4.11.2025, 17:00
Оқылды: 241

«Енді көркем әдебиетке көбірек көңіл бөлмек ниеттемін»

Осыдан біразырақ күн бұрын Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллинмен «Әдебиетке адал жүрек» атты кездесу өтті.

06685ba9-be12-4590-93fa-ed860ef0287e

Кездесуде  алдымен  сөз  алған  облыстық  мәдениет,  тілдерді  дамыту  және  архив  ісі  басқармасы  басшысының  орынбасары  Медхат  Қамбетов  қаламгердің  ел  руханияты  мен  мәдениетіне  қосқан  сүбелі  үлесін  айрықша  атап  өтіп,  алғысхат  пен  естелік  сыйлық табыстады.

Кеш барысында  жазушы журналист  Бауыржан  Файзоллаұлының  балалық  шағы,  туған  жері,  шығармашылық  бастауы,  әдебиет  пен  журналистикадағы  алғашқы  қадамдары  жайлы әңгіме  өрбіді.  Қаламгер  өзінің  өмірлік  жолына  ықпал  еткен  ұстаздары  мен  отбасы  жайында тебірене әңгімеледі.  Бүгінде  балалар әдебиетінен  басталған  жазушының  шығармалары –  ұлттық  рухты  оятатын,  замана  болмысын  бейнелейтін  терең  туындылар.  Кездесу  барысында  қаламгер журналистика  мен  жазушылықтың  ерекшеліктеріне тоқталып,  екі  саланың  да өзіндік  жауапкершілігі  мен мән-маңызын  атап  өтті.

–  Журналистика  мен  жазушылықтың  екеуі  де  жаныма  жақын.  «Журналист  бол»  деп  ешкім  желкемнен  түйген  жоқ.  Сондықтан  оны өгейсіте  алмаймын.  Жазушылықты  да  кеудесінен итере  алмаймын.  Ол  да  өзімнің  таңдап  алған  әлемім.  Сондықтан  бұл  сұраққа  құстың  қос  қанатындай  деген  теңеу  дұрыс  шығар.  Бірақ  шығармашылық  тұрғыдан  ең  аяулы  жылдарымды  журналистика  жұтып  жатқаны  рас. Өткенде  бір  кездесуде  «Енді  мен  прозаик  ретінде  жазу  үстеліне  өз-өзімді  шегелеуім  керек» деп  едім,  журналистика  саласында,  публицистика  жанрында  біраз  дүние  жазылды.  Енді  көркем  әдебиетке,  әсіресе проза  жанрына  көбірек  көңіл  бөлмек ниеттемін, – деді еркін  сипатта  өткен  кездесуде  сұрақтарға  жауап  берген  Бауыржан  Файзоллаұлы.

Шара  барысында  жазушының  шығармаларын  жастардың  да  зер  сала  оқып,  ой  түйіп  жүргенінің  куәсі  болдық.    М. Өтемісов  атындағы  БҚУ  студенттері  Ернар  Жақыпов  пен    Жаннұр Сәлімова  қаламгердің  «Биленбеген  вальс»,  «Жаныма  жақын  жағалау»  атты  кітаптарынан  алған  әсерлерімен  бөлісіп,  туындыларға  талдау  жасады.

Жазушымен  жүздесуде  А.  Байтұрсынов  атындағы  №10  мектептің  4-сынып  оқушылары  қаламгердің  балаларға  арналған  өлеңдерін  жатқа  оқып,  әдеби-мәдени  шараға  жиналған  қауымның  ықыласына  бөленді.  Бұл  – қаламгер  шығармаларының  жас  буынға  да  жақын  екенін  айғақтай  түсті.

Кездесу  кешінде  жазушы  жастарға  өз  ақыл-кеңесін  айтып,  шабыттың  көзі  мен  шығармашылық  жауапкершілік  жайында  ой  қозғады.  «Журналист  боламын,  жазушы  боламын  деген  жасқа  ең  әуелі  ұлтқа,  адамға  деген  жанашырлық  жүректе  болуы  тиіс»,  – деді  ол.

1cb99af4-93ab-4eb3-8afe-16b485e9bd46

Рухани  шара  соңында  қаламгер  жуырда  жарық  көрген «Намыс найзағайы»  атты    жаңа  кітабын  оқырман  қауымға  таныстырып,  өз  қолтаңбасымен  кітапханаға  сыйға  тартты.

 

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале