Бүгін Оралдағы Салтанат сарайында Энергетик күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Ең әуелі экраннан осы салада атқарылып жатқан жұмыс жөніндегі мағлұмат қамтылған бейнебаян көрсетілді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев іс-шара қатысушыларын мерекемен құттықтап, сәттілік, табыс тіледі. Оған қоса энергетика саласының мамандарын «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін», «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» медальдарымен, ҚР Энергетика министрінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
– Бүгінгі таңда өңірімізде энергетика саласында 13 мыңнан астам маман қызмет атқарады. Олардың жалақысы өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артты. Биыл 200 авариялық жағдай болды. Солардың алдын алу және қалпына келтіру бағытында аянбай жұмыс істедіңіздер. Сол үшін де сіздерге зор алғысымды білдіремін. Бүгінгі таңда энергетика саласын дамыту бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоба-жоспар жетерлік, – деді Нариман Төреғалиұлы.
Өз кезегінде Батыс Қазақстан облысының Еңбек сіңірген энергетигі Виктор Графкин әріптестерін мерекемен құттықтады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй Энергетик күніне орай өткізілген спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттады.
Марлен Ғилымхан
Фотоға түсірген: Сержан Кенжебайұлы,
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі