8.09.2022, 10:30
Оқылды: 165

Ерекше есім

«Ерекше есімнің» бүгінгі кейіпкері Қырымжан Жақыпова – жұртшылыққа  ұлағатты ұстаз ретінде танымал жан. Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжде оқытушы болып еңбек етуде. Ол студенттерімен алғаш танысқан сәттен бастап есімінің қойылу тарихын айтып береді. Кейіпкеріміздің есімін атасы қойған. Біз Қырымжан апайдан сирек ұшырасатын есімнің сырын сұрадық.

3

– 1961 жылы әкем Қазалы техникумын бітіргеннен кейін Қызылордадан жолдамамен Ақтөбенің Ойыл деген жеріне қызметке жіберілді. Әкесі – менің атам «Сырдың масасына таланып жүргенше қырға шығайық. Өзімнің де керуен тартып жүрген жерім еді» деп, 21 жастағы баласының соңынан ере беріпті. Сөйтіп, әкем Аралдан анасын, бауырларын пойызбен алып кетеді. Ал атам төрт түлік малын алдына салып айдап, жермен көшіп, жол бойы адамдармен танысып, тума-туыс пен тамыр-танысты көбейтіп келіпті. Бүтіндей бір отбасын көшіріп әкелген әкем Ойыл ауданының Саралжын ауылына қоныстанады. Осы жерден өз бақытын тауып, анаммен танысып, отбасын құрады. Араға бір жыл салып, мен өмірге келіппін. Бұл кез атамның «Түйе қартайса, ботасына ереді» демекші, баласының соңынан еріп келіп, енді Аралда қалған ұлын, Сыр бойын сағынып жүрген кезі болса керек. Мен дүниеге келгенде қуанып, «Қырымға кетіп қалғанымда көңілімді басқан жаным болсын, Қырымжан болсын» деп есімімді қойған екен, – дейді Қырымжан апай.

Кейіпкеріміздің есімі сирек кездесетіндіктен, Қырмызы, Қырымхан деп шатыстыратын жайттар көп кездеседі. Осыдан біраз жыл бұрын жұбайы Мұхамбетпен алғаш танысқан кезде ағамыз да атын шатыстырып, Қырымхан деп шақырыпты. Бүгіндері ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере-жиен сүйіп отырған жұптары жарасқан жұбайлар сол кезді күліп еске алады. Әсілі, азан шақырып қойған есімнің адамның тағдырына да әсер ететін тұстары да болады екен. Ол  туралы кейіпкеріміз былай дейді:

– Бала кезімізде әжеміз бізге ине сабақтатады ғой. Сонда мен ылғи ұзын етіп сабақтап берсем, «Алысқа күйеуге шығасың» дейтін. Қырым сөзі де «алыс» деген мағынаны білдіреді. Біз отбасында алты баламыз. Соның ішінде төркінімнен жырақта жүргені мен ғанамын, – дейді есім сырына үңілген кейіпкеріміз.

Қырымжан есімін иеленген кейіпкеріміздің білім саласында жеткен жетістіктері аз емес. Өз мамандығын  ерекше жақсы көріп таңдаған кейіпкеріміздің ұстаздық жолда сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол үш жыл Жаңақала ауылдық мектебінде оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Кейіннен он жыл М.Өтемісов атындағы БҚУ-да оқытушылық қызмет атқарды. Ал еңбек жылдарының көп бөлігін, ширек ғасырға жуық уақытын Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне арнаған екен. Бүгіндері әлі сол колледжде жемісті еңбек етуде. Кейіпкеріміздің шәкірттері еліміздің іргелі оқу орындарында білім алып, ұстаз мерейін асырып жүр. Өңірімізге танымал журналист Жандос Хамза мен Назарбаев зияткерлік мектебінде тәрбие жұмысының орынбасары болып еңбек ететін Эльвира Айдыналиева, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Бақытханым Мақсотқызы – Қырымжан апайымыздың мақтан тұтар  шәкірттерінің бірі. Кейіпкеріміз мағыналы есім қойған атасына дән риза. Өз есімін жақсы көреді.

– Атам өмірінде әкем екеуміздің ғана атымызды қойыпты. Екеуінің де өз мән-мағынасы бар. Атамның тұңғышы – ұл бала. Кейіннен анам тағы құрсақ көтергенде атам ұл болса деп күтеді. Атамның арманы орындалып, екіншісі де ұл болып, менің әкем дүниеге келеді. Сонда атам Аллаға үмбетің риза деп, әкемнің атын Үмбетриза (Үмбетрза) деп қойыпты, – деп атасын еске алған кейіпкеріміз қазақ халқының ат қоюға бейжай қарамағанын атап өтті.

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Білімге үлес қосқаны үшін» медалінің иегері Қырымжан Жақыпова – тек ұстаздық етіп қана қоймай, тіл жанашыры ретінде қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, өз ой-пікірін ашық білдіріп жүрген қайраткер ұстаздардың бірі.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале