалды деп толық айта аламыз. Сонымен, өткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдары экономика мен саясат абдырап қалған тұста «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген саясатты ұстанған Нәжімеден Есқалиев алғашқы елшілік қадамын жасап та үлгерген еді. Айталық, Қазақстанның егемендік алуы, көршілермен әлеуметтік-экономикалық келісім еліміздің батыс қақпасы саналған Орал қаласында сонау ХХ ғасырдың 90-шы жылдары басталған-ды.
Сондай-ақ Қазақстан – Ресей, Қазақстан – Татарстан, Қазақстан – Башқұртстан арасындағы байланыстардың алғашқы қадамы Орал қаласында жасалғанын тарих ұмытқан емес. Сол кезде жоғарыдағы елдер басшыларының кең ауқымда өткен кездесулерінің негізгі мақсаты қалыптасқан дәстүрлі экономикалық байланыстарды нығайтып, болашақта терең интеграцияны қалыптастыруға негіз қалау болса, сол жүздесулер Нәжімеден Есқалиев тұсында ұйымдастырылған болатын.
Сонымен қатар ішкі облыс-аралық өзара байланыстарға ұмтылыс жасауы, осы бағытта көршілес Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарымен өзара экономикалық байланыстарды орнату арқылы бір-біріне көмек қолын созу, өзінде барды, өзгемен бөлісу, өзінде жоқты, өзгеден алу, яғни, бірлесе жұрт қамын, халық тірлігін жасау секілді шаруаларды атқаруы енді ғана жазылып жатқан жайлардың бірі. Оның сыртында сыртқы байланыстарды да ұмыт қалдырмай, көршілес Саратов, Орынбор, Самара, Волгоград, Астрахан облыстарымен өзара келісімді экономикалық байланыстарды орнатуға белсенді кірісуі Нәжімеден Есқалиевтің алысты болжап, ертеңді барлауы болатын.
Бір қызығы, сол ХХ ғасырдың 90-шы жылдары басталған көршілермен аралас-құралас байланыстар әлі күнге жалғасын тауып, одан ұтпасақ, ұтылмағанымыз белгілі. Кешегі аласапыран кезде саясатты таразылап, өткенді екшеп, келешекті бағдарлай алатын Нәжімеден Есқалиевтің тәуелсіздік тұсында еліміздің елшілер санатында өзгелермен иық тірестіре қатар тұруы батысқазақстандықтар үшін мақтаныш еді. Бұл Нәжімеден ағаға тағдыр сыйлаған тәбәрік деп қарасақ, сол соқпақта өз жолы мен өз білігін көрсете алғандығы тағы белгілі. Егер баз біреулер қайраткерлік жолда қандай да бір биіктікке тағдырдың айдауымен келіп жатса, Нәжімеден аға өз биігіне табиғатымен жеткен тұлға деп толық айтуға болады.
Сонымен, елшілік қызметін Өзбекстаннан бастаған Нәжімеден аға өз жұмысын бауырлас елдегі қазақтардың тұрмысымен танысудан бастайды. Алдымен Ташкенттегі Төле би, Хиуадағы Әйтеке би, Самархандағы Жалаңтөс пен Есет батыр, зираттарына барып, құран бағыштайды. Әсіресе, Сырым батыр жерленді деген Хиуаға барып, елден (Оралдан–З. Ш.) делегацияның келуіне ықпал етеді. Қазақ–өзбек қатынасының бірден бауырлас, туыс және достық қатынаста жарасымын тауып жатуы, біріншіден, бауырлас халықтардың ықыласы болса, екіншіден, екі халықтың арасына дәнекер болып, алғаш қадам жасаған Нәжімеден Есқалиевтің елшілік қызметіндегі қосқан үлесі екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ сол кезде Өзбекстанды басқарған Ислам Каримов пен Нәжімеден Есқалиевтің ескіден таныстығы екі елдің қарым-қатынасын одан жоғары қалыптастыруға септігін тигізгені тағы бар. Тағдыр табыстырған Нәжімеден аға мен Ислам Каримовтың алғашқы таныстығы Мәскеуде басталады. Кешегі кеңестік номенкулатурада республикалық облыстың бірінші хатшылары Мәскеуден тағайындалатын еді. Өткен ХХ ғасырдың 80 жылдарының басында Нәжімеден аға Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалуға барғанда, Ислам Каримов Қуандария облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына тағайындалуға барады. Сол Мәскеуде басталған таныстық, кейін жолдастыққа ұласады. Арада ондаған жылдардан соң тағдыр екі достың бірін Президент, екіншісін елші санатында тағы табыстырады.
Сөз арасында Нәжімеден аға көрші өзбектерден көп нәрсені үйренуге болатындығын, әсіресе, олардың тазалығын баса айтатын. Қай өңірге барма, жылдың қай мезгілі болмасын өзбектердің егістігі мен бау-бақшасы тап-таза болатын. Өзбектерден жерді қадірлеуді, жерді ұстап-бағуды үйренсек, алысқа кетеріміз анық деп отырады. Ал өзбектердің суды пайдалануы мен суды қастерлеуі тіпті ерекше деп таң-тамаша қылып әңгіме өреді.
Әңгіме барысында елшілерде болуы тиіс қасиеттер туралы сөз қозғалғанда, Нәжімеден аға қомдана көтеріліп, «Елші болу үшін алдымен терең білім мен өз тарихыңды білуің керек, ал, елшіні таңдауда оның тәрбиесін, әсіресе, жанұясына берген тәрбиесіне назар аударса, елшілеріміз елді жерге қаратпайды», – дейді.
«Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» дегендей, Қазақстанның кешегісі мен бүгінгісіне бір адамдай еңбек еткен Нәжімеден Есқалиевті елі қашанда еске ұстап, керекті жеріне жұмсап отыруы – ел мен ердің жарасқаны. Сондай-ақ «Елдің атын ері шығарады» демекші, Нәжімеден аға да еліне ерекше қызмет етті. Елшілікті алғаш Өзбекстаннан бастап, кейін Тәжікстан, Молдова, Беларуссия, Украина елдерінде төтенше және өкілетті елші ретінде қызметтер атқарса, соңында ТМД елдері атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымында қызметін жалғастырды. Бүгінде Нәжімеден Есқалиевпен қызметтес болған, ағаның алдын көріп тәрбиесін алған жерлестеріміз бен шетелдіктер ол туралы шынайы ойларын ешқашан іріккен емес. Солардың біразының пікірін ортаға салсақ, ТМД атқару комитетінің төрағасы болған Ю.Ярлов «Біз әріптестеріңіз, сізді өз бейнеңізде, отанымыздың шын патриоты ретінде бағалаймыз», – десе, Ресейлік қайраткер Б.Грызлов «Сіздің ішкі және халықаралық проблемаларды терең білуіңіз, көтерген бастамаларды және қабылданған міндеттерді шешудегі шығармашылық көзқарасыңыз – нағыз біліктілік еді», – деп қатарынан оза шапқан Нәжімеден ағаны мойындауы біз үшін мақтаныш еді. Ал белгілі қоғам қайраткері, жерлесіміз, Кемерово облысының губернаторы болған Амангелді Тулеев «Сіздің өмірлік тәжірибеңіз, жан-тәніңізбен жұмыс жасай білуіңіз, жоғары парызды сезіну және алға қойған мәселенің табысты шешілуіне ықпал ете алуыңыз, өзгелер үшін керек қасиет», – деп баға берсе, ресейлік азамат, Ресей Федерациясының Батыры Ю. Трегубенков «Сіз еңбек жолыңызда қызметтің барлық салаларында міндетіңізді сауатты атқарып, өмірдің күрделі жолынан өттіңіз. Сіздің бойыңызда адамға керекті барлық қасиеттер сақталған», – деп бағасын береді. Жоғарыдағы шетел азаматтарының түйінді пікірлерін жерлестеріміздің пікірлерімен жалғасақ. Айталық, зейнеткер Г.Юрченко «Нәжімеден Есқалиев аймақты басқарған кез қайшылыққа толы болатын, бірақ қызықты еді. Ол жігерлі, өз ісін терең және ауқымды білетін еді. Ол әр нәрсені әлемдік деңгейде ойлайтын. Ең бастысы, ол әр түрлі ұлт өкілдері арасындағы өзара түсініктік пен достықты нығайтуға үлес қосты», – десе, бөрлілік азамат В.Чивгинцев «Нәжімеден Ықсанұлы – көшбасшы, сезімтал және сол кездің талапшыл басшысы мен тәрбиешісінің барлық қасиетіне ие адам», – деп жоғары бағасын береді. Ал ТМД елдері экономикалық кеңесінің төрағасы болған А.Қаженовтың «Сіздің ТМД елдеріндегі интеграциялық процестерді дамытуға қосқан зор үлесіңіз, еңбекқорлығыңыз бен жауапкершілігіңіз, сондай-ақ, адамдарға жауаптылық пен мейірімділік Достастық елдерінің барлық мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлерінің терең де құрметті сезімін тудырды», – деуі жерлесіміз Нәжімеден Есқалиевтің өзгелер елемеген қасиеттерін ашып көрсеткендей.
Қашанда ісіне адал, сөзіне берік Нәжімеден аға қазақтың «Жақсы ағаның жолын кеспе, жолын қу, жақсы інінің жолын кеспе, белін бу» деген қанатты сөзін өмірлік ұстанымы еткен секілді. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған Нәжімеден ағаға жерлестері зор денсаулық тілей отырып, сіздің орныңыз ерекше, сіз кеше де, бүгін де, тіпті болашақта да батысқазақстандықтар үшін «Бірінші әкім» болып қала бересіз дегенге саяды.
Зұлқожа Шарафутдинов,
тарихшы-қоғамтанушы,
Орал қаласы