4.02.2022, 9:20
Оқылды: 85

Еңбеккерлердің мүддесі мен құқын қорғау – кәсіподақтың негізгі міндет-миссиясы

«Кәсіподақ  –  еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты  тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі. Түрлі кәсіппен айналысатын еңбек адамдары  –  ұлт игілігінің қайнар көзі.

Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығының бірі ретінде дәріптеуіміз керек. Бұл  –  менің нақты ұстанымым.  Осыған байланысты кәсіподақтарға ерекше міндет жүктеледі.  

Кәсіподақтардың дәнекерлігі мен  медиациясы арқылы еңбеккерлер мен  жұмыс берушілердің тең құқылы  диалогының арқасында ғана еңбек  қатынастарын тиімді реттеуге болады. Осындай ынтымағы жарасқан ортада  еңбек этикасын кемеліне келтіріп,  әлеуметтік жауапкершілікті өрістетуге болады.

 ҚР  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев,

Қазақстан кәсіподақтарының XXVI  сиезі, 02.09.2020

Биылғы жыл басында орын алған қарулы қақтығыс, қанды оқиғалар қазақстандық ең­бек қатынастарында күрделі мәселелер бар екенін нақтылай түсті. Екі жылдан астам уақыт бойы коронавируспен күресіп келе жатқан жандар үшін қаңтардағы оқиға ауыр соққы болды. Халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты бейбіт митингілері лаңкестердің кесірінен қарулы қақтығыстарға ұласты. Бейбіт заманда жазықсыз жапа шеккен жандардың жанайқайы, соның ішінде жас тәртіп сақшылары мен курсанттардың қазасы қарапайым тұрғындарды күйзеліске ұшыратты.

– Біз шейіт болғандардың жанұясы мен тума-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған үндеулерінде елді есеңгіреткен сынақтың себеп-салдарын жою жолында жасалатын жұмыстарға қатысты нақты пікірін білдірді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», біз батысқазақстандықтарды ынтымақбірлікке және Қазақстан халқының өмірін жақсартуға бағытталған бастамалар жүзеге асатын осынау қиын да күрделі сәттерде мемлекет басшысын қолдауға шақырамыз! Біздің күшіміз бірлікте! – деді бізбен әңгіме барысында облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Аманкелді Дәулетжанов.

fa6e9b4d-fa34-4bfa-8681-7cc69b3d2aa4

Кеңес заманында әр мекеме-кәсіпорынның өз кәсіподақ ұйымы болды. Бүгінде ардагерлер мен орта жастағы отандастарымыз кәсіподақ ұйымдарын құқық қорғай­тын құрылым ретінде емес, туристік жолдамалар таратып, түрлі мәдени шараларды ұйымдастыратын құрылым ретінде еске алады. Қазіргі кәсіподақтарды кеңестік дәуірдің қалдығы деп есептейтіндер бұл ұйымды керексінбейді. Алайда кәсіподақ ұйымдарының өкілдері осы пікірге үзілді-кесілді қарсы. Олар нарықтық экономика жағдайында кәсіподақтардың қажеттілігі жоғары екенін алға тартады.

Кәсіподақтардың басты міндеті – еңбек адамының мүдделері мен құқықтарын қорғау. Әрбір салада осындай қоғамдық ұйым бар. Мысалы, шаруалардың құқығын қорғау және олардың проблемаларын шешуді ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жүзеге асырады. Бұл салада шешімі табылмаған сұрақтар да, күрмеуі күрделі мәселелер де баршылық.

Кәсіподақ – еңбеккерлердің тірегі

– Індеттің кесірінен халық абдырап, қорғансыз күйге түсті. Коронавирустан сақтанып өмір сүріп жүрген тұрғындар өздері жұмыс істейтін мекеме-кәсіпорынның тағдырына алаңдаулы. Қоғам еңбекшілердің құқығын қорғай алатын кәсіподақтарға қайта назар аудара бастады, – дейді Аманкелді Дәулетжанов.

Кәсіподақ төрағасының айтуынша, кәсіподақтардың тұрақты жұмысы мен дамуына кедергі келтіретін бірқатар кемшілік пен мәселелер бар көрінеді. Кезінде агроөнеркәсіптік кешенде кәсіподақ мүшелерінің саны әжептәуір азайды. Бұған ең алдымен колхоз-совхоздардың таратылуы себеп болды. Жаңадан құрылған шаруа қожалықтары қоғамдық ұйымдарға қосылуға асықпағандықтан, аймақтарда кәсіподақтар таратылды. Агроөнеркәсіптік бағыттағы бірқатар кәсіподақ ұйымдары өз саласынан тысқары бірлестіктерге ауысты. Олардың қатарында аудандық ветеринариялық стансалар және басқа да мекемелер бар. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы тынбай еңбектеніп, 2020 жылдан бастап өңіріміздегі ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді кәсіподақ қатарына қосты.

Аманкелді Медғатұлының сөзіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне (шаруа және фермерлік қожалықтарға, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге) кәсіподақ қызметінің бағыты, кәсіподақ ұйымына кіру шарттары көрсетілген ашық хат жолданған. Облыстық, аудандық газеттерге жарияланған үндеумен облыс көлеміндегі шаруа қожалықтары мүшелері жақсы таныс. Бүгінгі таңда облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының 2 мыңнан астам мүшесі бар. Соның ішінде өткен жылда «Белес-агро» ЖШС, «Аяз» ЖШС, «Фирма Приуралье»ЖШС, «Агросервис Батыс» ЖШС, «Хайрулин Н.К.» ШҚ, «Жұмалы» ШҚ сияқты 57 шаруа қожалығы кәсіподақ ұйымының қатарына қосылды. Осы бағыттағы жұмыстар бүгіндері де жалғасуда.

«Келісіп пішкен тон келте болмас»

Бүгінде кәсіподақ жұмысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің құқығы мен мүддесін қорғауға ғана емес, қолдауды жиі қажет ететін саланың өзекті мәселелері мен сұрақтарын талдап-сараптауға және шешуге бағытталған. Осы мақсатта мамандар аудандарды аралап, аудан және ауылдық округтердің әкімдерінің қатысуымен шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті. Осындай жиындарда облыстың оңтүстік аймақтарындағы судың жетіспеушілігі, агротехникалардың қымбаттауы, жанармай бағасының жылдан-жылға өсуі, шабындықтарды ақбөкендердің таптауы салдарынан мал азығының жетіспеушілігі сықылды ауыл еңбеккерлерінің соңғы жылдардағы күрделі мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Бұл мәселелерге байланысты кейде шаруа қожалықтарының басшылары жан баласына шағымданбай, жедел шешім қабылдағысы келеді, кейде ҚР Президентіне, Үкіметке тікелей  жүгінеді.

– Бұған қоса, алдағы онжылдықта климат өзгермек. Атап айтар болсақ, жылы мезгілдер артып, суық мезгілдер қысқарады. Цельсий бо­йынша 2 градусқа жаһандық жылынудан ең алдымен ауыл шаруашылығы зардап шегеді. Республикамыздың кейбір аймағындағы климаттың құбылуы салдарынан орын алған өзгерістерді де көріп жүрміз. Климаттық өзгерістер судың азаюына, өзендердің құрғауына, су қоймаларының жойылуына әкеліп соғуы мүмкін, – дейді Аманкелді  Дәулетжанов.

Қожалық басшыларының барлық уәжін ескерген облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы ағымдағы жылдың бесінші ақпанында бастама көтеріп, облыстың су ресурстары мәселелеріне байланысты семинар-кеңес өткізіп, нақты ұсыныстар әзірледі. Су­мен қамту мәселесін шешу жұмыстары облыс әкімдігімен бірге атқарылуда. Осыған орай жуырда ұйымдастырылған дөңгелек үстелде су қорын үнемдеу, облыс аумағын көгалдандыру және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыру жайында сөз қозғалды.

– Облыс аумағын көгалдандырғаннан кейін экологиялық мәселелер бірте-бірте шешіле бастайтын болады. Мемлекет басшысы Қазақстанды ауқымды түрде көгалдандыру жұмыстарын тиянақты жүргізуді тапсырды. Өңірімізде көгалдандыруға көп көңіл бөлінеді. Алайда бұл жұмыс облыстың барлық ауданы мен еңбек ұжымдарында ауқымды түрде жүргізілмейді. Ауылдық округтерде қажеттілігі жоғары жұмыс төмен деңгейде атқарылуда.

Өңірімізде сапалы көшет тапшы. Осыны ескерген кәсіподақ ұйымы көшет өсіруге арналған тұқымбақ (питомник) ұйымдастырды. Бес мыңнан астам сұңғақ (пирамидалық) терек пен 2 мыңнан астам қарағай көшеттері отырғызылды, – дейді Аманкелді Медхатұлы. Сонымен қатар кәсіподақтың ұйытқы болуымен жаз мезгілінде Озерный көлінің жағасында демалыс орталығы құрылды. Ол жерде кәсіподақ мүшелері, еңбек ұжымдары демалатын болады. Орталықта киіз үйлер, спорт алаңдары бар және жақсы демалу үшін барлық жағдай жасалған.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында  ауыл шаруашылығының 165 өкілі «Елеулі еңбегі үшін» агроөнеркәсіп саласының медалімен марапатталды және біраз еңбеккерлерге алғысхаттар мен құрмет грамоталары табысталды.

Кәсіподаққа неліктен және қалай кіру керек?

– Барлық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің ортақ мүдде жолында ұдайы ұйымшылдық танытып, өзекті мәселелерді бірге шешетін уақыты жетті. Мамандар кәсіподақ ұйымының қатарын толықтыруды жалғастыруда. Биылдың өзінде кәсіподаққа 30-дан астам шаруа қожалығы тіркелді. Бұл бағытта, әсіресе, Бөрлі, Шыңғырлау, Бәйтерек, Ақжайық және Қаратөбе аудандарындағы ауыл шаруашылығы өкілдері белсенділік танытты. Жергілікті атқарушы құрылымдардан қолдау күтеміз. Шаруалардың мүддесін қорғауды кәсіподақ ұйы­мына тапсыру арқылы біз өзімізді толғандырған мәселелерді тиімді шеше аламыз. Ата кәсіп саналатын агросаланың басшы-қосшыларын облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының қатарына қосылуға шақырамыз, – дейді Аманкелді Дәулетжанов.

Облыстық кәсіподақ ұйымына кіру үшін келісімшарт 2 данада толтырылады (келісімшарт беріледі). Төлем жылына бір рет шаруа қожалығынан  алынады.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының міндеттері:

 – Құқықтық және консультативтік көмек көрсету;

– Ұжымдық шарт жасасу және оның мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы арызбен сотқа жүгіну;

– Жеке дауларды қарау жөніндегі келісім комиссиясының құрамына қатысу;

– Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру;

– Үздік өндіріс қызметкерлерін марапаттарға (соның ішінде мемлекеттік марапаттарға) ұсыну;

– Демеуқаржы (субсидия) алуға өтініш беру арқылы көмек көрсету;

– Шаруа қожалықтарының мүшелерін, фермерлер мен табиғатты пайдаланушыларды облыстық медициналық мекемелерге бекіту;

– Жазғы уақытта кәсіподақ мүшелеріне сауықтыру-емдеу мекемелеріне, шипажайларға тегін жолдама беру;

– Агротауар өндірушілердің мәселелерін шешуге жәрдемдесу, олардың жоба-жоспарларын құзіретті құрылымдарға, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеткізу, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттарына өтінішхат  жолдау.

 Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале