Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Онда Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев осынау айтулы мерекемен жиналғандарды құттықтап, сөз сөйледі.
–Сонау Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрасы ретінде ата-бабаларымыз ғасырлар бойы сақтап келген Ұлы Даланың қастерлі мерекесі Тәуелсіздік күнімен баршаңызды құттықтаймын. Бұл–еліміз үшін ең ұлағатты күн. Жиырма тоғыз жыл тарих таразымен өлшегенде аз уақыт болғанымен, Қазақстан осы жылдар ішінде индустриялық-инновациялық мемлекетке айналды. Өткен дағдарысты еңсерудің қаншалықты қиын болғанын барлықтарыңыз білесіздер. Тоқырау жылдары 130 қазақстандық кәсіпорын жұмысын тоқтатып, жұмысссыздар саны екі миллионға жетті. Жалақы мен зейнетақы айлап кешіктіріліп берілгені есімізде. Біз сол қиыншылықтардың бәрін жеңдік.
Тәуелсіздік алғалы қол жеткен табыстар халықтың ерен еңбегінің арқасы. Егемендік алғаннан бастап қабылданған барлық саяси және экономикалық шешімдер елдің дамуына өлшеусіз көмегін тигізді. Ауыл шаруашылығына инвестиция, сауда-саттық, денсаулық пен білім, жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, бұл бағытта көптеген істер жүзеге асты. Еліміздің экспорттық әлеуеті артып, экономикасы өркендеді. Мемлекет халықаралық шаралардың арқасында облысқа қолайлы инвестиция салды. Жиырма тоғыз жылдың ішінде ішінде өңір экономикасына 4 триллион, 900 миллиард теңге инвестиция құйылды. Баршаңызға мәлім, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда құрылыс түгілі, қарапайым жалақы мен зейнетақы беру басты мәселе болды. Ал биыл құрылыс жұмыстарының көлемі бірнеше есе артып, 175 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл да егемендіктің жарқын көрінісінің бірі,– деді Ғали Нәжімеденұлы.
Бұдан соң облыс әкімі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін облыс азаматтарының үлкен бір шоғырына ҚР мемлекеттік наградаларын салтанатты жағдайда табыс етті. Олардың ішінде Жәнібек ауданындағы «Әлем» ШҚ басшысы Ескендір Елемесов, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филормониясының әншісі Сәуле Таудаева «Құрмет» орденімен, Бөкей ордасы ауданындағы «Көшен» ШҚ механизаторы Нұржан Ғаббасов, Қаратөбе ауданындағы «Мөлдір» ШҚ малшысы Тұрар Сейітқалиев, Бәйтерек ауданындағы «Достық» ШҚ механизаторы Николай Кондрашов үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталса, «Ерен еңбегі үшін» медалі Орал қаласындағы еңбек ардагері Ғалия Исановаға, Ақжайық ауданындағы «Сәбит» ШҚ басшысы Ерболат Құрманғалиевқа, Жәнібек аудандық электр торабының машинисті Сергей Шилихинге берілді.
Ал «Шапағат» медалі Сырым ауданындағы еңбек ардагері Гүлбақша Ерғалиеваға, Казталов ауданындағы «Бауырлар-Нарм» ШҚ басшысы Нұрлыбай Жолдыбаевқа, Оралдағы «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, волонтер Рада Хайрошеваға, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің фотосуретшісі Рафхат Халеловқа табыс етілді.
Сондай-ақ бір топ азаматтар Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Марапатталғандар атынан Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филормониясының әншісі Сәуле Таудаева, Бәйтерек ауданындағы «Достық» ШҚ механизаторы Николай Кондрашов сөз алып, өздерін жоғары марапатқа ұсынған облыс әкіміне алғыс айтып, алдағы уақытта да Тәуелсіздіктің тұғыры биік болуы жолында қажырлылықпен еңбек ете беретіндіктерін жеткізді.
Мерекелік салтанатты шара «Тәуелсіздік - Тұғырым» атты үлкен концерттік бағдарламаға ұласты.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz