Жуырда месенджеріме қолдан трактор жасаған жігіт жөніндегі бейнежазба келді. Осы кезге дейін қолда бар қосалқы бөлшектен жасалған талай тракторды көргенбіз, бірақ жаңа бейнежазбадағы техниканың тұрқы бөлек. Бір қарағанда, «Т-40» тракторына ұқсағанымен, бейнекөріністі жақындата түскенде «Беларус-80» секілді көрінді. Бірақ аталған агрегаттардың өзіне ғана тән дыбысы болады ғой. Ал мынаның арылдаған дауысы жоқ. Шөп тиеуге арналған құрылғысымен бір бума жүкті оңай көтеріп тұр. Бір уақытта бейнежазба түсіруші трактордың артын көрсетті. Жүрісін жұмсартып, шопырдың белін ауыртпас үшін салынған амортизаторлары тіптен таңғалдырды. Шыны керек, еліміздің басқа өңірінің шеберлері жасаған құрылғы болар деп алғашында бейнежазбаны соңына дейін қарамай тоқтатып тастадым. Біраз уақыттан соң әлеуметтік желі арқылы жаңағы бейнежазба тағы келді. Онымен бірге «Шыңғырлаулық жігіттің жасағаны» деген пікір қоса жүр. Сөйтіп, әлгі жерлес Кулибинді* іздей бастадым. Ортақ таныстарым оның Шыңғырлау ауданына қарасты қазіргі Ақтау ауылының тумасы екенін айтты. Содан Берік атты трактор құрастырушы қазір Теректінің Ақсуат ауылында тұратынын білдім.
Көп ұзамай құрастырушымен кездесудің де сәті түсті. Оның айтуынша, ауылдық конструктор бала күнінен техникаға әуес болған Берік Молдағалиев ауылдас ағайы Аманжан Ысқақов деген кісінің аэрошана құрастырып шығарғанын көрген соң, техника құрастыруға әуестенеді.
– Аманжан ағамыздың қолынан шыққан техниканы көрген кезде мен де есейгенде дәл осылай істеп, елге пайдасын тигізер жан боламын деген ой келді. Содан «Техника молодежи» деген журналды жаздырып ала бастадым, – дейді ауыл шебері. Ұлының техникаға, жаңа нәрсе құрастыруға деген талпынысын байқаған Берік Молдағалиевтің әкесі Меңдіғали қария баласына барынша қолдау көрсетіп, әр бастамасына ақ батасын беріп отырған. Осындай күндердің бірінде Берік «Техника құрастыру үшін білім алу керек» деген ойға келіп, қазіргі Бөрлі колледжіне оқуға түседі. Төрт жыл техник-электрик мамандығына оқыған кейіпкеріміз бала арманын орындап, өз қолымен бірнеше трактор және оған қажетті агрегат құрастырған.
– Осы күні ел танып, көп адам келіп ақыл-кеңес сұрайды. Мен жасаған бірнеше техника облыс аудандарында жұмысқа жегілген. Осындай дәрежеге жеткізген, ең алдымен, әкем және өзім оқыған техникумдағы ұстаздар. Трактор құрастыруды қолға алғанда, алдымен арнайы қалың профильді тұрба тауып, жақтауын жасадым. Кейін Аманжол атты ауылдасым «ГАЗ-53» көлігінің артқы осін сыйлады. Оны өзімде болған «ЗИЛ» көлігінің беріліс қорабына (коробка передач) жалғадым. Осылайша үлкен жұмыс басталды, – деді ерекше ауыл шаруашылығы техникасының иесі Берік Молдағалиев.
Шебер тракторының басқа көлікке қарағанда үнемді әрі ұшқыр болғанын қалапты. Сол себепті ел ішінде «Жигули» аталып кеткен жеңіл көліктің моторын салған. Содан «НИВА» көлігінің цапкалерін салып көргенімен, ол ыңғайға келмепті. Өйткені артқы белдеменің (мост) күшімен ғана жүк тасу қиын болған. Оның үстіне трактор болған соң оның анау-мынау жолды талғамағаны да жақсы. Енді қайтсем деп жүргенде нағашысының трактор құрастырып жатқанын естіген ауылдағы жиені хабарласып, УАЗ-дың алдыңғы осін тауып беріпті. Ойламаған жерден олжалы болған Берік шебер осыған дейін жасаған шөп шабу құрылғысынан қалған «Москвич» көлігінің карданын алып, «ГАЗ-53» пен «УАЗ-дың» остерін біріктірген. Шебердің айтуынша, жұмыстың ең қиын тұсы да осы жерде басталған. Екі түрлі көліктің остерін бір-біріне келтіріп, арнайы жұлдызша арқылы жалғау керек болыпты. Ал Берік Меңдіғалиұлына қажетті жұлдызшаны біздің өңірде ешкім жасамайды екен. Ұзақ іздеп, өзіне қажетті жабдықты Қостанай қаласынан тапқан.
– Тракторым қолдан жасалды дегенмен, барлық жабдығы қолжетімді. Бір бөлшегі істен шыққан күннің өзінде аутодүкеннен сатып алуға болады. Жүргізушіге оңай болсын деп рөл, яғни басқару құрылғысын толығымен жаңа үлгідегі «Беларус-80» тракторынан алдым. Гидравлика болғандықтан рөлді бұру жеңіл, – дейді шебер.
Бастан-аяқ құрастырмалы көлік болған соң бірден көңілдегідей жасап кетпейтіні анық. Алғашында жаңа трактордың суы қайнап кете беретін болыпты. Құрастырушының сөзінше, оның себебі радиаторы «Жигулидікінің» көлемінде болған.
– Басында-ақ жеңіл көліктің радиаторы қиындық туғызады деген қорқыныш болған еді. Сол күдігім айдай келді. Тракторым қызып кетіп, толыққанды жұмыс істеу мүмкін болмады. Қандай радиатор қоятынымды білмей жүргенде ауылдағы досым хабарласып, шетелдік көліктің үлкен су жинау құрылғысын берді. Оны да келтіріп салдым. Қазір трактор ойдағыдай істеп тұр, – дейді Берік шебер.
Барлығын дайындап, жаңа тракторы іске қосылған соң ауылдық конструктор оны қосымша жүк тиеу құрылғысымен толықтыруды қолға алған. Оған қажет түрлі құралды алып, ойын іске асыру қиын болмапты. Қазір ол бастан-аяқ өзі жасап алған тракторымен ауылдастарына көмек көрсетіп, қосымша табыс та тауып жүр. Шыны керек, осы кезге дейін қолдан құрастырылған біраз тракторды көрдік. Бірақ ешқайсысында жүрісті жұмсартар құрылғы болмады.
– Өзім де талай трактор тізгіндеп рульде болған соң «Менің көлігіме отырған адам ешқандай ыңғайсыздық сезінбеу керек» деген ойда болдым. Оның үстіне артқы ось те, алдыңғы ось те қатты.
Жүріс кезінде соғады. Соны жою үшін «Жигулидің» жұмсартқыш серіппесін алып, кәбен (кабина) мен қаңқа (рама) арасына орнаттым. Ол өз кезегінде кәбендегі тарсылды жойып, трактор жүрісін жұмсартты, – дейді кейіпкеріміз.
Шынын айту керек, жаңа трактордың құны осы күні 14-15 миллион теңге шамасында. Ал Берік Молдағалиев жасаған агрегатқа 4 миллионға жуық ақша кеткен. Шебер трактор құрастырып жатқанын естіген адамдар қолдарында бар жарамды қосалқы бөлшектерді сыйлай салған кездер де болыпты. Сондай жомарт жандарға кейіпкеріміз ерекше алғысын білдіреді. Бұл трактор – Беріктің қолынан шыққан алғашқы техника емес. Осыған дейін ауыл шаруашылығына қажет жеті техника құрастырып шығарған.
Оған шөп шабу құрылғылары мен тіркемелерді де қосуға болады. Оның қолынан шыққан шағын тракторларды Бөрлі ауданындағы шаруалар әлі күнге дейін пайдаланып жүрген көрінеді.
–Біраз жыл бұрын жасаған агрегаттарым әлі де жарамды. Ақсай жағында тұратын туыстарым пайдаланып жүр. Ал соңғы тракторымды өзім үшін жасадым. Сатып, пайда көруге де болады. Бірақ мен үшін ыстық. Сол себепті күш-қуатым барда тракторыммен шөп шауып, қысты күні қар аршып, ел-жұртқа пайдамды тигізгім келеді, – дейді Бекең. Берік Молдағалиевтің ауласында тағы бір шағын трактор тұр. Осыдан алты жыл бұрын оны да құрастырып шығарыпты. Оған тіркелген бір орақты шөп шабу құрылғысы да – Беріктің төлтумасы. Осы күні өзі жасаған екі трактордың бірімен шөп шапса, екіншісімен оны тасып, үйіп алады. Шөп таситын тіркеме де қолда бар темір-терсектен жасалған.
– Жаңа тракторым 4-5 тонна жүкті қиналмай сүйрейді. Ауыр жүкті тасыған кезде өте қажет төрт төмендетілген және жолда көлік легіне ілесу үшін пайдаланатынжоғары жылдамдыққа арналған төрт жылдамдық ауыстырғышы бар. Таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істеген кезде 30 литр бензин жұмсайды, – дейді кейіпкеріміз.
Жаңа трактордың тағы бір жақсы қыры – қысты күні де тоқтамайды. «Жигулидің» моторы болғандықтан астын қыздырып жіберіп, стартермен тұтатып алып жүре бересің. Оның үстіне кабинасы да жылыту құрылғысымен толық жабдықталған. Осы күні құр темірден құралған кәбенді арнайы жылы төсемелермен қаптап, трактор сыртын бояуды жоспарлап жүр шебер. Теректілік шебер өз туындысын заңдастырмақ ниетте. Алайда өңірдегі ұлттық сараптама орталығы тракторға қажет құжатын бермепті.
– Трактордың толық техникалық сараптамасы мен бастан-аяқ қандай детальдарды пайдаланғанымды бірнеше бетке жазып қойдым. Қай болтты қайда бұрағаныма дейін жазылуы керек. Осы шаруаны ойдағыдай тындырсам, тракторымды заңды түрде техника деп сипаттауға болады, – дейді Б.Молдағалиев.
Бүгінде Берік шебер зайыбы Зоя екеуі ауыл маңында шөп шауып, иелігіндегі азыншоғын малына азық жинап алған. Қолы босаған кезде айналадағы көрші-қолаңға көмектесіп тұрады. Ауыл конструкторы трактормен тоқталып қалғысы келмейді.
«Болдым-толдым» дегенді де ұнатпайтын ол «Болашақта дельтаплан құрастырып, көк жүзінде самғасам» дейді. Бұл арманын іске асыру мақсатында қосымша білім алып, ұшу құрылғысын құрастырудың қыр-сырын меңгеруде.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz
Кулибин* Иван Петрович – 1735-1818 жылдар аралығында өмір сүрген механик-өнертапқыш.