Елімізде дизель отынын тұтыну көлемі рекордтық деңгейге жетті. Қазақстанда дизель отынын тұтыну мен оның бағасына қатысты Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елдегі дизель отынын тұтыну көлемі туралы айтатын болсақ, ол тарихи көрсеткішке жетті. Биыл тамыз-қыркүйек айларында шамамен 520-540 мың тонна дизель отыны пайдаланылған. Бұл - елімізде бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш», - деді Мағзұм Мырзағалиев елордада өтіп жатқан «KIOGE-2021» халықаралық мұнай және газ көрмесінде тілшілердің сұрағына жауап бере отырып. Сондай-ақ, министр еліміздегі жанар-жағармай бағасына қатысты түсініктеме беріп өтті.
«Айта кету керек, дизель отыны және басқа да жанар-жағармай түрлерінің бағасы реттелмейді. Бағаны сұраныс пен ұсынысқа сүйене отырып нарық реттейді. Сондықтан да біздің министрліктің бағаны белгілеуге еш қатысы жоқ. Бүгінде мұнай бағасының өскені байқалады. Бір-екі күннің ішінде баррелі 78 доллардан 82 долларға дейін өсті. Әрине, мұнай бағасының өзгеруі жанар-жағармайдың бағасына әсер етеді», - дейді ол.
Бұған дейін ведомство басшысы қазан айы бойы елімізге кем дегенде 100 мың тонна дизель отыны жеткізілетінін айтқан еді.