12.07.2022, 9:15
Оқылды: 66

Ерекше есім

Ақан сері – күллі қазаққа мәшһүр есім, таныс тұлға. Ал Жансері деген есімді өз басым елудің жетеуіне келгенше естімеппін. Сонымен «Ерекше есімнің» бүгінгі мейманы – Серік Жансері Айдынұлы.

2a9cfb94-5343-4ac6-8b1c-24f5bba1a8ed

Бұл кейіпкері­міз 1995 жылы ақпан айының он үшінші жаңасында Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Бетқайнар ауылында жарық дүниеге көрінген.

Айдынның Жансерісі бірер жылдан бері Орал қаласындағы «Жайықмоторс» ЖШС-да са­ту бөлімінің менеджері болып қызмет істейді. Бозбала шағында грек-рим күресімен шұғылданған, гитараға қосылып ән шырқайтын өнері бар, түр-тұлғасы келісті де көрікті жігіт Жансерінің атын әжесі Әсем апа қойған екен.
– Әжемнің Алматы қаласында тұратын Серіжан деген туған інісі бар. Ол кісі ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-көлемге, жалпы ел-жұртқа сыйлы азамат, қайырымды кәсіпкер. Әжем маған ат қоярда мені өзінің бауырындай көпке сыйлы, айналасына жұғымды, төңірегіне қайырымды болсын деген ниетпен Серіжан ағаның есімінің соңғы буынын алға шығарып, Жансері деп атапты, – деді бізбен әңгіме-дүкен барысында үшбу кейіпкеріміз.

improved_photo

Жансерінің өз руы ұлы жүздің һәм қазақтың іргелі руларының бірі – Дулат, Дулаттың ішінде Қыбырайы. Ал қайын жұрты кіші жүздің ең ірі руларының бірі – 12 ата Байұлының Байбақтысынан тарайтын Күшпен. Бұл рудан жаугершілік заманда сыртқы жаумен соғыста ерен ерлік көрсеткен баһадүр батырлар көп шыққаны мәлім. Соның бірі – қалмақтарға қарсы жан алысып, жан беріскен жорықтарда қол бастаған Күшпен Тайлақ батыр. Ретті жерінде айта кетелік, Ауғанстанда жанқиярлық ерлігіне қоса, асқан кәсіби шеберлігімен ерекшеленген әскери тікұшақшы, Совет Одағының Батыры, Ресей Федерациясының Қаһарманы Қайыркелді Майдановтың руы да Күшпен. Ресейдің Самара облысында тұратын қазақ отбасының көркіне ақылы сай Әлфия есімді қызына үйленген Жансерінің бүгінде бір ұлы бар. Жас жұбайлар екінші перзентін күтуде.

Жарасымды жұп, жарасты жас жанұяға «Орал өңірінің» мың-сан оқырмандарының атынан баянды бақыт тілейміз!

Салықтың Бауыржаны,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале