Ұлттық банк Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасын өзгерту туралы шешім қабылданған жағдайда банкноттар өзгеруі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
Фото: www.facebook.com
«Банкноттар мен монеталардағы мемлекеттік рәміздерді ауыстыру мәселесі түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін және Қазақстан Республикасының тиісті заңнамалық актілеріне қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін қаралуы мүмкін», - делінген Ұлттық банктің Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында.
Ведомство бұл жерде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заң сөз етіліп отырғанын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекеттік елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс айтқан болатын.
«Жалпы халықтық келісім болса, барлық аспектілерді жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау жүргізетін арнайы комиссия құрып, Қазақстанның жаңа мемлекеттік Елтаңбасының ең үздік эскизіне ашық конкурс жариялауға болады», - деді Мемлекет басшысы.
Еркежан Смағұлова,