Бүгінде еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндеттің бірі – ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 31 наурыздағы мәлімдемесінде кәсіпкерлік секторды қолдауға бағытталған бірқатар міндеттер белгіленген еді. Соның ішінде Президент агроөнеркәсіптік кешенді үздіксіз қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру қажеттілігін ерекше атап өтті. Осы бағытта еліміздегі ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өзінің несие өнімдері арқылы ауылдықтарды мал шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша қаржыландырып келеді. Жақында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры Ербұлан Түшкеновке жолығып, қордың бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі мен жаңашылдықтары турасында әңгімелескен болатынбыз.
– Ербұлан Талғатұлы, алдымен, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының құрылу тарихы мен негізгі міндетіне қысқаша тоқталып өтсеңіз?
– Бұл қордың құрылуының түп тамыры сонау 1998 жылдан бастау алады. Алғашында қор жабық акционерлік қоғам болып құрылған еді. 2006 жылдан бастап «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның құрамына еніп, ауыл шаруашылығы саласын несиелендірумен айналысуға кірісті. Сол жылдардан қорға тұрақты қаражат бөліне бастады. Ол кезде ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін әр тұлғаға 30 мың, сәл кейін 60 мың теңге несие берілетін. 2007 жылдан бастап бұл қаржы 260, 2008 жылы 400 мыңға өсті. Ал 2009-2010 жылдан бастап қолдау қаражатының мөлшері 1 миллион теңгеге артты. Бүгінгі таңда біздің қор әр адамға 30 миллион теңге несие бере алатын дәрежеге жетті. Біздің атқарып отырған негізгі жұмысымыз – мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, солардың жергілікті жерлерде сәтті жүзеге асуын қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі таңда біз «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру бағытында қызметтер көрсетудеміз. Атап айтқанда, шаруашылықтарға, ауылдық жердегі жұмыссыз адамдарға, өз-өзін жұмыспен қамтыған жандарға, аз қамтылған немесе көп балалы отбасыларға, жұмыс-сыз жастарға несие алып, кәсібін ашуға жәрдемдесеміз. Біз аталған бағдарлама аясында мал және егін шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысу секілді төрт бағытты несиелендіреміз.
– Оқырманға түсінікті болуы үшін осы бағыттардың әрқайсысына толығырақ тоқталып өтсеңіз?
– Бүгінде мал шаруашылығымен айналысқысы келетін кәсіпкер 4 миллион теңгеге дейін несиеге қол жеткізе алады. Ол қаражатты кәсібін енді бастаған адам төрт түлік мал немесе бал арасын баптау, балық өсіру секілді бағытқа пайдалана алады. Сонымен қатар кәсіпкерлікпен бұрыннан айналысатын кәсіпкерлерге зәкірлік кооперация аясында 12 миллион теңгеге дейін несие бере аламыз. Бұл жағдайда мал өсірумен айналысатын шаруашылық иелері ірі мал бордақылау алаңының иелерімен келісімшартқа отырып, өз өнімдерін сол кәсіпорындарға тапсыруы керек. Барлық несие бізде алты пайызбен беріледі. Ал көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға ғана төрт пайызбен ұсынылады. Сондай-ақ қарыз алушыға жеңілдетілген мерзімдер беріледі. Мысалы, кәсіпкер несиеге қол жеткізіп, мал алса, екі жыл мерзімге дейін қарыз қайтарымынан каникул алады. Сол мерзім ішінде ол алдындағы малын өсіріп, одан төл алып үлгереді деген есеппен. Кейін ол төлді бордақылау алаңына немесе базарға өткізіп, алған несиесін өтей бастайды. Несие алушы қарыз қайтарым кестесін өзі таңдайды. Яғни ай сайын немесе тоқсан сайын, сондай-ақ алты айда немесе жылына бір төлей алады. Әрбір несие кепілдік зат қою арқылы берілетінін де айта кетейін. Несие алушы ауылдық жердегі жылжымайтын мүлігін немесе қора жайын, ауыл шаруашылығы техникаларын кепілдікке қоюға құқылы.
Ал егін шаруашылығымен айналысатындарға алты миллион теңгеге дейін несие бере аламыз. Бұл жағдайда несиелік желі үш жылға ашылады. Мысалға айтайық, егінмен айналысатын кәсіпкер үш жылға алты миллион теңгені құрайтын несие желісін ашты делік. Бірінші жылы 1 миллион теңгесін ғана қолданып, тұқымын алып, егінін септі. Кейін егінді жинауға қайта қаражат қажет болса, өз желісінен қажет қаржыны алады. Пайдаланылған қаражатын бір жыл ішінде, яғни
тек егінді орып, өнімін сатқаннан кейін ғана қайтаруға міндеттеледі. Келер жылы көктемде қайта құжат жинап азаптанбайды. Бізге өтініш қана беріп, өз несие желісінен қажет қаражатты алады.
Бұл жағдайда кәсіп иесі кепілдік ретінде меншігіндегі жылжымайтын мүлігін, техникаларын және егістік жерін қояды.
Үшінші бағыт – ол кәсіпкерлік. Бұл несие ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіп иелеріне беріледі. Осы бағытты таңдағандар ауылдық жерлерден монша, шаштараз, дүкен, наубайхана секілді кәсіп түрлеріне несие алуға мүмкіндігі бар. Бұл бағытта әр адам бес жыл мерзімге алты миллион теңгеге дейін несие ала алады. Оларға бір жыл мерзім көлемінде жеңілдік ұсынылады.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытына да 15 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бұл қаражат алты пайызбен жеті жылға беріледі. Несие алған адам сүт өнімдерін шығару немесе тері мен жүн өңдеу секілді бағыттармен шұғылдануына болады.
– Біздің түсінгеніміз – қордан несие алу үшін міндетті түрде бағалы кепілдік болуы шарт. Ал ауылдық жердегі ағайынның не жылжымайтын мүлігі, не су жаңа техникалары жоқ немесе кепілдік зат ретінде тартпай қалады делік. Мұндай жағдайда несие алудың қандай жолдары бар?
– Айтуыңыз орынды. Қордың екінші деңгейдегі банктерге қарағанда айырмашылығы біз кепілдікке ауылдағы жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктердің әр түрін аламыз. Кепілдікке берілетін мүлік иесі қарыз алушы болуы да міндетті емес, яғни кепіл беруші болып әрбір адам тіркелуіне рұқсат. Сонымен қатар біздің қор «Еңбек» бағдарламасы аясында несие алушыларды кепіл-дендірумен де айналысады. Егер сіз «Еңбек» бағдарламасына қатысып, шағын несие рәсімдегіңіз келсе, бірақ кепілдікке қоятын мүлігіңіз жетпесе, несиені кепілдендіру қызметін пайдалана аласыз. Мысалы, кез келген ауылдағы азамат несие серіктестерінен немесе микроқаржы ұйымдарынан несие рәсімдейтін болса, бірақ кепілге қоятын мүлкі жетпесе, қор ұсынатын кепілдендіру құралын пайдалануға болады. Мысалы, сіз кәсібіңізді жаңа бастадыңыз. Мұндай жағдайда біз жас кәсіп иелерінің несие мөлшерінің 85%-ына дейін кепілдік бере аламыз. Ал көп балалы және аз қамтылған отбасыларына 95% кепілдік ұсынылады. Ал бұрыннан кәсіппен айналысатындарға 50% кепілдік береміз.
– Ербұлан Талғатұлы, биылдан бастап ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы мал шаруашылығын дамыту жобаларына 30 млн. теңгеге дейін несие берілетінін
естіген едік. Осы ауқымды бағдарлама туралы айтып өтсеңіз?
– Иә, қор биыл мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге 30 млн. теңгеге дейінгі мөлшерде несие беруді бастады. Ірі қара, қой шаруашылығын дамытуға берілетін несиенің мерзімі 10 жылға дейін. Несиенің жылдық сыйақы мөлшері – 16%, бірақ оның 10%-ын мемлекет субсидиялайды. Яғни шаруа несиені 6 пайызбен төлейді. Негізгі борышты өтеу бойынша екі жылға дейін, ал сыйақыны өтеу бойынша бір жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Негізгі борыш пен сый-ақыны ай сайын, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір төлеп тұру мүмкіндігі де жасалған. Несие жеке кәсіпкерліктерге, шаруа қожалықтарына және фермерлік шаруашылықтарға бағытталған. Мал шаруашылығын дамытуды жоспарлаған кәсіпкерге қойылатын бірқатар талап та бар. Ең алдымен, әрине, ірі қара ұстайтын қорасы мен жайылымдық жері болуы қажет және төлін бордақылау алаңына тапсыру жөнінде келісімшарт жасасуы тиіс. Қазіргі уақытта шаруалардың барлығы қолда бар малын асылдандырып, сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Қордан несие алған кәсіпкер де малын асылдандыруы тиіс. Өйткені асыл тұқымды малдың ұтымды тұстары көп. Егер бірден асыл тұқымды сиыр сатып алынатын болса, 25% жекеменшік мүлікті және 75% сатып алынатын малды кепілге қою арқылы қаржыландыру мәселесі де қарастырылады. Қой шаруашылығын дамытамын дегендердің де қоражайы мен жайылымдық жері болуы тиіс. Тоқтыларын ет өңдейтін кәсіпорынға тапсыру келісімшартын жасасады. Ең бастысы, үміткердің несие тарихы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс.
– Ауқымды несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін ашқысы келетін адам алдымен қайда жолығып, нендей құжаттар жинақтауы керек? Осыдан бірер жыл бұрын құжат тапсырудағы қағаз-
бастылықтың көп екендігі жиі айтылатын. Бүгінде құжат жинақтау оңтайландырылды ма?
– Алдымен, несие алғысы келетін адам аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, несиеден үміткер ретінде тіркеліп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» курсын аяқтағаны туралы сертификатын және бизнес жоспарын жасақтап алуы қажет. Содан кейін жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, тиісті құжаттарын жинақтап, қорға өтінішін тапсыра алады. Бүгінде несиеден үміткер тұлға тек тоғыз түрлі құжат жинақтайды. Егер қолында электронды кілті болса, қажет құжаттарын сол арқылы осы жерден шығарып ала алады.
– Жалпы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында біздің өңірге қанша қаражат бөлінді? Несие
алып, кәсібін дамытуда қай ауданның кәсіпкерлері белсенділік танытуда? Елдегі індетке байланысты қойылған шектеулер сіздің салаға да салқынын тигізді ме?
– Биыл «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарлама-сы арқылы біздің қорға 2,5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Елдегі орын алған жағдайға байланысты бұл қаржының игерілуі мардымсыздау болып тұр. Ал бөлінген қаржы сол жыл ішінде игерілуі керек. Несие алуда белсенді аудандар ішінен Бәйтерек, Ақжайық, Теректі, Сырым аудандарын атар едім. Кейбір кәсіпкерлер бізден бірнеше мәрте несие рәсімдеп, тұрақты тұтыну-шыларымызға айналды. Оларға да әрқашан есігіміз ашық. Жаңадан бағдарламалар шықса да, соларға хабарласып, шарттарын түсіндіріп, берілген мүмкіндікті қалт жібермеуге үгіттейміз. Жоғарыда айтқан 30 миллион теңге несиені алуға бүгінгі таңда 14 шаруа құжат тапсырған. Олардың қатарынан Алпысбай Дербісалиннің «Дербісалин» шаруа қожалығын, Нұркен Досқалиев жетекшілік ететін «Көркемжан», Қайрат Базарғалиевтің «Жәрдем» шаруашылығы секілді кәсіпкерлерді атауға болады.
Індеттің таралуына орай бізге келушілердің де саны азайып кетті. Өзіміз қолдан келгенше аудан-ауылдарға барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Айтарымыз, өңір тұрғындары бізге келіп немесе қоңырау шалып, берілген мүмкіндікті мүлт жібермей, мемлекеттің қолдауын пайдаланып қалса екен дейміз. Несие алғысы келетін үміткерлер болса, Орал қаласы, М.Ықсанов көшесі 38 мекенжайы бойынша орналасқан филиалымызға немесе 24-15-68, 24-30-25, 24-15-26 телефондарына хабарласып, толық мәлімет алуына болады. Сонымен қатар әр аудандағы кәсіпкерлік палатасының қызметкерлері несие алу үшін қажетті құжаттарды жинау кезінде көмек көрсету жұмыстарын атқарады.
Сұхбаттасқан
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz