27.02.2026, 21:08
Оқылды: 49

Ерболат Ғабдікәрімов «Бала барысы – 2026» атанды

Орал спорт клубы мен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Бала Барысы» турнирі биыл да өз жалауын желбіретті. Жас палуандардың жігерін жанып, шеберлігін шыңдайтын дүбірлі дода өңір спортының жарқын мерекесіне айналды.

26de7aa4-b26a-41e1-839e-636d0973d298

Өңірдің ең үздік жас қазақ күресі шеберлерін анықтауды мақсат еткен айтулы бәсекеге аудандар мен облыс орталығынан іріктелген 27 балғын палуан қатысты. Айта кетейік, 2024 жылы жарысқа 38, ал өткен жылы 50-ге жуық жас балуан бақ сынаған еді. Биыл қатысушылар саны аз болғанымен, іріктеу талабы бұрынғыдан да күшейтіліп, боз кілемге нағыз сайдың тасындай іріктелген өрендер ғана шықты.

e71674b3-a0ca-4025-9263-9deed57cbb76

2026 жылғы турнирдің басты ерекшелігі – додаға салмағы 70 келіден асатын жеткіншектер ғана қатыстырылды. Бұл – жарыстың деңгейін арттырып, шын мықтыларды анықтауға бағытталған қадам. Білегі жуан, жүрегі батыл жас барыстар боз кілемде барын салды.

Еске сала кетсек, 2024 жылы аталмыш турнирдің жеңімпазы атағын Санжар Рысқалиев жеңіп алса, өткен жылы бас жүлдені Әлімхан Құрманғали иеленген еді.

875ccc86-6a54-421a-b3cd-6bc6145f05fc

Балғын апайтөстер жарысының ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Бәйменов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, БҚО қазақ күресі федерациясының президенті Әсет Сұлтанұлы, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров, сондай-ақ спорт ардагерлері мен сала мамандары қатысты.

– Ұлттық спорт, соның ішінде қазақ күресі елмен бірге жасасып келе жатқан саф өнер. Сол өнерді меңгерген аға буын палуандары ел мерейін талай додада үстем етті. Бұл додаға іріктелген облыстың бала барыстары Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен Балуан Шолақ бабаларымыздан мұра болған, Елдос Сметов пен Демеу Жадыраев сынды саңлақтарға дарыған палуандық қасиетті өміріне серік етіп, қазақ атын әлемге танытады деп сенеміз, – деді Мұрат Бәйменов.

Ал Бақдәулет Сәбитов өз сөзінде мұндай жарыстар жас балуандардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттыратынын атап өтті. Сонымен қатар аталмыш турнирді болашақта республикалық деңгейде өткізу қажеттігін жеткізді.

Боз кілемдегі белдесулер тартысты да қызықты өтті. Әр палуан жарысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін байқатты. Әсіресе финалдық белдесулерде жас спортшылардың қайсарлығы мен әдіс-айлаға бай өнері көрермендерді тәнті етті.

a74a1f6a-122c-4ac9-97ca-43d770b688ac

Нәтижесінде үшінші орынға Мардан Марат (Бөрлі ауданы) ие болды. Екінші орынды Әлімхан Құрманғали (Орал қаласы) еншіледі. Ал «Бала Барысы – 2026» атағын Сырым ауданының намысын қорғаған Ерболат Ғабдікәрімов жеңіп алды.

Сонымен қатар, Ерболат Ғабдікәрімов «Ең ауыр салмақты палуан» номинациясымен марапатталды. «Көрермен көзайымы» жүлдесі Рамазан Дәулетәлиевке табысталды. «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы сыйлық Уәли Асхатұлына берілді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің бапкерлері де елеусіз қалмай, алғыс хаттармен және арнайы марапаттармен құрметтелді.

85133b75-b030-4e89-85d6-582ab2be849d

Осылайша, ұлттық рухты асқақтатқан «Бала Барысы» турнирі жас балуандардың талабын ұштап, үлкен спортқа жол ашатын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Боз кілемде белі бекем буын өсіп келеді. Ендеше, ел намысын қорғайтын ертеңгі чемпиондардың есімі дәл осындай додаларда танылары сөзсіз.

Түгелбай Бисен

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале