25.08.2022, 9:15
Оқылды: 74

Ерекше есім сыры

Қазақ арасында «Асан» деген де, «Темір» деген де кісі есімі бар. Ал осы екі есімді дефис арқылы жазылатын қос сөзге айналдырып, бір адамға «Асан-Темір» деп ат қою тым сирек ұшырасатындығы кәміл. Сондай ілуде біреудің һәм некен-саяқтың бірі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Асан-Темір Қаршығаұлы.

1

«Өзімнің аспанымның астындамын», «Тәңірге хат», «Шідерлі шер» атты жыр жинақтарының авторы Асан-Темір ақын 1982 жылдың жиырма тоғызыншы мамырында сол кездегі Тайпақ ауданына қарасты Жаманқұдық ауылында жарық дүниеге көрінген.

– Негізі, менің есімімді әкемнің ағасы Үмбетқали атам «Асан» деп қойған. Үлкендердің сөзіне қарағанда, ол кісі маған қазақ даласына оқу-білімнің шұғыласын шашқан ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің бай баласы мен жарлы баласы жөніндегі мысалындағыдай дәулетті кісінің баласы болса, өскесін өзі де бақуатты-берекелі адам болса екен деген ой-ниетпен «Асан» деп ат қойғанды жөн санапты. Негізі, құжат бойынша толық аты-жөнім Темиров Асан Қаршыгиевич болды. Арада зуылдап жылдар өтті. Есейдік, оқыдық, тоқыдық, күндердің күнінде үйленіп, үйлі-баранды болдық. Ұлым Әбілмансұр өмірге келді. Бертін келе «Ұлым өскенде не айтамын, аты-жөнім құжат бойынша орысша...» деген ой жиі мазалай бастады. Содан бір күні ата-анаммен ақылдасып, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» дегендей, есім-сойымнан атамның атын да жоймай, аты-жөнімді Асан-Темір Қаршығаұлы деп өзгертіп алдым. Шынтуайтына келгенде, аты-жөн өзгертудің машақаты көп екен. Әлгіндей бағытта құжаттарымды реттеуге барғанда тиісті мекемедегілер оң қабақ таныта қойған жоқ. Алайда мен де айтқанымнан қайтпадым. Турасын айтқанда, алты ай бойы аты-жөнімді өзгертумен алысып, ақыры дегеніме жеттім. Бір қуанарлығы әдеби орта, әдеби қауым Асан-Темір Қаршығаұлы деген жаңа аты-жөнімді жатсынбай-жатырқамай бірден жылы қабылдады, – деді бізбен әңгімесінде өз-өзіне ат қойған Асан-Темір ақын.

Бақытжан Жайық,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале