15.12.2022, 10:45
Оқылды: 178

Энергетиктер уақытпен санаспайды

Жыл сайын желтоқсанның үшінші жексенбісінде Энергетиктер күні аталып өтіледі. Қарапайым еңбегімен қоғам үшін игі іс атқарып жүрсе де, бұл мамандар көпшіліктің көзіне түсе бермейтіні анық. Біз осы айтулы күн қарсаңында «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС бас инженерінің пайдалану жөніндегі орынбасары, өндіріс-техника қызметінің басшысы Тілек Харинмен кездескен едік.

IMG-20221215-WA0005

Тілек Молдашұлы осы салада 42 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бәйтерек ауданындағы Үлкен Шаған ауылының мектебін бітірген ол Бөрлі ауылындағы техникумда білім алған. 1976-1978 жылдары Литва Советтік Республикасында (Паневежис қаласы) әскери борышын өтейді. 1983-1990 жылдары Саратов ауыл шаруашылығын электрлендіру және механикаландыру институтында оқып, инженер-электрик мамандығын алып шыққан. Ақжайық ауданының Ленин колхозында (орталығы Сарыөмір ауылы) және Жаңақала ауданының Пятимар совхозында мамандығы бойынша жұмыс істеген. 1990 жылдан бері Батыс Қазақстан электр торабы мекемесіне қызмет етуде.

Энергетиктер әрбір отбасыға жарық пен жылу сыйлайды. Мекеме-кәсіпорындардың қалыпты жұмыс істеуі үшін электр қуатын жеткізеді. Тілек Молдашұлы жастарға осы жауапты қызметтің қыр-сырын үйретіп келеді. Себебі ол 2005 жылдан бері Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың энергетика кафедрасында аға оқытушы болып қосымша қызмет етеді. 3-4-курс студенттеріне тәжірибе сабақтарын өткізеді.

– Маңызы зор мамандықтың иесі боламын дейтін жастар баршылық. Алайда электр торабына жұмысқа орналасқан жас мамандардың кейбірі бірнеше жыл тәжірибе жинаған соң, басқа қызметке кетіп қалады. Себебі жалақысы төмен. Энергетиктер құрылыс пен сауда орындарында, өндірісте де ауадай қажет. Кернеулерді қалпына келтіретіндер, қысқа тұйықталуды жоятындар, бағдарламашылар, ескі, жаңа трансформаторлардың тілін білетін мамандар және басқалар бар. Осындай сан-салалы мамандық зор жауапкершілікті қажет етеді. Апаттық жағдайлар көбінесе мейрамдарда немесе демалыс күндері болады. Әрі ауа райы қолайсыз, әлде түнгі мезгіл болуы да мүмкін. Осындай шақта энергетиктер жұмысқа шығуға дайын болуы қажет. Олар уақытпен санаспайды. Арнайы техникалардың жүргізушілері де әрдайым сапта болуы шарт. Себебі басқа мамандардың бәрі жиналғанда, арнайы көліктің жүргізушісі шықпай қалса, жұмыс тоқтап қалады. Әрине, білім мен тәжірибенің қажет екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, ең алдымен, жұмысқа жауапкершілікпен қарау керек, – деді Тілек Харин.

Тілек Молдашұлының айтуынша, Қазақстанда жылына 100 млрд кВт/сағаттан астам электр қуаты өндіріледі. Елде 1150 мың, 330 мың, 220 мың және 110 мың кВт-тық үлкен кернеулі 40 мың шақырымнан астам әуе желісі бар. Ал бұлардан кернеуі төмен әуе желілерінің ұзындығы – 100 мың шақырымдай. «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-на қарасты электр желісінің ұзындығы – 20 305 шақырым. Кернеуі 35 кВт-тан жоғары 155 және 3 мыңдай абоненттік қосалқы станса бар. Аталмыш компания осы желілер арқылы тұтынушыларға электр қуатын таратады. Пайдалану (эксплуатация) және жөндеу жұмыстарын атқарады. Серіктестіктің құрамында 16 аудандық және бір қалалық электр торабы жұмыс істейді. Мекемеге қарасты 236 арнайы техника бар. Алайда аудан-ауылдардағы электр тораптарының мамандарына арнайы көліктер керек. Себебі оларға қажет кезде техниканы қожалық басшылары мен ауыл әкімдері тауып беріп отыр.

– Бұл саладағы ең басты мәселе – электр желілерінің әбден тозуы. Себебі отыз-қырық жылдан бері мемлекет тарапынан энергетика саласына қаражат бөлінбеді. Дегенмен соңғы жылдардан бастап көңіл аударыла бастады. Ел Үкіметі үш жылда біздің облыстағы әуе желілерінің 20 пайызын жаңартуға 20 млрд теңге бөлетін болды. Себебі облыстағы әуе желілерінің 82 пайызының тозығы жеткен. Ұзындығы 20305 шақырым желінің 16,5 мың шақырымы 100%-ға тозған. Яғни жарамсыз деген сөз. Ал бұл желілерді қалпына келтіру үшін – 168 млрд теңге қажет. Алайда компанияның жылдық жөндеуге бөлетін қоры 1 млрд теңгеге жуық қана. Сондай-ақ тек тарифтің есебінен жөндеу жүргізу мүмкін емес. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат электр желілерінің тозығын 60 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Есептеп қарасақ, 20 млрд теңге – 168 млрд теңгенің сегізден бірі ғана. Ең алдымен, аудан мен ауыл орталықтарындағы қосалқы стансаларды, трансформаторларды жаңарту жоспарланып отыр. Жоғарыда айтып өткенімдей, жалғыз тарифтің көмегімен мекеменің жұмысын жандандыру мүмкін емес. Мемлекеттің қолдауы керек. Немесе тариф жоғары болуы шарт. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы саланың жұмысын жақсартуға бағытталған 22 жоба жасап жатыр. Жоба дайын болған соң, мемлекеттік сараптамадан өтеді. Менің ойымша, энергетиканы бизнестің басқаруына беруге болмайды. Жалпы стратегиялық маңызы бар нысандарды жеке кәсіпкердің иелігіне берген дұрыс емес. Бұл – тәжірибе жүзінде тексерілген жайт, – деді маман.

Қазір тұрғындар үшін электр жарығының тарифі 1 кВт/сағатқа – 20 теңге. Тілек Молдашұлының айтуынша, серіктестік үшін электр энергиясын желілер арқылы тарату және тасымалдауға 1 кВт/сағат – 6,18 теңге (ҚҚС-сыз) мөлшерінде тариф бекітілген. Жаңа жылдан бастап бұл тариф 1 кВт/сағат үшін 6,64 теңге болмақ. Бұл аз ғана өсімнен түскен пайда компания жұмысшыларының табысын көтеруге, түрлі құрал-жабдықтар алуға жұмсалады. Облыс бойынша компанияда 1400-дей адам еңбек етеді. Алайда электрмонтерлер, жоғары вольтті желілерді жөндеушілер, басқа да мамандар әлі де тапшы. Соңғы үш-төрт жылда компанияның 20 шақты маманы басқа қызметке кетіпті. Былтыр электр жөндеушілердің жалақысын 25 пайызға арттырған. Алайда табыс әлі де аз, 100 мың теңгенің көлемінде. «Жұмысқа мамандар тартудың бір ғана амалы бар. Ол – жоғары жалақы. Бұрын елде идеология болды. «Ел үшін, жер үшін қызмет ету керек» дейтін еді. Қазір жұмыс сұрай келген адам бірден «Жалақы қанша?» деп сұрайды. Жалпы сапа мен қаражат қатар жүреді. Тариф жоғары болса, энергетика қызметінің де сапасы артады», – дейді маман. Жауапты әрі қауіпті қызметке, әсіресе, ер жігіттер керек. Мысалы, Жәнібек, Бөкей ордасы секілді шалғай аудандарға бір аптаға, жиырма күнге бір бригада іссапармен барады. Шіліңгір ыстықта, қақаған қыста будкамен жолға шығады. Ал бұлай жүру кез келген адамға оңай емес. Айта кету керек, аудандарда электрмонтерлер тапшы. Мысалы, Теректі ауданында – 13, Қаратөбе ауданында 10 шақты маманның орны бос тұр.

Тілек Молдашұлы айтып өткендей, қыркүйектің бірінен бастап Батыс Қазақстан, Қостанай және Алматы облыстарында тарифті дифференциялау бойынша пилоттық жоба іске қосылған. Соған сәйкес, тұрғындар, кәсіпкерлер мен бюджеттік ұйымдар үшін бір киловаттың құны біртіндеп теңестіріледі. Мәселен, бұған дейін тұрғындар, бизнес және бюджет саласындағылар төлейтін тарифтің мөлшері әр түрлі болды. Халық бір киловатт үшін 17 теңге, бизнес нысандары 23-24 теңге және бюджеттік мекемелер 43 теңгеге дейін төледі. Уақыт өте барлық ұйым үшін тариф бағасы теңестіріледі. Маманның сөзінше, бұл жоба саланың алға жылжуына үлес қосады және электр қуатымен қамтитын ұйымдар арасындағы бәсекені дамытады. Сондай-ақ электр энергиясының тарифін бірдей ету электрмен жабдықтау қызметтерінің заманауи нарығын құруға септеседі. «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС жылына 1 млрд киловатқа жуық электр қуатын тасымалдай

ды екен. Бұл батысқазақ-стандықтардың электр қуатын аз тұтынатынын көрсетеді. Себебі өңірдегі үлкен кен орындары электр қуатын өздері өндіріп отыр. Компания жарықтың 65 пайызға жуығын халыққа жеткізеді. Электр қуатын бұдан көбірек тасымалдаса, компанияның табысы да көбейер еді.

IMG-20221215-WA0006

– Жауапты қызметте жүргеніме жарты ғасырға жуықтапты. Қиындығын да, қызығын да көрдік. Бұл сала заман көшімен жаңаша дамып келеді. Бұл бізді де, қызметкерлерді де білім жетілдіріп, талапқа сай қызмет етуге жетелейді. Өзім отбасыма, балаларыма және немере-жиендеріме үлгі болуым керек деп санаймын. Бос уақытымды отбасыммен өткізуге тырысамын. Жаз мезгілінде балық аулауға барамыз. Қыста шаңғы тебеміз. Арасында үстел теннисін ойнаймыз. Жұмыста жүктеме көп. Аудандарға іссапарларға шығамыз. Ал денсаулыққа мән беру қажет. Сондықтан бір мезгіл спортпен айналысуға тырысамын. Балаларымды да осылай тәрбиеледім. Жұбайым екеуміз ұлдарымызды аяқтандырып, қызымызды құтты орнына қондырдық. Кенже ұлым мен екі інім осы салада еңбек етіп жүр. Әрине, қандай жұмыста неше жыл жүрсең де, жауапкершілікті сезініп, адал қызмет еткенге не жетсін?! Энергетика саласындағы түйткілдер ақырындап шешіліп, ел үшін игі істер жалғаса береді деп сенемін, – деді Тілек Молдашұлы.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале