Батыс Қазақстан облысы, Сырым аудандық білім беру саласы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы соңғы екі жылда еңбек адамдарының құқығы үшін сотқа дейін барып, жігерлі де батыл қадамдарымен кәсіподақ мүшелерінің сот процесінде жеңіске жетуіне себепші болған еңбек ұжымы.
Бүгінгі таңда аудандық білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының құрамында 25 бастауыш кәсіподақ ұйымы мен 1421 кәсіподақ мүшесі бар.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың ІІ жартыжылдығында облыс бойынша 3 іс кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтарын қорғау мақсатында сотқа жіберілген болатын. Еңбек қатынастарының бұзылғандығы жөнінде тіркелген аталмыш істер Сырым ауданы бойынша еді. Облыстық және аудандық кәсіподақ ұйымдарының табанды жұмыстарының нәтижесінде сотта қаралған істер қанағаттандырылып, 1 млн. 818 мың теңге үш мұғалімге өндірілді. Дәл сондай құқықбұзушылықтар Сырым ауданы, Бұлан ауылындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі И.Нұрғалиеваның жағдайында да қайталанды. Біліктілік деңгейіне қатысты айлықақысының төленуі жөніндегі жолданған өтініші бойынша ісі сотта қаралып, аудандық бастауыш кәсіподақ ұйымы облыстық білім саласы кәсіподағымен бірлесіп, әріптестік тараптармен жасасқан сауатты дипломатиялық қарым-қатынасының нәтижесінде аталмыш іс сотта жеңіске жетіп, арыз иесіне 247 000 теңге өндірілді.
Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ләззат Тапаева – ҚР Еңбек Кодексінің 182-бабының 2 тармағының 17) тармақшасы және «Білім туралы» Заңының 53-бабының 2 тармағының 2) тармақшасы негізінде жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша белгіленетін мөлшерде бюджет қаражаты есебінен біржолғы ақшалай өтемақы тағайындалу,
Педагогикалық білім қызметкерлерін тегін міндетті медициналық тексеруден өткізу, ауылдық жерде тұратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне отынға және коммуналдық қызмет шығындарының өтемақыларын міндетті тағайындалуына қолжеткізу мәселелеріне үн қосып, еңбек адамының құқықтары үшін белсенді жұмыстар атқарып жүрген кәсіподақ жетекшісі.
Сонымен қатар, еңбек ұжымында тұрақты түрде әлеуметтік, экономикалық, құқықтық бағыттарда жоспарлы іс-шаралар өткізіліп келеді.
"БҚО Кәсіподақтар орталығы" АКБ