5.10.2023, 18:15
Оқылды: 138

Аудан әкімін сайлау: Ерғазиев неге кандидат ретінде есепке алынбады?

Тасқала ауданы әкімі сайлауына үміткер болуға ниет еткен Әлібек Ерғазиевтің кандидатурасын қабылдаудан Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясы бас тартты. Оған себеп – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаменті сайлау комиссиясына ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңына сай біліктілік талаптарына Ерғазиевтің еңбек өтілі сәйкес келмейтіні туралы хат жолдаған. Осыған байланысты БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Әлібек Тілегенұлы сайлау комиссиясының шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Оған қолдау білдірген «Сара жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жазушы Алпамыс Бектұрғанов неге шұғыл түрде брифинг өткізіп отырғандарын түсіндірді.

33D131D8-EB83-4965-8AD2-5B1F02C81A84

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына сай пилоттық үлгіде аудан әкімдері сайланады. Аудан әкіміне үміткер ретінде Тасқала ауданында туған, құқық қорғау органында еңбек еткен Әлібек Ерғазиевтің құжаттарын түгелімен сайлау комиссиясына тапсырдық. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің хатына сүйеніп, Ерғазиевті кандидат ретінде тіркемейтіндерін хабарлады. Сайлау комиссиясы мұндай шешім қабылдауға нақты не себеп болғанын түсіндірмей отыр, – деді Алпамыс Бектұрғанов.

Одан кейін сөз алған Орал қалалық мәслихатының депутаты Мақсат Айсауытов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсаловпен кездесіп даулы мәселе бойынша сұрақ қойғандарын, бірақ басшының жауабына көңілі толмағандарын айтты.

«Департамент басшысы комиссияға жолдаған хатта «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 16-бабы 3-бөлігі 14) тармақшасына сәйкес құқық қорғау органында еңбек еткен адам белгілі себеппен жұмыстан шығарылғаннан кейін үш жыл мемлекеттік қызмет атқаруға шектеу қойылатынын алға тартқан. Тәртіптік жаза мерзімі үш жылда өтеледі.

Ал Ерғазиевтің жұмыстан босатылғанына алты жылдан асты. Оған қоса кандидаттың жалған құжат жолдауы мемлекеттік қызметке қабылдамауына себептің бірі екенін ескерткен. Үміткер тізім бойынша барлық құжатты тапсырды. Әлібектің еңбек кітапшасында қай бұйрық негізінде жұмыстан босатылғаны көрсетілген. Ешқандай мәліметті жасырған жоқ. Егер департамент заң аясында нақты дәлел-дәйек ұсынбаса, мұны адамға кінә тағу деп есептеп, ертең сотқа арыз жолдаймыз. Жоғары білімі бар, полиция капитаны болған Ерғазиевтің кандидатурасын тіркетуді талап етеміз. Сардар құрамына енген адамның еңбек өтілі мемлекеттік қызмет атқарған болып есептелінеді», – деді Мақсат Айсауытов.

538D633D-02F2-451A-AE75-60D5567545D9

«Сара жол» РҚБ төрағасы Алпамыс Бектұрғанов аудан әкімі сайлауына түсетін үш кандидаттың барлығы «AMANAT» партиясының атынан түсетінін, басқа тәуелсіз кандидаттың жоқтығын, бәсекеге қабілетті үміткерлерді тіркетуге кедергі болуға саяси себептер бар деп санайтынын хабарлады. Әкім лауазымына кандидатурасын өзі ұсынған Әлібек Ерғазиев құқығын қорғау үшін күресетінін айтты.

«20 жыл көліктегі полиция құрылымында еңбек еттім. Заңсыз жолмен жұмыстан қуылдым. Лауазымды тұлғалар тарапынан қысым жасалынды. Сотқа жүгінгеніммен, одан еш нәтиже шықпады. Әділетсіздік себебінен кандидат ретінде тіркеле алмай отырмын», – деді Әлібек Ерғазиев.

Брифингтен соң егжей-тегжейлі мән-жайды білмекке БҚО сайлау комисссиясының хатшысы Күнсәуле Аралбековаға телефон шалдық.

«Қолданыстағы Қазақстан Республикасындағы «Сайлау туралы» Заңның  113-2-бабы және «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы Заңның 36-2-бабы бойынша кандидат жасы 25-ке толған, жоғары білімді ҚР азаматы болуы тиіс. Аудан әкімі лауазымы саяси мемлекеттік қызметші болып есептелінеді. Сондықтан ҚР Президентінің 2020 жылдың 31 желтоқсанындағы №485 Жарлығында көрсетілген талаптарға кандидаттың еңбек өтілі сәйкес болуы керек. Бөкей ордасы, Қаратөбе, Тасқала аудандары әкімдерінің лауазымына кандидат болу үшін үміткерлердің ұсынған құжат топтамасын тексеру үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментіне жолдадық. Кандидат құжаттарының заң талаптарына сәйкестігін осы орган ғана саралай алады. Аталған департаменттің тұжырымына сай Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясы отырыс өткізіп, Ерғазиевтің кандидатурасын тіркеуден бас тартты», – деді Күнсәуле Аралбекова.

Бұдан соң аталған департаменттің басшысына арнайы жолыққанымызда, кандидат саяси лауазым бойынша қызмет етуге құқы жоқ екенін хабарлады.

Мұрат Байсалов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы:

– ҚР «Сайлау туралы» заңына сәйкес аудан әкімі лауазымына кандидаттарға бірқатар талап қойылады. Соның ішінде «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға да сәйкестігі қаралады. Мемлекет басшысының 2015 жылдың 29 желтоқсанындағы Жарлығымен аудан әкімі саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметші болып саналады. Саяси лауазымдарға арнайы біліктілік талаптары бекітілген. ҚР Президентінің 2020 жылдың 31 желтоқсанындағы Жарлығы бойынша саяси лауазымға, яки аудан әкіміне үміткердің кемінде бес жыл еңбек өтілі, оның ішінде мемлекеттік қызметте екі жыл еңбек өтілі болуы керек. Тасқала ауданының әкімі лауазымына кандидаттардың құжаттарын зерделеу нәтижесінде Әлібек Ерғазиевтің құқық қорғау органында қызмет атқарғаны анықталды. «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға сәйкес құқық қорғау қызметі мемлекеттік қызметтің ерекше түрі болып табылады. Осы себепті кандидаттың мемлекеттік қызмет туралы заңнама бойынша біліктілік талаптарына сәйкес еместігі анықталып, соған байланысты құжаттары тексеруден өтпеді. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті өңірлік департаментінің мәліметіне сәйкес Ерғазиев құқық қорғау органынан теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған. Бұл – «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 16-бабына қайшы. Құқық қорғау органдарында теріс қылығы үшін жұмыстан шығарылған азамат мемлекеттік қызмет атқара алмайды.  

Нұртай Алтайұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале