Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг соңында БҚО әкімі Ғали Есқалиев журналистердің сұрағына жауап берді.
«Неге кз» сайтының тілшісі Айдана Тілеуғабыл:
-Казталов - Жәнібек тас жолын жөндеу 2021 жылы аяқталады дегенсіз. Ол үшін бюджеттен 10 млрд теңге қаржы бөлінді. Осынша қаржы бөлінген жол құрылысы неге тоқтап қалды?
БҚО әкімі Ғали Есқалиев:
-Иә, расымен жолдың құрылысы 2021 жылдың соңында аяқталуы керек еді. Бірақ 2020 жылы бөлінген қаржы пандемия басталуына байланысты бюджетке қайтарылды. Өздеріңіз білесіздер, пандемиямен күреске өте көп қаржы жұмсалды. 2020 жылдың көктемінде бөлінген 8 млрд.-тай қаржы бюджетке кері қайтарылды. Екіншіден, сол жолда жұмыс жасап жүрген кейбір мердігерлер жаупсыз болып шықты. Құрылыстың ұзауына ол да әсер етті. "ҚазАвтоЖол" мекемесі ол мердігермен келісімшартты үзді. Биыл бюджеттен 15 млрд. теңге қаржы бөлдік. "ҚазАвтоЖол" мекемесі биыл 174 шақырым жолды тапсырамыз деп отыр. Кешегі көктемдегідей халық балшыққа батпауы керек. Жол құрылысы басты назарда тұр.
zhaikpress.kz