12.03.2022, 16:10
Оқылды: 102

Ерекше есім

Самал –  қазақ арасында қыз баланың есімі саналады. Сөйте тұра, кезекті «Ерекше  есімді» дайындау барысында біз бір емес, төрт бірдей Самал есімді ер-азаматтан сыр тарттық. Соның үшеуі  өзіміздің Орал қаласының тұрғындары. Ал қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «самал» сөзін жанға жайлы қоңырсалқын жел деп ұғындырған. Әлқисса, сонымен...

Қазиев Самал Орынбайұлы 1963 жылдың 12 қарашасында қазіргі Ақжайық, бұрынғы Тайпақ ауданына қарасты Базаршолан ауылында өмір есігін ашқан. Мамандығы – педагог. Біраз жылдан бері зерде бұзылыстары бар балаларға арналған Батыс Қазақстан облыстық арнайы мектеп-интернат-колледж кешенінде еңбекке баулу пәнінен сабақ береді.

527E869C-EAD9-4101-A1D0-5453C38DA752

– Әдетте біздің жақта қараша айы бұрындары, берісі тұлабойды қалтыратар қара суығымен, әрісі жер бетін қар жауып, долданып боран соғып дегендей шәлкем-шалыс «мінезімен» ерекшеленетін еді ғой. Бірақ мен жарық дүниеге көрінетін күні ауа райы керім жайма-шуақ болған деседі. Анам мені сәске түс шамасында үйде босанған. Тура сол күні түс ауа әкемнің бір жолдасы біздің үйге жол үсті соққан екен. Қазақ үшін қашан да сәбидің, әсіресе, ұл баланың өмірге келуі үлкен қуаныш қой, оның үстіне күздің керемет шуақты күні. Осындай қуа­ныштың үстінен түскен жаңағы ағай, «Алла тағаланың бүгінгідей жарқыраған күнінде жарық дүниеге көрінген бұл бала жанды желпіп, тұла бойыңды сергітер самалдай жұртқа жұғымды, көпке сүйкімді жан болсын, атын Самал деп қояйық» деген ұсыныс айтқан көрінеді. Бұл орынды уәжге ешкім қарсы болмапты...

Дәрібаев Самал Дәрібайұлының кіндік қаны 1971 жылдың 22 сәуірінде Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Жанқожа батыр ауылында тамған. Дәрібайдың Самалы – Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университеті филология факультетінің 1993 жылғы түлегі. Филология ғылымдарының кандидаты С.Дәрібаев біраз жылдан бері Алматы қаласындағы аталмыш білім ордасында ұстаздық қызметте.

8B753A06-A2F7-4BF3-8B9B-6F4096E2FE9C

– Менің атымды қазақтың әйгілі әнші қызы Мәдина Ерәлиеваның нағашы атасы Ыбырай ақсақал қойған. Ол кісіні мен көре қалдым. Ел-жұртқа, ауыл-аймаққа ерекше сыйлы қариялардың бірі еді.

Негізі, менің азан шақырып қойған атым – Самалбай. Бірақ мені ешкім  олай атап жатпайды. Ес білгелі естіп келе жатқан есімім – Самал. Маған азан шақырып, ат қоятын күні көктемнің шуақты күні жарқырап, әрі жанға жәйлі майда самал есіп тұрған екен. Шамасы, Ыбырай ата осы жайтты ескерсе керек, – деп сөз саптады Самал бауырымыз. Айтпақшы,  бұл азамат қазақтың  айтулы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың туған күйеу баласы, Самал жұбайы Саида екеуі курстас.

Ыдырысов Самал Қайыржанұлы 1973 жылғы шілде айының жетісі күні бүгінгі Ақжайық, бұрынғы Чапаев ауданына қарасты Алғабас ауылында жарық дүниеге көрінген. Біраз жылдан бері «Батыс су арнасы»  ЖШС-да оператор болып еңбек етеді.

DD95E521-DAC9-4E5F-A215-583304A385BB

– Өмірге келген күнім аспан айналып жерге түсердей қырық күн шілденің уақыты болса да, аяулы анам мені босанғанда күн қатты ыстық болмай, жанға жәйлі жібектей самал есіп тұрған көрінеді. Әсия әжем осыны ескеріп, «Менің бұл немерем өскенде ел мақтаған, қыз жақтаған жігіт болады!» деген сеніммен маған «Самал» деген есімді лайық көріпті, – деді бізбен әңгіме барысында Қайыржанның Самалы.

«Ерекше есімнің» тап осы кейіпкерінің ауылдасы, бүгіндері Орал қаласында тұратын педагогика саласының ардагері Есенкелді Есболсынов «Самал Ыдырысов адам ретінде де, маман ретінде де қолынан келер көмегін ешкімнен аямайтын жаны жайсаң азамат. Әжесі жарықтық атын тауып қойған»  деген мазмұндағы мақтаулы лебізін алға тартты.

1975 жылғы сегізінші сәуірде жарық дүниеге көрініп, жарқын өмірдің есігін ашқан Әбуов Самал Қадерұлы – Бөкей ордасы ауданындағы Бисен ауылының тумасы. «Ерекше есімнің» үшбу кейіпкері Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан мәдениет институтының 1997 жылғы, ал Бибісара Бишенәлиева атындағы Қырғыздың мемлекеттік театр және кино институтының 2013 жылғы түлегі.

CE73A21B-B9B7-49BB-8774-3453B2B5FE9D

Бүгіндері Самал Әбуов ел-жұртқа Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының режиссер-актері ретінде танымал.

– Алты перзент сүйген ата-анамның сүт кенжесімін. Біз Бисен ауылында, ал нағашы ата-әжем Хан ордасы ауылында тұрды. Ол уақытта қазіргідей ұялы телефон атымен жоқ, есесіне, үй телефоны кеңінен қолданыста болған ғой. Анам мені босанған күні түс ауа нағашы атам Уәли «Жас-кәрінің бірдей жанын-тәнін сергітер бүгінгі күннің самалы ерекше екен!» деп сырттан үйге сүйсіне сөйлей кіріп келе жатса, алдынан қолындағы баласының келіншегі, «Ата, сүйінші! Меруерт қызыңыз ұл тапты!» деп сүйінші сұрай қарсылапты. Сол кезде нағашы атам «Апырым-ай, жаңа ғана аузымнан «самал» деген сөз шығып еді, ендеше көптің көңілін сергітер, жанын жадыратар өнерпаз болсын деген ырыммен бұл жиеннің атын Самал деп өзім қоямын» деген екен...

Самалдармен сөйлескен  Әлжанның  Бауыржаны,

Орал қаласы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале