Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 451,6 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары болды. 328,5 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 200,7 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды.
Бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді курстарға 15,2 мың адам жіберілді.
5,5 мыңнан астам адам өз ісін ашу үшін жеңілдікті микрокредиттер, ал 20,2 мыңы қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алды.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 155,7 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарына 16,6 мың адам; жастар практикасына – 21,4 мың адам; қоғамдық жұмыстарға – 117,4 мың адам.
Еңбек ресурстарының ұтқырлығы шеңберінде 1 342 отбасы немесе 4 571 адам қоныс аударды, оның ішінде 1 952 адам еңбекке қабілетті жаста болып табылады. Оның ішінде 1 329 адам жаңа тұрғылықты жерінде тұрақты жұмысқа орналастырылды және 111 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады, 5 адам оқуға жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 649 мың адам қатысты. 437,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 319,2 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды. Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 12,7 мың микрокредит және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 44,9 мың қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.
Қысқа мерзімді оқыту курстарына 18,7 мың адам жіберілді, ал ТжКБ ұйымдарында оқытумен 18,4 мың адам қамтылды.
Бұдан басқа, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде жұмыс күші артық өңірлерден құрамында 5,8 мың адам бар 1,8 мың отбасы қоныс аударды.
baq.kz