5.06.2025, 17:30
Оқылды: 218

Еркін Өтегенов: «Өмірде де, өнерде де адалдық пен шынайылықты жоғары бағалаймын»

Халықтың рухани байлығы мен мәдени мұрасын насихаттап жүрген өнер иелері арамызда аз емес. Солардың бірі – Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының танымал әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов. Бүгінгі «Жұлдыздар» айдары аясында ел алдында жүрген Еркін ағаның шығармашылығы мен өмірлік ұстанымы жайында сыр шерткен емен-жарқын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. 

cb9435b2-1b60-4148-9016-4643da9c3502-e1684810819784

– Еркін аға, өмір жолы көп тараулы тағдыр тақтасы іспетті. Сіз соның ішінде өнер жолын таңдадыңыз. Осы шешімнің бастауында не тұрды?

– Жастайымнан сахнаға ерекше қызығушылық таныттым. Музыка – жанымның тілін тапқан әлем болды десем, артық айтқаным емес. Бұл құштарлықтың түп тамыры отбасымнан бастау алады. Әкемнің домбыра мен гитараны еркін меңгеріп, әркез әнге жақын жүретіні, анамның да ұлттық аспаптарда ойнап, бір кісідей ән салатыны менің рухани қалыптасуыма игі әсер етті. Сондықтан да әншілік өнерді маған әке қанымен, ана сүтімен дарыған табиғи мұра деп қабылдаймын. Өнерге деген ықыласым балабақша кезінен-ақ байқалды. Кейін мектепте де түрлі мәдени іс-шараларға белсене араласып, өзімді сахнада еркін сезінетінмін. Ауыл, аудан, облыс деңгейіндегі концерттер мен балалар арасындағы фестивальдерге қатысып, шығармашылық жолымның алғашқы баспалдақтарынан өттім. Әсіресе анамның әрбір өнер көрсетіліміме арнап сахналық костюм тігіп, тақырыпқа сай образ ойлап табатыны мені жігерлендіретін. Ол мені көрермен алдына жарқыратып шығару үшін барын салатын. 8-сыныпта өз бетімше домбыра шертуді үйреніп алдым. Жазғы демалыста үш ай бойы қолым қажалғанша жаттығып, домбыраны игеріп шықтым. Күй орындамасам да, әндерге сүйемел жасауға жарап қалдым. Бұл жолда маған ешкім арнайы сабақ берген жоқ – ішкі талпыныс пен қызығушылық жетеледі. Мектепті тәмамдаған соң, өнерге деген ықыласым мені Құрманғазы атындағы саз колледжіне жетелеп әкелді. Мұнда флейта класы мамандығында оқып, алғаш рет осы аспаппен бетпе-бет келдім. Тіпті оның қандай үн шығаратынын елестете алмайтынмын. Ауылдан келген мен үшін бұл мүлде жаңа дүние еді. Соған қарамастан, төрт жылдың ішінде флейтаның қыр-сырын меңгеріп, оны еркін игере алдым. Бұл аспапты үйрену тыныс, икем және сезімталдықты талап етеді. 2009 және 2018 жылдары өткен жеке концерттерімде осы аспаппен көрермен алдына шыққан сәттерім ерекше есте қалды. Одан кейін М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде мәдени ұйымдастырушы мамандығын игердім. Ал 2004 жылдан бері Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның шығармашылық құрамында еңбек етіп келемін. Осы жылдар ішінде филармония менің кәсіби өсуіме, шығармашылық шабытыма жол ашқан рухани орталыққа айналды.

– Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда қызмет істеу – мәртебе әрі жауапкер-шілік. Бұл мекеме сізге не үйретті?

– Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония – біздің өңірдегі өнердің қара шаңырағы. Осында еңбек етіп келе жатқаныма 20 жылдан асты. Бұл – нағыз кәсіби концерттік ұйым. Мұндай мәртебелі мекемеде қызмет ету, шынымен де, үлкен абырой әрі жауапкершілік. Филармонияға алғаш келген кезім есімде. Танымал сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Донеділ Қажымов ағамыз дауысымды тыңдап, әнші ретінде қабылдады. Осылайша, шығармашылық жолым басталды. Сахнада жүрген алғашқы жылдары білікті әріптестерімнен көп нәрсе үйрендім. Алдыңғы буын өнер саңлақтары – Қатимолла Бердіғалиев, Сағадат Рахметжанов, Қанатқали Қожақов ағаларымыз және Сәуле Таудаева апамыз секілді майталман әртістермен бірге жұмыс істеп, тәлім алдым. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Филармонияның құрамында жүріп, гастрольдік сапарларда да мол тәжірибе жинақтадым. Әсіресе 2005 пен 2012 жылдар аралығында Ресей Федерациясының бес облысын аралап, қандастарымыз көп шоғырланған ауыл-аймақтарға мәдени сапармен көп баратынбыз. Бұл жобаны белгілі өнер жанашыры Сағадат Рахметжанов ағамыз ұйымдастырды. Шетелдегі қазақтарды рухани тұрғыда қолдауды мақсат еткен бұл бастама өте ауқымды әрі мәнді болды. Бір күнде төрт-бес концерт қойып, әртүрлі жастағы көрермен қауыммен кездесіп жүрдік. Осы гастрольдік жылдар мені сахнада шыңдады, өнерге деген жауапкершілігімді арттырды. Әуелде 13 жылға жуық әнші ретінде еңбек еттім. Кейін шығармашылық бөлімнің жетекшісі, содан соң көркемдік жетекші қызметтерін атқардым. Бүгінде жауапты міндеттерді тапсырып, шығармашылық жолымды тың бағытта жалғастырып келемін. Қазақ әнін, ұлттық өнерімізді насихаттап, ұлтымыздың музыкалық мұрасын кеңінен таратуға тамшыдай болса да үлес қосып келе жатқанымды бақытым деп санаймын.

– Бүгінде жас өнерпаздардың қатары қалыңдап келеді. Сіздің ойыңызша, шынайы талант пен уақытша танымалдықты қалай ажыратуға болады?

– Бұл – қазір жиі айтылатын, өзекті мәселе. Рас, бүгінде музыкаға қатысты қоғамда сан алуан пікір бар. Бірі арзанқол әндер, бірі уақытша танымал болуға ұмтылған орындаушылар туралы сөз етеді. Өз басым бұл құбылысты ықылым заманнан келе жатқан «көше әндерінің» қазіргі заманғы баламасы ретінде қабылдаймын. Яғни белгілі бір ортада, той-томалақтарда ғана сұранысқа ие, уақытша пайда болатын әндер қашан да болған. Дегенмен талғамы биік көрермен нағыз өнерді, сапалы шығарманы бірден таниды деп сенемін. Өзім де ауылдың топырағында өсіп, қазақы тәрбиені санама сіңірген соң, халық әндері мен ұлттық нақыштағы туындыларға жақынмын. Бұл – менің жанымның табиғи таңдауы. Қазіргі заманауи композиторлардың ішінде де сәтті жазылған, өлеңі мен әуені үйлескен өте жақсы шығармалар бар. Қазақ эстрадасынан Қуандық Рахым, Нұрболат Абдуллин секілді әншілердің репертуары көңілімнен шығады. Олар жаңашыл, сонымен қатар ұлттық бояуы қанық әндерді орындайды. Ал өзге елдің әндерін қазақ тіліне аударып орындау – сәттік тренд қана. Мұндай әрекет уақыт өте келе өз орнын босатады деп ойлаймын. Себебі біз ең алдымен төл өнерімізді, қазақ музыкасын дамытуымыз қажет. Ұлттық ерекшелікті сақтау – бұл біздің ұлт ретіндегі болмысымызды, мәдени кодымызды сақтаудың бір жолы. Бұл бағыттан жаңылмау – әрбір өнер адамының парызы деп білемін.

– Көпшілік сізді сахнада жарқыраған өнер иесі ретінде таниды. Ал сахнадан тыс Еркін Өтеген қандай адам?

– Сахнаға шыққанда 3-4 минуттың ішінде тыңдарманның жүрегіне жол табу үшін алдымен жан дүниең, санаң таза болуы керек. Өнер иесі үшін ең басты мақсат – көрерменнің көңілінен шығу. Бұл жерде өзіңді көрсету, артық мақтаныш сияқты жат қылықтарға орын жоқ. Өйткені көрермен бәрін сезеді, бәрін байқайды. Бір ауыз сөзіңнен-ақ ішкі болмысың көрініп тұрады. Сондықтан сахна – шынайылық пен жан тазалығын талап ететін орта. Жан-жүрегімен ән салған адам ғана тыңдарманның жан дүниесін толқытып, жүрегін тебіренте алады. Әннің табиғатын терең түсініп, оның мәні мен мағынасын ашуға тырысамын. Ал сахнадан тыс өмірім – ең қарапайым тіршілік. Үй шаруасымен айналысып, отбасыммен уақыт өткіземін. Жер үйде тұратын болған соң, аула шаруасы таусылмайды: жазда шөп жұлып, қыста қар тазалаймыз, шағын бау-бақшамызды баптаймыз. Балалармен көп уақыт өткізуге тырысамын. Оларды тазалыққа, табиғатқа жанашырлықпен қарауға, еңбекқор болуға баулимын. Өзім де табиғат аясында серуендегенді жаным сүйеді. Бүгінде Алланың берген қос-қостан ұл-қызым бар. Перзенттерім қалада туып-өсті, ал мен ауылда өскен соң, оларды да қол еңбегіне баулуға тырысамын. Себебі адамның тұлғалық дамуы үшін табиғатпен үндестік, қарапайым еңбек пен отбасындағы тәлім-тәрбиенің орны ерекше деп білемін.

– Сіз тек өнер иесі ғана емес, перзенттеріңіздің арқа сүйер әкесісіз. Сахна сыртындағы үйдегі әке ретінде рөліңізді қалай сезінесіз? Жалпы, сіз үшін жарасымды жұп, берекелі отбасы деген нені білдіреді?

– Бұл да ән сияқты ғой – отбасында да ең алдымен тазалық пен адалдық қажет. Өз басым өмірде де, өнерде де адалдық пен шынайылықты жоғары бағалаймын. Сүйген жарыңа деген құрмет пен сыйластық бәрінен биік тұруы тиіс. Бұл тек күнделікті қарым-қатынастан ғана емес, сана мен жүрек үндестігінен туатын нәрсе деп ойлаймын. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпаққа рухани тәрбие беру – бүгінгі күннің басты міндеті. Өзім де отбасыма көбірек уақыт бөлуге тырысамын. Бір-бірімізге жылы сөз айтып, балаларды еркелетіп, жанашырлық пен мейірімге бөлеп отырамыз. Бұл – шынайы сүйіспеншіліктен қалыптасатын күнделікті қарапайым, бірақ өте маңызды қадір-қасиеттер. Ер-азамат ретінде анама, бала-шағама, жұбайыма барынша көңіл бөліп, қорған болуға ұмтыламын. Биыл, Алла қаласа, шаңырақ көтергенімізге 13 жыл толады. Ел қатарлы жанұя болып, перзенттерімізді тәрбиелеп отырмыз. Балаларымыздың саналы, тәрбиелі болып өсуіне ерекше мән береміз. Ол тәрбие ең алдымен өзімізден басталуы керек деп есептеймін. Ата-ана қандай болса, бала да соны көріп өседі. Сондықтан өзімізді дұрыс ұстап, сөзіміз бен ісімізді үйлестіріп, тазалыққа, сыпайылыққа, сүйіспеншілікке тәрбиелейміз. Әңгіме арасында да құрмет, махаббат, адалдық туралы жиі айтып, ұл-қызымыздың санасына сіңіруге тырысамыз.

– Еркін аға, жақын күндері жеке шығармашылық кешіңіз өтеді екен. Ел-жұрт үшін бұл кештің мазмұны мен ерекшелігі қандай болмақ?

– Иә, бұйырса, биылғы 11 маусым күні Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында (Карев көшесі, 47) жеке шығармашылық кешім өтпек. Кештің атауы – «Ән – жүрегімнің лирикасы». Бұл атаудың өзі көп нәрсені аңғартады. Өйткені менің табиғатыма жақын бағыт – лирика. Сахнада да, репертуар таңдауда да осы бағытты ұстанамын. Тыңдарманмен сырласуға, жүректер үндес-тігін табуға тырысамын. Концерттің ерекшелігі камералық сипатта өтетінінде. Бұл – мен үшін жаңа сипат. Бұған дейін мұндай бағытта кеш бермеген едім. Сол себепті дайындық та ерекше ыждағаттылықпен жүріп жатыр. Бұл кеште Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің сүйемелдеуімен ән шырқаймын. Оркестрмен әр әннің бояуы қанық, кештің шырайлы болатыны белгілі. Бағдарламада өзімнің репертуарымдағы тың туындылар да, халықтың жүрегіне жол тапқан, көптің көңілінен шыққан әндер де бар. Себебі көрермен сахнадан өзіне таныс, бұрыннан жақсы көретін әндерді де күтеді. Сондай-ақ қос дауыста орындалатын бірнеше шығарма да болады. Жалпы айтқанда, бұл – жан әлемімнің үнін жеткізетін, лирикалық көңіл-күйге толы, сырлы кеш болмақ. Шығармашылық кешіме келетін көрермен әр әннен жүрек жылуын сезініп, рухани нәр алып қайтады деп сенемін.

– Кешіңіз көптің көңілінен шығып, керемет өтсін!

Сұхбаттасқан
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале