Қала күні қарсаңында Жастар мәдениет сарайында «Еңбегі жанған арулар» атты форум өтті. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған басқосуға бизнесте бағы жанған арулар, іскер қыз-келіншектер қатысты.

Пленарлық мәжілісті БҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыс әкімінің гендерлік саясат жөніндегі қоғамдық кеңесшісі Жансұлу Төремұратова жүргізді. Форумға Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, ҚР Президенті жанындағы әйелдер және отбасы-демографиялық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, БҚО ҚХА аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина және өзге де қоғам қайраткерлері қатысты.
Форумда төрт панельдік сессия өтті. «Менің еңбек жолым – менің жетістігім» сессиясында кәсіпкер әйелдер мен шығармашыл тұлғалар тәжірибелерімен бөлісті. «Ауылдың ақжаулықты іскер аналары» тақырыбында ауданауылдан келген іскер аналар сөз сөйледі. «Мен көшбасшы» сессиясында мемлекеттік қызмет пен бизнестегі жас көшбасшылардың ой-пікірлері тыңдалды. «Ана болу – еңбек» бөлімінде көпбалалы аналарды марапаттау рәсімі өтті.
– Бүгінгі форумға еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, Ресейден де бизнесте жүрген қыз-келіншектер келіп отыр. Бұл – тәжірибе алмасуға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын үлкен басқосу. Біз мақсатты түрде тек кәсіпкер әйелдерді ғана емес, түрлі салада еңбек етіп жүрген барша нәзікжандыны қолдауды көздейміз. Өйткені әйел – үйдің де, түздің де шырайын кіргізетін күш. Олардың еңбегін бағалап, қоғамға кеңінен таныту – әріміздің міндетіміз, – деді Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева.

Форум аясында іскер қыз-келіншектердің қолөнер және кәсіпкерлік жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Мұнда тамақ өндірісі, тоқыма, тігін, баспа ісі, жол құрылысы және өзге де салаларды ұршықша иірген қыз-келіншектер өз өнімдерін ұсынды.
– Мен «ДСК Приоритет» жол-құрылыс компаниясының басшысымын. Компаниямыз 2008 жылы құрылып, содан бері қалалық, облыстық, республикалық маңызды жобаларды жүзеге асырып жүр. Қазіргі таңда бізде 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал құрылыс маусымында жұмысшылар саны одан да артады. Компаниямызға тиесілі екі асфальтты бетон зауыты, 120-дан астам арнайы техника және үлкен зертхана бар. Бүгінгі көрмеге жол жөндеу, жол салу құрылысына қажетті шикізаттарды әкеліп отырмыз. Бұл жерде зауыттың, техниканың кішірейтілген макеттері бар. Сондай-ақ төселген асфальттан кесіліп алынған үлгіні де көруге болады, – дейді аталмыш компанияның басшысы Жанна Кенжина.
Көрме-жәрмеңкеде ұлттық өнерді дәріптеп жүрген шеберлер де өз жұмысын таныстырды.
– Ұлттық өнер галереясы «WomenArtДизайн» 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біздің ұжымның жұмыстарын Қазақстан, Еуропа, Азия, АҚШ-тың елшіліктерінен кездестіруге болады. Біздің туындылар көптеген мемлекеттердің көшбасшыларының бөлмесін безендіріп тұр. Картиналар табиғи былғарыдан, киіз және иірімжіптерден өзіндік технология бойынша ең жақсы шеберлердің қолынан шыққан. Мысалы, Орал қаласының елтаңбасын 2003 жылы біз жасағанбыз. Ең үлкен жетістіктеріміздің бірі деп 2012 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев біздің «Тұмар» атты туындымызды сол кездегі АҚШ Президенті Барак
Обамаға сыйға тартқанын атауға болады. Әр композицияның артында түсініктемесі мен мағынасы жазылған. Біздің мақсатымыз – халқымыздың тарихын, дәстүрін әлем елдеріне дәріптеу, – дейді аталмыш серіктестіктің құрылтайшысы Марина Ермекқалиева.
Жәрмеңке барысында білім беру саласына арналған ерекше жобалар да көпшілік назарына ұсынылды.

– Біздің бүгінгі көрмеге әкелген туындымыз – «Баланың ойлау қабілетін сөздік қор арқылы дамыту» атты оқу құралы. Балалардың ой-өрісін, танымын, сөздік қорын қалыптастыру, ойын арқылы ерте жастан дамыту бағытында дайындалған. Бұл – төрт аутордың, яғни инклюзивті білім беру бағытында жұмыс істеп жүрген логопед, дефектолог мамандардың біріккен жобасы. Оқулық мектепке дейінгі ұйымның мамандарына, ата-аналарға арналған. Жоспары, бағыты, бағдары көрсетілген. Бүгін тұсауы кесіліп отыр, – дейді ауторлардың бірі Мәриям Қожжанова.
Көрме-жәрмеңке барысында өңірдің жас кәсіпкерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, өнімдерін таныстырды. Ал келген жұртшылық олардың қолөнер туындыларын тамашалап қана қоймай, сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»