14.10.2021, 14:23
Оқылды: 63

Еңселі білім ордасы

Ұшқан ұя. Әр адам үшін түлеп ұшқан ұясы – туып-өскен ауылы мен білім алған мектебі ыстық болатыны анық. Біз Хан Ордасында дүниеге келіп, сол ауылдағы мектептен білім алғанымызды әрдайым мақтан тұтамыз.

1C2AC2C6-14EF-4F18-9A1D-11CD273FBE91

Жасқұс құмының құшағында орналасқан ауылымыз – тарихи мекен. Өткенге көз жүгіртсек, 1801 жылы Бөкей Нұралыханұлы бастаған көш І Павел патшаның рұқсатымен қазіргі Ақтөбе облысының Темір ауданы тұсынан Еділ мен Жайық арасына қоныс аударады. Қазақтың атажұрты болған шұрайлы Нарын өңірі осылайша құтты мекенге айналады. Ал Орда – Бөкей ханның ұлы Жәңгір хан 1826 жылы іргетасын қалаған шағын қалашық. Хан сарайы орналасқан маңызды саяси-әкімшілік орталығы болған. Бұл – кезінде сән-салтанаты келіскен Орда. Көрші Ресейден және шетелден саясаткерлер мен тарихшылар, жазушылар мен туристер жиі келген екен. Бұрын білгеніміз аз болды. Еліміз тәуелсіздік алған соң, өткен заман шежіресін терең зерттеген тарихшылар мен мұражай қызметкерлерінің және нақты деректерді алға тартқан жазушылар мен журналистердің еңбектері арқылы тұщымды мағлұмат ала түскеніміз ақиқат.

Біз оқыған кезде мектебіміз жазушы Максим Горький атында болды. Кеңес заманында хандардың іргелі істері, батырлардың ұлт-азаттық көтерілістер жасап, ерлік көрсеткендері айтылмайтын еді.

Ол – жай білім ұясы емес, Жәңгір хан іргесін қалаған қазақ жеріндегі алғашқы мектеп! Осы білім ұясынан шыққан әйгілі түлектер, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер иелері өте көп. Ол жөнінде зерттеушілер толыққанды жазып жүр. Сондықтан оның бәріне және мектеп тарихына тоқталмай, өзім оқыған кезеңді, ұстаздарым туралы ойларымды алға тартқанды жөн көрдім.

Біз 1973 жылы бірінші сыныпқа барып, осы бір тарихи білім ордасының табалдырығын аттадық. Үлкен ағам Ғарифолла алып барған еді. Ол кезде оқушы саны көп, мектеп шағын болғандықтан, бірнеше ғимаратта оқитынбыз. Бастапқыда қазіргі Тайыр Жароков көшесінде тұрған ғимаратта оқыдық. Одан кейін хан сарайында білімімізді жалғастырдық. Мектепке таяу орналасқан бұрынғы оқу корпустарында да сыныптар болды. Сурет және еңбек пәні сабақтары қазіргі Жәңгір хан көшесіндегі еңселі үйде, бұрын қыздар мектебі болған ғимаратта өтетін еді. 4-10 сыныптарда негізгі мектепте оқыдық.

Бастауыш сыныпта Маржан Рамазанова апайымыз сынып жетекшісі болды. Ұстаздың сабырлы, салмақты бейнесі әлі көз алдымызда. Сондай-ақ төменгі сыныптарда Бақыт Ғазезова, София Қабдрахимова апайлар да сабақ бергенін айта кеткенім жөн.

Мектеп директоры Күләш Құрманғалиева апайымыз білімді, парасатты жан еді. Оқу ісінің меңгерушілері Кенжебай Жамашев аға мен Бақыт Бекеева апай болды. Кенжебай аға салмақты, сабырлы, тұлғалы азамат болса, Бақыт апайымыз өте қатал, талапшылдығымен есте қалды. Бақыт апай бізге 5 сыныптан бастап алгебра және геометрия пәндерінен дәріс берді. Бізге әр күнгі сабақта оқыған тақырыптың есебін шығару, формуласы мен анықтамасын жаттап алу міндеті жүктелді. Ай сайын өткен тақырыптар бойынша зачет тапсыратын болдық. Сөйтіп, әдетте институтта семестр сайын тапсыратын «зачет» деген сөзді біз бесінші сыныпта естіген едік. Емін-еркін ойнап, балалық шақтың қызығынан шыға алмай жүрген біз үшін бұл оңай сынақ болған жоқ. Дегенмен, шыңдала түстік. Өмірде жеңіс те, білім де тек еңбекпен келетінін ұққандай болдық. Мұндай қатал талаптың негізінде «Алға ұмтылып, бар күш-жігеріңді салып оқысаң, табысқа жетесің» деген мағына жатқанын кейін сезіндік. Арада 44 жылдай уақыт өтсе де, сол кезде жаттаған кейбір теорема мен анықтамалар әлі күнге дейін есімізде.

Сол бір шақты еске алған сыныптасымыз Алма Түсіпқалиева: «Ұстаздарға алғысым шексіз. Керемет мұғалімдерден білім алған біз – бақыттымыз. Мысалы, Бақыт апайымыз қаталдау кісі болды. Бірақ бізді тәртіпті, алғыр, ұқыпты болсын деді. Өткенде сырқаттанып жатыр деп естіп, көңіліне демеу болсын деген ниетпен «Сіздің еңбегіңіз өте зор. Алгебра мен геометрия пәндерін терең түсіндірдіңіз», - деп алғыс айтқым келген еді. Үлгірмедім. Ардақты ұстазымыз мәңгілік сапарға аттанып кетті. Білім берген ұстаздарды, бірге оқыған сыныптастарымызды ұмыту мүмкін емес. Әрқашан Орда мектебінің жетістіктеріне қуанып жүреміз», - деді.

Өзі де ұстаздық қызметті таңдаған Алма Сатыбалдықызы бүгінде – Орал қаласындағы № 25 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Ол Орда мектебінде таңдаулы мұғалімдер, өз ортасына өнеге болатын ұстаздар жұмыс істегенін, Күләш Құрманғалиева, Кенжебай Жамашев, Бақыт Бекеева сынды ұстаздарды барлық түлектер қадір тұтатынын айта келіп: «Орда мектебі біз үшін өте ыстық. Туған жеріміз тарихи мекен. Жәңгір хан сарай салдырған, Исатай мен Махамбет батырлар әділетсіздікке қарсы күресіп, ұлт-азаттық көтеріліс жасаған жер. Озбырлықтан зардап шеккен халқымды азат етемін, Нарынды берекелі мекенге айналдырамын деп патша әскеріне қарсы соғысу деген көзсіз ерлік деп білемін. Ол – ақындар мен батырлардың Ордасы! Сондай өңірде туып, тарихи мектепте оқығанымызды мақтан тұтамыз», - деп өз ойын түйіндеді.

Біз мектепке барғанша еңбек етіп, зейнетке шығып кеткен, бірақ есімдері ерекше құрметпен аталатын ұстаздар болды. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімдері, өлкетанушы Ахметфайыз Тажетдинов және әдебиетші Ғұмар Зариповтың даңқы алысқа кетті. Біраз жыл ұстаз болып, кейін туған өңіріміздің тарихи құндылықтарын сақтап, өлкетану музейін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Темірболат Махымовтың еселі еңбегін жерлестері жоғары бағалайды.

Орда мектебінде жемісті жұмыс жасап, жас ұрпақты білімге баулуға еңбегі сіңген мұғалімдер өте көп. Солардың қатарында Айнаш Жабасова, Қалқаман Хайретдинов, Сисен Байзонов, Қалимат Такесов, Хайырлы Оңаев, Бейбіт Нарболов, Береген Қожағалиев, Алтын Бисалиева, Разия Жаманғарина, Светлана Сұлтанова, Роза Мүсірәлиева, Бағила Биянова, Клара Өтепқалиева, Гүлжан Дауымова, Сұлуғаным Қабышқызы, Қапиза Төлеуғалиева сынды білікті ұстаздарды атап өткеніміз жөн. Сонымен қатар Ермек Исмағұлов, Мәншүк Сағынғалиева, Мұхсина Қарашева, Мақпал Ғұбашева, Берік Дүйсенов, Кәкима Қажипанова, Надежда Ғайсина, Маруся Жексенбаева, Мару Ишанғалиева, Рафаэль Денгизбаев сияқты білікті мұғалімдердің есімдерін мектеп түлектері әрқашан құрметпен атайды.

Төртінші сыныптан бастап бізге Роза Әділәлиева апайымыз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді әрі жетекшіміз болды. Жүзінен мейірім төгіп тұратын ұстазымыз әр баланың өзіндік ерекшелігін көре білді және шәкіртінің бойында бір дарын ұшқыны болса, соны жарыққа шығаруына үлес қосты. Сабақты байыппен түсіндіретін еді. Мектептегі мәдени іс-шараларға өз оқушыларын қатыстырып, шәкірттерінің талабын шыңдай түсетін-ді.

Химия пәнінен Абубакар Карчагенов, географиядан Жәрдем Жұмасқалиев, дене тәрбиесі пәнінен Ерсайын Молдашев ағайлар, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Клара Өтепқалиева, биологиядан Закия Еслямова апайлар дәріс берді. Күлаш Құрманғалиева мен Халила Мұханбетжанова апайлар тарихты терең ұғындыра білді. Балалардың қызығушылығын оятатын физика болса, ол пәнді әсерлі түсіндіруде Эмма Сағымбекқызының еңбегі орасан зор. Жайлы мінезді, тәжірибелі ұстаздың бірі – Жұмағаным апай Нұрғалиева. Ол қазақ тілінің байлығын және ұлттық әдебиеттің асыл қазынасын шәкірттердің санасына сіңіре білді. Әскери дайындық сабағын ерекше жақсы көрдік. Әскери киімде, сымдай тартылған, ұқыпты да әділ Береген Қожағалиев ағамыз бізге үлгі болды. 8-10 сынып оқушыларынан үздік команда әзірлеп, аудандық және облыстық «Орленок» жарысына алып барды. Сол кезде мектептің спортзалы болған жоқ. Соған қарамастан, құмда жүгіріп, мектеп ауласындағы ойын алаңдарында жаттыққан балалар да жақсы нәтиже көрсетіп жүрді.

Мектеп бойынша ән-күйден Уәсила апай Рушанова сабақ берді. Домбыра тартуға қабілеті бар балаларды жинап алып, әр оқушының ұлттық аспапты меңгеріп алуы үшін бар күш-жігерін аяған жоқ. Ол кезде мұндай қосымша сабақтар тегін өтеді.

Ұстаздарымыз біздің адам болып қалыптасуымызға, өмірден өз жолымызды табуымызға және арман-мақсаттарымыздың орындалуына ықпал етті.

1985 жылы үш қабатты зәулім мектеп ғимараты бой көтергенде қатты қуандық. Біз оқымасақ та, кейінгі толқын еңселі білім ордасынан жақсы білім алып, жан-жақты жетіліп шығатынына сендік. Мұндай ғимаратта жұмыс істеу ұстаздарға да зор ынта мен шабыт беретіні анық. Осы жаңа мектепті салуға Күләш Құрманғалиева апайдың көп еңбек сіңіргенін ордалықтар жақсы біледі.

Биік белестерді бағындырған шәкірттер де аз емес. Алдағы уақытта ұстаздардың сенімін ақтап, білім мен ғылым жолында және өнер көгінде жарқын жетістіктерімен қуантатын түлектердің қатары көп болады деп үміт артамыз.

Бүгінгі таңда Жәңгір хан атындағы мектеп ізгі дәстүрді лайықты жалғастырып отыр. Хакім Хасенғалиев басқаратын ұжымның ұйымшылдығы мен талапшылдығының арқасында қол жеткізетін табыстары көп болуына тілектеспіз. Биыл білім ордасының 180 жылдығы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы мерейлі жылда ұстаздар қауымына зор денсаулық, баянды бақыт, мол игіліктер тілейміз. Ал кемел келешекке көз тіккен шәкірттердің қияға самғайтын қанаттары, талмайтын талаптары болсын!

 Айбатыр Сейтақ,

ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі.

Елорда. 14.10.2021

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале