Олардың балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Бала жастан еңбекке араласып, аналарына қолғанат болды. Соғысқа кеткен әке бейнесін көріп үлгермеген олар ашқұрсақ болып, жоқтық көріп өссе де, жігері жасыған жоқ. Бүгіндері 20-ға жуық немере мен 50-ден астам шөбере-жиеншардың қызығына бөленіп отырған кейіпкерлеріміз Ізғали ата мен Күләш әже 1960 жылы отау құрады.

«Аппақ қызды жақсы көріп қалдым»
Соғыстан кейінгі қиын жылдар... Ол кезде қазіргідей сән-салтанатпен құда түсу, той жасау деген жоқтың қасы еді. Той дегеннің өзі дастарқан ретінде жайылған шүберектің әр жеріне бір шөкімдей етіп шашылған бауырсақ, құрт, айран-көжемен өтетін. Бала кездерінде тек қолға түскен кезде жейтін тары-талқанның дәмін олар әлі ұмыта қоймаған. «Ас атасы – нан біздің жаққа 1955-56 жылдары тың игерушілермен бірге келді. Оның өзінде қазіргідей молшылық жоқ. Алғашында грамдап берген кездер болды ғой» дейді әңгіменің әлқиссасын әріден бастаған көнекөз қариялар.
– Негізі, біз – қазіргі Сырым ауданының Жосалы деген ауылынанбыз. Жоса деген сырдың бір түрі ғой. Жері құмдауыт, бор, ақбалшық мол. Суы бұлақтай. Сол суды қазір ауданға тартып отыр. Тұрған жеріміз – айнала шабындық. Табиғаты өте бай ауыл ғой. Әжелерің ол кезде аппақ, талдырмаш қыз болды. Анасы біздің ауылда сауыншы болып істеді. Бір көргеннен жақсы көріп қалдым. Ол кезде аналар қатал ғой. Шешесі бейсауыт жүргізбейді. Бірақ ебін тауып, далаға шыққанда танысып, екі-үш күн сөйлестік.
Ауылдағы бір ақсақалды ертіп барып, құда түсіп, бір айдан соң ат-арбамен алып келдім. Сөйтіп, үй болып кеттік қой, – деп әңгімесін бастады Ізғали ата.
«Енемнің көңілінен шығуға тырыстым»
Күләш әже Жанғалиевтер әулетіне келін болып түскенде он сегіз жаста еді. Бала кезден анасымен бірге қиын кезеңді бастан кешкен ол келін болып келгенде үй шаруасына бірден бейімделіп кете алмай, қиналғанын жасырмайды. Бірақ қалайда енесінің көңілінен шығуға тырысып, қолынан келгенін жасады.
– Қыз кезімде рақат көрген жоқпын. Жалаң аяқ, жалаңбас жүріп жетілдім. Сегізінші сынып бітіргеннен кейін киімім болмай, мектепте оқи алмадым. Содан шешеммен бірге сиыр саудым, бұзау-қой бақтым, балшық майладым. Ол кезде ауылды соғыстан мүгедек боп оралған майдангерлер басқаратын. Азаматымыз жоқ болғасын басына ма, шешем екеумізге күн бермей, анда-мында жұмсай беретін. Елсіз далада қой баққан кездеріміз де болды. Сонда шешем жарықтық, жіптің бір ұшын маған ұстатып, айырылып қалма деп, өзі қой қайыруға кететін. Дала қараңғы мені жоғалтып алмайын дегені ғой. Бір бөлмелі үйде үш отбасы тұрған кездеріміз болды. Анда-санда қолымызға ет түседі. Үш отбасы бір қазанға тамақ пісіреміз. Анам омыртқа сүйегін, әлгі екі жанұя қабырға-жілігін жіпке байлап, қазанға салып, піскен соң әркім өз үлесін бөліп алатын. Ол кезде ұн жоқ. Құр еттің өзін жеген күндеріміз де біз үшін той еді. Келін болып түскеннен кейін енеммен отыз жыл бірге тұрдым. Ол кездегі енелер қатал еді ғой. Таңмен тұрып, тары қайнат десе, тары қайнатамыз, ұйықтама десе, ұйықтамай, шаруа жасаймыз. Сонда сол кездегі мен қатарлы келіншектердің бәрі де енелеріне қарсы шықпайтын. Тіпті тары қайнатайын, кемпірге жағайын деп жүріп, таң атқанын байқамай қалған кездер де болған, – деп сол шақтарды күліп еске алды Күләш әже.
Қатал ененің қабағынан қаймыққан Күләш әже аз уақыттың ішінде үй шаруасын дөңгелетіп әкетеді. Ауылдағы ең таза келіншек атанып, ауылға келген қонақтар да берекелі дастарқаннан дәм татуға асығатын жағдайға жетеді. Үйдің ішін қолдан кесте көмкеріп, әсемдеп, киіз басуды да бірден үйреніп алады. Ауылдың әйелдерімен бірге әндетіп жүріп, түске дейін бір киіз, түстен кейін бір киіз басқан күндері де дәл бүгінгідей есінде. Ауылға түскен қонақтар «Сары бала мен сары келіннің шайы жақсы» деп арнайы келгенде, төбелері көкке жетіп, бір марқайып қалушы еді. Сөйтіп жүріп, үш ұл, үш қыздың ата-анасы атанады. Отағасы Ізғали ата да шаруасына тындырымды, балаларына жайлы әке бола білді.
«Айран келе жатыр...»
– Бала кезден еңбекке араласып, шыңдалып өстік қой. Шөп шабамыз. Сонда бізге таңертең-кешке бір кесе тары мен қара көже береді. Өгізші ағай бізге арбамен айран тасиды. Ол дөңгелегі шиқылдап, ауылдан шыққаннан-ақ белгілі. Біз «Айран келе жатыр» деп қуанамыз. Ағаш бөшкеге құйылған айранның бетін қойдың терісімен жабады. Айранның түбі құрттап жатады. Бірақ ашпыз ғой. Құртты қағып тастап, айранды сіміріп аламыз. 1944-45 жылдары бидайдың, тарының келдегін теріп, еңбек еттік. Соғыс жылдарында үкімет анама биялай, ұйық тоқы деп жүн береді. Мен де тоқуды үйреніп, анаммен бірге 80 жұп ұйық, биялай тоқығаным есімде. Сол кезде бес пар ұйық тоқығанға сегіз қадақ тары беретін, – деп бала кезін еске алған Ізғали ата сол қиындықтың бәрінен өтіп, шөберенің қолынан су ішіп отырған күндеріне шүкіршілік айтты.
Көнекөз қариялардың кеудесі – толған тарих. Әңгімелері де әсерлі. Күләш әжейдің жұбайына еркелеп, қалжыңдай сөйлегені де жарасады. Ізғали ата кемпірінің сөзін қостап, аялай қарап қояды. Осы сәтте жұптары жарасып, бүгінгі күнге жеткен жұбайлардан «Ыдыс-аяқ сылдырлағанда кім бірінші кешірім сұрайды? Қазір бір-бірінің сөзін көтере алмай, ажырасу көбейді. Бұған не дейсіздер?» деп сұрадым. «Арасында ренжісіп қалатын сәттер болады. Ондайда мен бірінші барып, апаңның бетінен сүйіп аламын. Сол кезде ол да жадырап сала береді» деп рақаттанып күліп алды Ізғали ата.
– Біздің кезімізде ажырасу болған жоқ. Осы күнгі жастар қызғаншақ. Түсінігі тайыз. Аллаға шүкір, ұл-қыздарым мен немерелерімде ажырасу болған емес. Болмасын деп тілеймін. Бала әке мен шешенің қасында өсу керек. Балаларым арақ-темекіге үйір болған жоқ. Бәрі де қоңыр тірлік кешіп, адал еңбек етіп, дұрыс жолда келеді. Соған қуанамыз, – дейді Күләш ана.
Осы тұста отанасы ауылдарында тұрған Ықсан деген қартты жиі еске алатынын айтып қалды. Ол кісі ауылдың жас келіндерін жинап алып, «Сендер, Құдай берген баланы туа беріңдер, туа беріңдер. Бір балаң батыр болар, бір балаң батыл болар, біреуі сені бағам дер, біреуі бақпаймын, кетем дер, түбінде неше бала болса да, біреуі бай болып, саған қарасады. Балаларыңды ешкімге бермей, өздерің бағыңдар» деп ақыл айтады екен. Қарияның сол сөзін бүгіндері ұрпағының қызығына кенеліп отырған кейуана әулие сөзіндей қабылдап, өзі де келіндеріне құлаққағыс етіп айтып отырады.
Әже тілегі
Бүгіндері немере-шөберелеріне ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрімізді көрсетіп, әулеттің бәйтерегіне айналып отырған қариялардың бар тілегі – ұрпағының қамы. Олар немерелерінің бірі ұзақ уақыт келмесе, «Бізге ренжіп қалды ма екен?» деп алаңдап, өздері хабарласып, шақырып алады. Көңілдері даладай кең, ақпейіл қариялар ұрпағымыз өздері көрген қиындықты көрмесе екен деп тілейді. Отанасы Күләш Құдайдан күн сайын тілек тілеп, мінәжат етеді. Сол кезде «Иә Алла, ұрпағыма біздің қиындығымызды көрсетпе! Елде соғыс болмасын! Аллаға мың шүкір! Бүгінгі күніме ризамын! Ұрпағым дәл бүгінгідей шалқып, көңілдері тоқ, жүрегі тыныш болып, өмір сүрсін! Ешбір бала әке-шешесінен айрылып, жетім қалмасын» деп Құдаймен сөйлесіп, ақ тілегін ақтарады.
Ал Ізғали ата бірнеше жылдан бері күнделік жазады. Әр күнді белгілеп, сол күні не істегенін моншақтай тізіп, күнделігіне жазып қояды екен.

Қазыналы қариясы бар қара шаңырақ
Өмірден көрген-түйгені мол қариялар – ұрпағына үлгі. Кейіпкерлеріміздің тұңғыш немересі Эльвира Асқарқызының жасы 37-де. Сегіз айлығынан бері ата-әженің қызы болып өскен ол әке-шешесін мойындай қоймаған. Ол қиын кезде бас құрап, бүгіндері қара орманға айналып, өнегелі ғұмырдың иесі атанып, адал еңбекпен бәріне үлгі болып отырған ата-әжесін мақтан етеді. Өз ісіне адал болу, қандай іске де зор жауапкершілікпен қарау, айналаңа шуақ сыйлау дегеннің бәрін ата-әжесінен үйренген. Үш баланың анасы, бір шаңырақтың шамшырағына айналған Эльвира ата-әжесінің орталарында аман жүргенін тілейді.
Бүгіндері қариялар Орал қаласындағы немересі Ахан Жанғалиевтің қолында тұрады. Біз барғанда дастарқан жайып, шай әзірлеп, жүгіріп жүрген немере келіні Нұргүл де биязы, иманжүзді жан екен. Ата-әжесінің қас-қабағына қарап, бабын тауып отырғаны сырт көзге бірден байқалады. Үйде асыр салып жүгіріп жүрген төрт шөбере – ата мен әженің көз қуанышы. Қара шаңырақта он бір жылдан бері келіндік міндетін мінсіз атқарып жүрген Нұргүлді ата-әже де мақтап отыр. «Жас болса да, тек біздің ғана емес, бізге келген қонақтардың бабын тауып отырған келінімізге ризамыз» дейді олар. Ауладағы үлкен сәкіні (нар) Ізғали ата өз қолымен жасаған. Жасы 90-ға жақындаған қария әлі күнге тынбай еңбек етеді. Жайқалған ағаштар мен бау-бақшаны да ата өсіреді екен. Өздерінің ұл-қызына қоса, немерелерінің бәрін дерлік, қамқорлап, өсіріп, шөберелерінің қолынан су ішіп отырған бақытты қарияларға ұзақ ғұмыр, мықты саулық тіледік!
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»