Облыс әкімі Нариман Төреғалиев еңбек ардагері, Жәнібек ауданының «Құрметті азаматы», М.Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаевты 90 жас мерейтойымен құттықтады.

Аймақ басшысы ғибратты ғұмыр иесінің еңбек жолына ерекше тоқталып, оның Жәнібек ауданының өсіп-өркендеуіне қосқан елеулі үлесін атап өтті. Абыз ақсақалға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, иығына шапан жапты.

Асқар Қабдолұлы жылдар жүзінде Жәнібек аудандық спорт комитетінің төрағасы, аудандық комсомол комитетінің және партия комитетінің нұсқаушысы, Ұзынкөл кеңшары партия комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарған. Көпжылдық еңбегі мен ел дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар мәртебелі марапаттарды иеленді.

Көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген ардагер өңір дамуы жолындағы берекелі бастамаларға сәттілік тілеп, облыс әкіміне өз қаламынан туған «Тоқсан жылдың түйіні» кітабын тарту етті.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі