4.07.2023, 16:30
Оқылды: 81

Еңбекпен өрілген өнегелі өмір

 

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жібектей сусыған өмірде кейде жаныңда жүрген жайдары жандардың игі істерін де елемей жататынымыз рас. Өнегелі адамдарды ардақтап, олардың қабілеті мен дарынын ұрпаққа үлгі ететін  халқымыз «Жаныңда жүр жақсы адам» деп көкірегі ояу, рухы биік, жүрегі таза тұлғаларды қашанда қолдап, мерейін арттырып отырады. Осындай жаны жайсаң, көңілі ашық, білім саласында аянбай еңбек етіп, ерекше сымбатымен, бі-лімімен өз мәртебесін биіктетіп жүрген, ортасына сыйлы, мейірімді де қайырымды жан – Майдан Қабатаұлы Бралиев, міне, 80 жастың сеңгіріне көтеріліп отыр. Майдан Қабатаұлының 80 жылдық ғұмырнамасы – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрылғанына 60 жыл толу мерейтойымен тұспа-тұс келіп  отыр. 

  Бралиев Майдан Кабатаулы 001

Майдан Қабатаұлы 1943 жылы 10 шілдеде Фурманов ауданының Фурманов ауылында өмірге келген. 1961 жылы Саратов қаласындағы М. Калинин  атындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру институтына түсіп, 1969 жылы тəмамдаған. Мамандығы – инженер-механик. 1963-1966 жылдары Германияда əскери қызметін атқарған.

1969-1971 жылдары Фурманов ауданының Фурманов совхозында бас инженер жəне «Орал агрореммаш» жөндеу зауытында инженер-контролер болып жұмыс істеген. Одан әрі 1971 жылы қыркүйек айында Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының мал шаруашылығын механикаландыру кафедрасында ассистент лауазымында ғылыми-педагогикалық қызметін  бастайды.

1977-1980 жылдары Беларуссияның Минск қаласындағы ЦНИИМЭСХ аспирантурасында оқыған. 1993 жылы Қазақстан Республикасының ЖАК шешімімен доцент ғылыми атағы (ауыл шаруашылығын механикаландыру жəне электрлендіру мамандығы бойынша), ал 1997 жылы университет ғылыми кеңесінің шешімімен профессор академиялық дəрежесі берілген. 1997 жылы университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен жаңадан құрылған машиналарға техникалық қызмет көрсету кафедрасының  меңгерушісі жəне  профессоры болып тағайындалады.

1980-1997 жылдары Батыс Қазақстан АШИ мал шаруашылығын механикаландыру  кафедрасының аға оқытушысы, доценті және профессоры болып қызмет істеді. Осы жылдары Майдан Бралиев тікбұрышты пішінді бума ұсақтағыштың параметрлерін зерттеумен және анықтаумен, шоғырланған жем-шөптің жегу таратқышының технологиялық параметрлерін құрумен және негіздеумен айналысты. Бұл жұмыстардың нәтижелері ауторлық куәлік түрінде рәсімделіп, оқу құралдарында көрініс тапты әрі мал шаруашылығын механикаландыру курсын оқытуда оқу үдерісінде пайдаланылды.

2003 жылы М. Бралиев мұнай және газ факультетінің деканы болса, ал 2005 жылдан 2006 жылға дейін Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жаңадан ұйымдастырылған машина жасау факультетінің бірінші деканы болып тағайындалды. М. Бралиев әріптестерімен осы кезеңде машина жасау және мұнай мамандықтары бойынша оқу бағдарламалары мен жоспарларын әзірлеу және құру, Уфа мұнай мемлекеттік техникалық университетінде және Саратов мемлекеттік техникалық университетінде кадрларды іріктеу және оқыту, осы мамандықтар бойынша жаңа зертханалар құру және жабдықтау бойынша көптеген жұмыс  атқарды.

2006 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін М. Бралиев Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың әкімшілік-шаруашылық бөлімінің проректоры болып тағайындалып, 2009 жылдың тамызына дейін осы қызметте жұмыс істеді. Сонымен  бірге машина жасау факультетінің мұнай-газ ісі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Осы жылдар ішінде апатты жағдайда келген университеттің инженерлік желілері-нің мүмкіндіктері қалпына келтірілді және кеңейтілді: сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау және кәріз, үш автономды газ қазандығы салынып, пайдалануға берілді. Апатты жағдайда тұрған университеттің жертөлелері мен техникалық үй-жайлары қалпына келтіріліп, оның басшылығымен университеттің инфрақұрылымы айтарлықтай өзгерді: машина жасау факультетінің оқу корпусы, әкімшілік корпусының ғимараты, профессор-оқытушылар құрамы мен  университет қызметкерлеріне арналған 72 пәтерлі тұрғын үй, автономды қазандықтар корпусы салынып,  пайдалануға берілді, университет аумағы абаттандырылды.

2009 жылдан 2018 жылға дейін М. Бралиев кафедра меңгерушісі болып істеді.  Ол  алдымен «Механикаландырылған технологиялар және жерге орналастыру», содан кейін «Ауыл шаруашылығын механикаландыру технологиялары мен құралдары» деп аталды.  Кейінірек  «Машиналарды пайдалану және аграрлық технологиялар» болып өзгертілді. Осы жылдары М. Бралиев әріптестерімен бірге шоғырланған тамыр-түйнек дақылдарының ұсақтағыш-араластырғыштарының параметрлерін зерттеумен және негіздеумен, сондай-ақ бонитирлеу жұмыстарын жүргізу, жасанды ұрықтандыру және тұқым алу үшін ұсақ малға арналған мойын бекіткіші бар қондырғылардың технологиялық және конструктивтік параметрлерін зерттеумен айналысты. Эксперименттік  қондырғылар екі патентті іске асыру негізінде Орал механикалық зауытында дайындалып, БҚО фермерлік шаруашылықтарына енгізілді. Зерттеу нәтижелері Ресей мен Беларуссиядағы әріптестерімен

бірге шығарылған Мал шаруашылығын техникалық қамтамасыз ету оқулығына енгізілді. Бұл – агроинженерия және аграрлық техника және бакалавриат пен магистратура технологиясы мамандығы бойынша негізгі оқулық болып табылады. Осы кезеңде кафедраның жас оқытушылары М. Бралиевтің қолдауымен Мәскеу, Саратов, Волгоград, Тамбовтың және Мичуринскінің (А. Сәрсенов, К. Окас, С. Хайруллина, А.  Омаров, Б. Есмагулова, Ж. Туртбаева, Н.  Үмбетқалиев, Ж. Тасанова және т. б.) жетекші жоғары оқу орындарына оқуға жіберілді. Олар университеттің жоғары мектептерінде жемісті  жұмыс  істейді.

«Майдан Қабатаұлы күш-жігері мықты, қатты талап қоя білетін, өзіндік мектебін қалыптастырған, білікті, мақтан тұтатын ұстазымыз, үлкен ғалым адам. «Адамның адамшылығы – жақсы  ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Ұстазымның алдына қойған мақсаты айқын, ісіне сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен қарайтын, бойынан байқағыштық, төзімділік, өз ісіне деген ерекше ілтипат пен мықты сенімділік төгіліп тұрады. Ұстаздық етіп, жалықпай көмек көрсеткен Майдан Қабатаұлы ұстазыма алғысым шексіз! – деп  шәкірті, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ұстазы, техника ғылымдарының кандидаты Оқас Қажымұлы ақжарма тілегін білдіреді.

«Майдан Қабатаұлы бакалавр кезінен ұстазым, магистратурада ғылыми жетекшім болды. Барлық топ үшін ең есте қалатын, студенттерге бар ықыласымен білгенін жеткізуге дайын тұратын өнегелі ұстаз. Тек қана білім беріп қоймай және тәрбие мен адамгершілік қасиеттерге баулитын ұстаз. Майдан Қабатаұлы – өте еңбекқор, талапшыл, көздеген мақсатына үнемі жетуге тырысатын, жоспар бойынша жүретін тұлға. «Бүгін бітіретін жұмысыңды ертеңге қалдырма» деп ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын. Бір ғажап қасиеті – шәкірттерін бөлмейді, тең көреді. Әрқайсысымен әртүрлі дайындық жасайды. Ұстазым салған сара жол мені тура жолдан ешқашан адастырған емес. Сабақ барысында айтқан әңгімелерін, үйреткендерін қазір өз шәкірттеріме мақтанып айтып отырамын. Майдан Қабатаұлыдай қазыналы ұстаз болу – кез келген шәкірт арманы. Ал алдынан сабақ алып, шәкірті атанудың өзі – үлкен бақыт. Көпті көрген дана халқымыздың: «Шәкірт жеңісі – ұстаз  жемісі»   деп айтуы бекер емес дегім келеді.  Ардақты ұстазым мерейлі 80 жасқа аяқ басты. Майдан Қабатаұлы сізге зор денсаулық, еңбегіңізге таусылмас табыстар, отбасыңызға бақ-береке тілеймін! Мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын!» деп тілек білдіреді шәкірті әрі әріптесі, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың магистр, оқытушысы Дана Арманқызы.

Майдан ағамыз – 223-тен астам ғылыми еңбектің ауторы, оның ішінде отандық басылымдарда – 66, соның ішінде КОКСОН мақалалары – 17, шетел басылымдарында – 15, халықаралық конференция  материалдарында – 53 еңбегі жарық көрген. 65 оқулықтар мен оқу құралдарының, сонымен қатар 10 патент пен авторлық куәліктердің  авторы.

«Біздің буынды өмір еркелетпеді, ерте есейдік. Мен дүниеге келерден екі ай бұрын әкем соғысқа аттанды, Курск маңындағы жойқын шайқаста мерт болса керек, із-түзсіз жоғалып кетті деген қағаз келді. Анам Қырмызы ісмер, тігінші болатын, колхозда ер адамдардай еңбек етіп, қиыншылықтарға мойымай, апам екеумізді адам қатарына қосты, білім берді, тәрбиеледі» деп емірене еске алады кейіпкеріміз.

«Ұстараның өткір болмағы қайрағынан» деп тегін айтылмаса керек. Анасы Қырмызы  ақылдың  азбайтынын, білімнің тозбайтынын, өнер қуып, ғылым жолына түскеннің қол жетпесі жоқтығын ұлы Майданға ұғындыра білген. Қазақ «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп өмір кешеді. Талай қиын сәттерді бастан өткерген. Адалдық пен іскерлік, ақыл мен парасат өміріне серік болған жан. Майдан Қабатаұлының еңбекқорлығы, табандылығы, қайсарлығы, берік азаматтық ұстанымы, қай істі қолға алса да, адамдық пен адалдықты бәрінен биік қоя білген парасаттылығы қасында жүрген жандар үшін ғұмыр бойы жойылмайтын үлкен мектеп болды. Майдан Қабатаұлы туралы жылы ілтипат айту – мен үшін үлкен мақтаныш.

Адам өзін бақытты сезіну үшін үш нәрсе болу керек: бірінші – жаныңа ұнайтын, қуаныш әкелетін, сүйікті, күнделікті еңбегің, екінші – сені әрдайым түсіне білетін, сыйлайтын, құрметтейтін өмірлік жарың, үшінші – қуанышың мен қиындығыңды түсіне, бөлісе  білетін, сырыңды ұғатын сенімді достарың. Майдан Қабатаұлында осы үш ұлы нәрсенің бәрі де бар. Майдан Қабатаұлы – өз тұғырын өзі тұрғызған, өз тұлғасын өзі сомдаған азамат. Зейнеткерлік демалысқа шықса да, жұмыстан қалмай, жоғары білімді мамандар даярлауға өз үлесін қосып келеді.

М. Бралиевтің ғалым, ұлағатты ұстаз, тәлімгер болып қалыптасуына негіз болған – оның адами болмысы, адамгершілік  қасиеттері. Талантына  қоса зеректігі, ұқыптылығы, парасаттылығы, зиялылығы. Ойға мырза, іске ұста, жаны жайсаң, болмысы жарқын азамат. Әр мәселеге өзінің алғыр ойымен және шығармашылық көзқараспен  қарайтын, заман талабын, уақыт өлшемін түсіне білетін жан.

Өмір – тау жолындай бұлтарысы, бұралаң асуы көп қиын жол. Сол жолды абыроймен, ақыл-парасаттылықпен, адамгершілікпен, табанды еңбекпен жүріп келе жатқан Майдан Қабатаұлы бүгінгі 80-ге толған жасында өмірлік жары Сәулемен 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, жиендер сүйіп, ғибратты ғұмыр кешуде.   Өзінің жан  жары, өмірлік қосағы Сәуле апайымызбен өмірдің ащы, тұщысын бірге татып, саналы ғұмыр кешіп келе жатқандығына ел куә, артындағы жеткіншек ұрпақ куә. Майдан ағамыз секілді ортамызда жүрген қазыналы қария, абыз ақсақалдарымыздың өмір жасы ұзақ болғай.

Алла тағаланың бір адамға берген бақыт-сыйы осындай болсын дей отырып, қадірлі Майдан Қабатаұлының мерейлі 80 жасы құтты болып, отбасына береке-бірлік, зор денсаулық, баянды өмір жалғастығын тілеймін! Жасаған ием бойыңызға қуат, жаныңызға  шуақ  сыйласын!

Қазыбай  Бозымов,

 Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан

аграрлық-техникалық университетінің құрметті ректоры,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале