Біле жүріңіз!
Ерсары Кәсіпұлы кешегі Тастөбе соғысына қатысқан белді батырлардың бірі. Ерсары батырдың Жәңгір мен Қарауылқожаға қарсы күресі қозғалыстың алғашқы жылдардында-ақ басталған-ды.
Ол ауылына алым салық жинауға келген Қарауылқожа мен Балқының адамдарын елден бір сабақ жіп алдырмай кері қайтарады. Бұған ашуланған Қарауылқожа «О атаңа нәлет қазақ» деп, зарын төге қарымта ретінде Ерсары жоқта оның ауылын шабады. Адамдарын соққыға жығып ұстаған малдарын қолды етіп айдап кетеді. Оған жауап ретінде Исатай мен Ерсары қол жинап Қарауылқожаның ауылын шауып, керекті малын алдына салып, қолды етеді.
Ол туралы кейіннен Қарауылқожа Жәңгір мен патшаға арыз түсіріп, онда Исатай-Махамбеттермен бірге Ерсарының қатысқанын айтып жазады.
Кейіннен батырдың аты 1837 жылы маусым айындағы Балқы бидің ауылы шапқыншылыққа ұшырағанда тағы құжатталады. Онда Ырысалды және Сатыпалды Кәсіпұлдары да бар делінген. Бұл шапқыншылықта Балқы бидің тоғыз адамы соққыға жығылып, 251 сомның мүлкі тоналғаны жария етіледі. Батырдың қайтпас қайсарлығын естіген ауыл адамдары, әсіресе, Қарауылқожа мен Балқы биден зорлық көргендер Ерсары батырдың төңірегіне топтаса бастайды.
Жасқұс шайқасында Қарауылқожа бастаған хан жасағы ойсырай жеңіледі. Алайда батырдың өмірі мен күрескерлік жолы ұзақ болмады. Ол атақты Тастөбе соғысында кенеттен жарылған зеңбірек оғынан мерт болады. Ол туралы Махамбет батырдың:
«Әскердің алды бөгелді,
Қырдан ойға төгілді,
Орыс добын үш атты,
Доптың үні шыққанда,
Сонда батыр жөнелді,
Жөнелмей батыр не қылсын,
Ерсары мен Қалдыбай,
Екі арыстан тең өлді» деп жырлағаны белгілі.
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz