Соңғы екі жылда Қазақстанда еріктілер ұйымдарының саны екі есе, ал жекелеген еріктілер саны 4 есе өсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
2020 жылдан бастап 130-дан астам ерікті марапатталды. Добряков клубы екі жыл бойы үздік деп танылды. Олар 15 мыңнан астам мұқтаж жандарға көмектескен.
“Добряков клубы ақша жинамайды. Барлық көмек тікелей қолма-қол жасалады. Instagram парақшасы арқылы гуманитарлық көмек көрсетіледі. Ақшалай емес, азық-түлік, т.б. қажет заттар алдырып, соны жеткіземіз. Бізде әр демалыс сайын заттарды жинайтын қойма бар”, –деді Добряков клубының еріктісі Айсұлу Майжанова.
2022 жылдың қыркүйек айынан бастап қозғалысқа қатысушылардың мүмкіндіктері кеңейтілді. Олар жеңілдетілген шарттармен үйді жалға ала алады. Бұдан басқа, олардың волонтерлік тәжірибесі мемлекеттік қызметке орналасу кезінде ескеріледі.
Бұрын ерікті болған мәжілісмен Вера Ким оларға жақсы мүмкіндіктер қарастыру керек деп санайды.
“Болашақта заңда еріктілерді сақтандыруды қамтамасыз етуді қалаймыз. Мысалы ерікті жоғалған адамдарды іздеуге қатысса, төтенше жағдайларда атсалысса, олардың өмірін сақтандыру керек. Өйткені олар қауіпті іс-шараларға қатысады”, – деді депутат.
Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда жеті жүзге жуық волонтерлік ұйым және екі жүз мыңға жуық волонтер бар.