25.02.2020, 14:01
Оқылды: 66

Енді мұғалімдер кәсіптік міндетіне кірмейтін жұмыстардан, ретсіз тексерулерден арылатын болды

Дәптер тексергені үшін және сынып жетекшілікке 2 еселенген қосымша төлем қарастырылып отыр. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар педагогтарға айлық есептік көрсеткіштің кемінде 300 еселенген мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы. Бұл жайлы бүгін БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Сәрсенғалиева баяндады. Ол жаңа заңдағы педагогтардың құқықтары, міндеттері, материалдық ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер мен шектеулер туралы айтып берді.

brifing (6)

Брифинг «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттары. Қазақстан Республикасы «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануының өзектілігі» тақырыбымен өтті.
Гүлнәр Ақмырзақызының айтуынша, Заң бойынша енді педагогтарды кəсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде кəсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, заңнамада көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етуге, көзделмеген тексерулер жүргізуге жол берілмейді. Жоғарыда аталғандар орын алса ӘҚБТК 409-бабы бойынша кінәлі тұлға ескерту түрінде жауапкершілікке тартылады. Әрекеттер бір жыл ішінде қайта орын алған кезде 20-дан 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Педагогтардың құқықтары да қарастырылған. Мәселен, ӘҚБТК 409-бабының 7-6-тармағында «Педагогке өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде былапыт сөйлеуден, лайықсыз мінез-құлықтан, мазақ қылудан, әбес қылықтар (белгілер), заттар көрсетуден көрінген, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы құрметсіздік танытқан жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ал осы әрекеттерді 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған кезде – ата-анаға немесе оларды алмастыратын адамдарға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
– Заңның негізгі бөліктерінің бірі – материалдық ынталандыру. Орта мектептің мұғаліміне негізгі жұмыс орны бойынша ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дəрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы белгіленген. Жергілікті атқарушы органдар педагогтерге айлық есептік көрсеткіштің кемінде 300 еселенген мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы. Дәптер тексергені үшін және сынып жетекшілікке 2 еселенген қосымша төлем қарастырылып отыр. Сонымен қатар Заңда педагогтің көтермеленуге құқығы қарастырылған. Атап айтқанда, адал еңбегі жəне өзінің кəсіптік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін педагогке Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ ұйымның ішкі тəртіп қағидаларында көзделген көтермелеулер қолданылады. Педагогтің аса үздік жетістіктері жəне Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін оған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. Осы атаққа ие болған педагог айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады. Ендігі жерде халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың жəне спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы алады. Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен «Үздік педагог» атағын иеленушіге ҚР Үкіметі айқындайтын мөлшерде жəне тəртіппен сыйақы төленеді.

brifing (1)
Орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметіне алғаш рет кіріскен жас маманға тəлімгерлікті жүзеге асырғаны үшін педагогке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен 17 мың теңге қосымша ақы төлеу қарастырылған.
Әлеуметтік кепілдіктерге келсек, ұзақтығы күнтізбелік 56 күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына; педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан орындарды жергілікті атқарушы органдар бірінші кезектегі тәртіппен береді, сонымен қатар бұрын болған әлеуметтік кепілдіктер де қалды, – деді Г.Сәрсенғалиева.
Заң бойынша педагогтің міндеттері де нақтыланған. Педагог өз қызметінде тиісті кəсіптік құзыреттерді меңгеруге; оқыту мен тəрбиелеудің сапасын мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында көзделген талаптардан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге; педагогтік əдепті сақтауға; білім алушылардың, тəрбиеленушілердің жəне олардың ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге; білім алушылар мен тəрбиеленушілердің өмірлік дағдыларын, құзыреттерін, өздігінен жұмыс істеуін, шығармашылық қабілеттерін дамытуға; білім беру ұйымының басшылығына өмірлік қиын жағдайда жүрген баланың анықталу фактілері туралы дереу хабарлауға; құқық қорғау органдарына жəне білім беру ұйымының басшылығына қылмыстық не əкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар əрекеттерді (əрекетсіздікті) кəмелетке толмағандардың жасау немесе оларға қатысты жасалу, оның ішінде білім беру ұйымынан тыс жерде кəсіптік қызметіне байланысты өзіне белгілі болған фактілер туралы дереу хабарлауға міндетті.
Заңда, сондай-ақ, Педагогтік əдеп жөніндегі кеңестің қызметі, педагогті кәсіптік даярлау, педагогтің біліктілігін арттыру мәселелері қарастырылған. Яғни білім беру ұйымдарында Әдеп жөніндегі кеңес құрылып, педагогикалық әдепке қатысты мәселелер сол кеңеспен қаралады. Мұғалім барлық өзіне қатысты тиісті құжаттармен танысуға, шешіммен келіспесе шағымдануға құқығы бар. Педагогикалық әдеп қағидалары бұрынан бар екенін білеміз. Егерді сол қағидаларды бұзу әкімшілік жауапкершілікке апаратын болса, қазір ол Еңбек кодексінің шеңберінде тәртіптік жауапкершілікке жатқызылады. Әдеп жөніндегі кеңес ережесі дайындалуда. Бұдан әрі Гүлнәр Ақмырзақызы Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бағыттарын сөз етіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Айнагүл Серікқызы,
zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале