10.05.2023, 11:15
Оқылды: 42

Ер еңбегі еленбей қалмаса екен

Жылқының еті жесең, тісіңе кіреді, жемесең, түсіңе кіреді» деген мақал тегін айтылмаған. Тек еті емес, сүті де дәрі. Қазақ үшін жылқыдан асыл мал жоқ. «Ер қанаты – ат» деген қағиданы берік ұстанған халқымыздың төрт түліктің ішінен жылқыға бүйрегі ерекше бұрып тұрады. Алайда кешегі кеңестік заманда жылқы бағу оңай шаруа болған жоқ. Оған екінің бірі тәуекел етіп бара бермейтін-ді. Тек білек сыбанып жігіттің жігіті ғана шығатын еді. Себебі жылқы өсіруге кеңестік шаруашылық өзге түлікке жасалғандай жағдай жасамады. Ең болмаса, арық-тұрығын қыста бөлектеп қолда ұстауға қора-қопсы, жем-шөп дайындалмады. Өзге малдың көптігінен жылқы табынына қиыр-шетті жайлауға тура келетін. Әсіресе, қыста тебін іздеп, құлатүзге шығынып кететін. Қысы-жазы өз азығын өзі даладан тауып жейтін аяқты малдан түсетін пайда шаш-етектен болғанымен, оны бағатын жылқышы үшін бұл орасан ауыр еңбекпен келетін. Бала кезінен қолына құрық ұстап, ұжымшардың жылқысын бағуға шыққан Бақыш Саренбаев осы бейнетті жұмысты біліп барды. Ол қысы-жазы жылқының артынан екі елі қалмайтын еді. Ұшы-қиыры жоқ далиған далада бейқам отырып, көз жазып қалсаң, қамбар ата тұқымын жоғалтып алуың да ықтимал. Бірақ жылқышы Бақыш атамыз үйірден шашау шығармай, 1929-1951 жылдар аралығында шаруашылықтағы жылқыны 25-30 бастан 2 500-ге жеткізді.

1937 жыл Тасқала ауданының еңбеккерлер Осы жылы Бақыт апамыз Қазақстан Компартиясының 1-сессиясына делегат болып сайланды одан әрі орталыққа сайланды

1937 жыл. Тасқала ауданының еңбеккерлері. Осы жылы Бақыш атамыз Қазақстан компартиясының 1-сессиясына делегат болып сайланды. 

Ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген бұл адам Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданының №2 ауылында жарық дүниеге көрінген. 1930 жылдары сол кездегі Камен ауданының жеріне қоныс аударып, жаңадан ұйымдастырылып жатқан «Оян» колхозына жылқышы болып жұмысқа кіріседі. Ол кезде колхозда тұрғындардан жиналған отызға тарта жылқы болса керек. Бақыш және оның ағасы Болжырды білетіндер «Әуелден жылқы баққан маман» деп сенім артады. Он үш жасынан ат үстінен түспеген Бақыштың тәжірибесі мол еді. Аннан-мұннан колхозға жиналған жылқыны көп ұзамай қалыпқа түсіріп, үйір-үйірімен өріске шығара білді. 1936 жылы қарауындағы жылқыны төрт жүзге жеткізді. Сол жылы ол жылқы фермасының бастығы болып тағайындалды. Бұдан бұрын қатардағы жылқышы боп жүргенде үйірдегі қырық биеден қырық құлын алып өсірген еді. Бұл табыс оның даңқын одан әрі арттыра түсті. Содан да  колхоздың жылқы шаруашылығы жедел қарқынмен дамып, Бақыш ақсақалдың еңбегі тез көзге түсе бастайды. 1935 жылы алғаш рет Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық стахановшылардың жиналасына делегат болып қатысу мәртебесіне ие болады. Арада бір жыл өткенде, наурыз айында осы ел астанасында Бүкіл-одақтық староста М. Каланиннің қолынан сол кездегі Одақтағы ең жоғары марапат – Ленин орденін өңіріне тақты.

Кейіпкеріміз — 1937 жылы бірінші ашылған Қазақстан Компартиясы бірінші сиезі-нің делегаты. 1938 жылы тұңғыш сайланған ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1939 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық
ауыл шаруашылығы көрмесіне алғашқылардың бірі болып қатысты. Одақ көлеміндегі мақтау грамотасымен марапатталып, шаруашылыққа бағалы сыйлық ретінде мотоцикл, 5000 сом ақша алып қайтты. Бұдан былайғы жылдары да аудан, облыс, республика көлеміндегі ірі һәм ауқымды басқосуларға қатысып отырды. Бұл жылдары «Оян» колхозы өсіп, өркендеген еді... Мәселен, ауылда жетіжылдық мектеп, клуб, орталық контор, ауылдық кеңес, кітапхана, байланыс үйлері салынып, монша, диірмен, шағын электростанса іске қосылды. Мұндай құрылыстар ол кезде ауданның басқа шаруашылықтарында жоққа тән еді.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Енді жылқышылардың алдына Қызыл Армия үшін үйретілген строй аттарын әзірлеу міндеті қойылды. Бұл тапсырманы да «Оян» колхозындағы жылқышылар абыроймен орындады. Осыған орай Жоғарғы Қолбасшы Сталиннің, Одақ көлемінде жылқы шаруашылығын басқаратын Маршал Буденныйдың аттарынан алғысхаттар келеді. Бұдан бөлек, Бақыш атамыз 1946 жылы «Тылдағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.

1950 жылы ояндықтар Тасқала ауданында жылқы шаруашылығымен айналысып, Үкіметке ет, қымыз тапсыратын алдыңғы қатарлы шаруашылықтың біріне айналады. 1951 жылдың жаз мезгілінде шаруашылықты көріп, танысу үшін іссапармен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Даниал Керімбаев келіп, Б. Саренбаевпен кездесіп, еңбегін оң бағалайды. Осы жылдың күзінде Бақыш Саренбаев құрметті зейнет демалысына шығып, 20 жылдай басқарған жылқы шаруашылығын әскер қатарынан келген жас жігіт Әбілай Балмолдинге тапсырады. Еңбек ардагері 1954 жылы жарық дүниемен қоштасып, мәйіті Жаңаауыл қыстағының түбіндегі Қарабала қорымына жерленеді. 1970 жылы аупарткомның бірінші хатшысы Сатқали Сапаровтың нұсқауымен зираты жаңартылып, басына жаңа белгі қойылды.

Бақыш атаның жолдасы Үмітай шешей де өте еңбекқор адам болған. Ол кісі қымыз ашытып, елге танылған екен. Сондай-ақ ауруға  ем, сауға қуат шипалы қымызды облыс аудандарына да ұсынып, Орал қаласында екі жыл қымыз сатуды ұйымдастырады. Бұл – бөлек әңгіме...

P.S. Бақыш Саренбаев – қысы-жазы жылқы соңында маңдай терін сыпырып еңбек етті. Және де желдің өтінде, жердің шетінде, ұйтқыған боранда, сақылдаған аязда жеті қараңғы түнде жылқы ішінде жүрді. Талай ауыр қыста жылқыны соны жерлерге тебінге салып, аман сақтап қалды. Құдай берген қайраттың арқасында ұзақ жыл жылқы бағып, ел-жұртының құрметіне бөленді. Міне, біздің атақты жерлесіміз Бақыш Саренбаев атамыз осылайша ақадал еңбегімен елге танылып, атын шығарған жан. Сондықтан да өз заманында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, табандылығы мен төзімділігінің арқасында талай белесті бағындырған Бақыш атамыздың есімі жас ұрпақ жадында жаңғырып, ұмытылмағаны абзал. Атағынан ат үріккен аяулы ардагеріміздің атын ардақтап, еселі еңбегін әлі де насихаттаған ләзім деп есептейміз.  Қысқасы, Бақыш Саренбаевтай абырой асқақ тұлғаның есімі ел жадынан өшпеуі керек. Осы орайда тасқалалықтардың «құлағына алтын сырға» деуге тура келіп тұр.

Алтынбек Ермекқалиев,

«Орал өңірі» 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале