ХІХ ғасырдың басында Қазақстанда патшалық Ресейдің отарлық саясаты ерекше күшейе бастайды. Патша үкіметі қазақ жерін толық қадағалау мақсатында түрлі саяси басқарудың жаңа ережелерін ойлап тауып отырды.
Оған қарсы қазақ халқының наразылығы күшейіп, халық Абылай хан ұрпақтарының маңына біріге бастайды. Осылайша Кенесары Қасымов халықтың қолдауымен ұлт-азаттық көтерілістің басына келеді.
Осы орайда Кенесары қазақ хандығының территориялық тұтастығын Абылай хан тұсындағы жерлермен қалпына келтіру мақсатында Ресеймен бірнеше дипломатиялық қадам жасайды.
Айталық, Кенесары Николай патшаға, Орынбор губернаторлары В. Перовскийге, В. Обручевке, Сібір губернаторы П. Горчаковқа алдын ала хат жолдап, қазақ жерінің тұтастығы мен қазақ халқының еркіндігін сақтау жөнінде өтініштерін білдіреді.
Алайда саяси-дипломатиялық қатынастар нәтиже бермей, жазған хаттары жауапсыз қалғандықтан Кенесары Қасымов отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресін бастап кетеді.
Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz