Маусымаралық үзіліс кезінде туған жеріне келген футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының қорғаушысы Еркін Тапалов газет тілшісіне берген сұхбатында өзінің отбасы, футболды қалай бастағаны, шетелден келген ұсыныстар мен арманы жайында айтып берді.
– «Еуро – 2024» турниріне іріктеу кезеңінде біздің ел жұдырықтай жұмылып, жігіттердің тілеуін тіледі. Осындай тарихи ойындарда құрама сапында жерлесіміздің болғаны қуантады. Осы ретте өзің туралы, футболға қалай келгенің жайында айтып берсең?..
– Мен Тасқала ауылында өмірге келдім. Ата-анам еңбек адамдары, екеуі де құрылыс саласында жұмыс істейді. Ал футболға қызығушылығым ауылда оянды. Менің алғашқы бапкерім – Мағзом
Есқалиев. Өкінішке қарай, ол кісі осы күні арамызда жоқ. Бірақ мен Мағзом ағайыма қарыздармын. Өйткені бүгінгі жетістігіме сол кісінің арқасында жеттім. Иманы жолдас, жатқан жері жарық болсын! Тоғызыншы сыныпқа дейін ауылда доп тептім. Кейін Орал қаласына оқуға түсіп, «Ақжайық» футбол клубының 1993 жылғы ойыншылар командасында жаттығуымды жалғастырдым. Ал 2011 жылы алғашқы кәсіби келісімшартыма қол қойдым.
– Көп жанкүйер футболшылардың жалақысы жоғары екенін айтады. Сенің кәсіби футболшы ретінде алған алғашқы еңбекақың қанша болды?
– 2011 жылы 17 жасымда «Ақжайықпен» бірге бірінші топта өнер көрсеттік. Ол кездегі жалақым 30 000 теңге болды. Сол қаржыны жинап, оқуымның ақшасын төледім. Ата-анамнан ақша сұрамайтындай дәрежеде болдым. Ара-тұра үйге де ақшалай көмектесіп тұрдым.
– Алғаш рет ұлттық құрамаға шақырту алған кезде қандай сезімде болдың?
– Қатты қуандым. Қай жылы екені есімде жоқ. Ұлттық құрама тізгінін Талғат Маруаұлы Байсуфинов алған шақ. Түркияда Молдова құрамасына қарсы жолдастық кездесуге шақыртты. Ал құрама сапындағы алғашқы ресми ойынды Финляндия құрама командасына қарсы өткіздім.
– Ұлттық құрама жейде-сін киіп, доп тебу қаншалықты қиын?
– Ұлттық құрамаға соңғы кезде жиі шақырады. Әлі күнге дейін алғашқы күндегідей қуанамын. Ал ойып жақындаған сайын толқыныс күшейеді. Өйткені ойынды тек жақын-жуығың ғана емес, бүкіл Қазақстан тамашалайды. Миллиондаған адамның үмітін арқалап шығу оңай емес. Жеңген кезде ел қуанып жатқанын көресің. Биылғы іріктеу кезеңіндегі жеңістер бізге үлкен сенім сыйлады. Көп адам құттықтап жатты. Ал «Астана Арена» стадионындағы атмосфера тіптен керемет болды!
– Жеңілген кезде қандай сезімде боласың?
– Өте ауыр, ешкіммен сөйлескің келмейді...
– Бір жылдары футболдан жырақтап қалғаныңды да білеміз. Сол кезде қиын болды ма?
– Иә, ондай жағдай болды. «Ақжайық» мені негізгі құрамға алмай қойды. Амалсыздан футбол орталығында жаттықтырушы қызметін атқардым. Ол кезде жасым 25-те. Футболшы ретінде өзімді көрсеткім келді. Команда бапкерлеріне барып, мені «Ақжайықпен» бірге оқу-жаттығу жиынына алып кетуін сұрадым. Талабымды орындамаса, табандап тұрып алатынымды айттым. Олар келісті. Жиын барысында өзімді жақсы көрсетіп, келісімшартқа қол жеткіздім. Балалар бапкері болып жүрген кездегі жалақым әлдеқайда көп болды. Бірақ футболшы болам деген мақсатыма жету үшін аз жалақыға келістім. 2018 жылға дейін команда сапында болдым да, 2019 жылғы маусымда «Жетісуға» ауыстым.
– Еркін, Түркияның «Маниса» клубы сізді өз сапына қосқысы келеді деген ақпарат тарады. Осы қаншалықты рас?
– Бұл рас сөз, қазіргі таңда «Маниса» футбол клубы мен менің агентім келіссөз жүргізіп жатыр. Ол бір күнде не бір аптада шешілетін мәселе емес. Олардың да шарттары болады, біздің де сұранысымыз бар. Екіжақты да қанағаттандырар ұсыныс болса, Түркия чемпионатында ойнауға қарсы емеспін. Бала күнімде аудан құрамасына, одан соң «Ақжайықтың» жастар командасына, негізгі құрамына өтуді армандадым. Кейін ұлттық құрама сапында ойнағым келді. Оған да қол жеткіздім. Енді шетел шемпионатында өзімді көрсеткім келеді.
– Бұрын елімізде футболшылар хейт астында қалатын. Іріктеуден соң хейт азайды ма?
– Осы күні жоқ десем де болады. Бірақ Словениямен болған ойыннан соң жекелеген ойыншыларға қатысты хейт көбейді. Бірақ біз біргеміз. Жеңілген де, жеңген де команда. Сондықтан жеңген кезімізде қалай қолдаса, сәтсіз матчтардан кейін де жанкүйерлердің бізбен бірге екенін сезінгіміз келеді.
– «Қызылжар» командасының капитанысың. Бірнеше маусым бойы солтүстік жұрты сені көшбасшы деп білді. Бірақ туған жерің – Орал. Сені Оралда көбірек тани ма әлде Петропавлда ма?
– Оралда да, Петропавлда да танып жатады. Екі қала да ірі мегаполис емес қой. Сондықтан танымал адаммын дей алмаймын. «Қызылжармен» бірге конференция лигасында ойнадық, сол шақта бүкіл қазақ елі біздің тілеуімізді тіледі. Ұлттық құраманың матчтарынан соң да танитындар саны артты. Оралдың да, Петропавлдың да жанкүйерлеріне ризамын!
– Футболшы болмаған кезде кім болар едің?
– Бұл жайлы өзім де көп ойланамын. 9-сыныпқа дейін футболшы болсам деген емеспін. Бірақ әскери маман болуды армандадым. Ондай арманым болғанын әлеуметтік желідегі парақшама да арнайы пост етіп шығардым. Аяқдоп арбап алмағанда офицер болар едім.
– Ата-анаң әскери болсам деген арманыңнан бас тартып, футболшы болып кеткеніңе қарсы болмады ма?
– Үзілді-кесілді қарсы болды дей алмаймын. Бірақ «Доп ойнаған тозар» деген мақалда айтылғандай, көп адам футболды кәсіп емес, ермек деп ойлайды. Мансабымның басында туған-туыстан «Саған осы футбол не пайда әкеледі?» дегенді де естідім. Бірақ нәтиже көрсете бастаған шақта мені қолдады, ойынға келіп жанкүйерлік танытатын болды. Сондықтан ата-анам менің таңдауыма разы деген ойдамын. Өйткені бастаған ісімді соңына дейін жеткіздім. Ұлттық құрама ойыншысы атандым. Мені жұбайыммен та-быстырған да осы футбол.
– Футболшы өмірі қарбаласқа толы. Апта сайын басқа қалаға кетеді. Апталап, айлап үй көрмейтін кездер де баршылық. Ұлттық құрамаға қабылданған жағдайда демалыссыз жұмыстануға тура келеді. Зайыбың осыған үйренді ме?
– Ол енді рас. Мен маусым бойы басқа қаладамын. Асыл жарым балалармен бірге Оралда. Отбасыңнан жырақта жүру оңай емес. Бірақ отбасым мені қашанда қолдауға әзір. Демалыс кезінде отбасым міндетті түрде маған келеді.
– Перзенттеріңнің футболшы болғанын қалайсың ба, Еркін?
– 2014 жылғы ұлым «Ақжайық» сапында жаттығады. Биылдан бастап ел чемпионатына шығып жүр. Мен оны футбол ойна деп үгіттеген жоқпын. Өзі таңдады. Мүмкін, мені үлгі тұтқан соң футболшы болғысы келген шығар. Футболшы болса қуанамын. Бірақ міндетті түрде әке жолымен жүру керек деу де қате деп ойлаймын.
– Инстаграм желісінен жарнамаға түсіп тұратыныңды байқап жүрміз. Біздің көп футболшы ондай қадамға бара қоймайды. Сен үшін ол қосымша табыс па әлде танымалдылығыңды арттыру тәсілі ме?
– Петропавлдағы спорт дүкенін жарнамалаймын. Ол тек дүкен үшін ғана емес, маған да үлкен пайда алып келеді. Медиа дамыған заманда оның барлық мүмкіндігін пайдалана білген жөн. Футболшы мансабым мәңгі емес. Сол себепті қазірден бастап кәсіптің біраз түрін байқап көру керек.
– Жасың 30-ға келді. Бала күнгі Еркіннің арманын естідік. Орда бұзар жастағы Еркін нені армандайды?
– Адам армандау керек. Менің арманым, алға қойған мақсатым – шетел чемпионатында ойнай алатынымды дәлелдеу. Ұсыныс та бар. Алла бұйыртса, Түркияда өзімді көрсетіп, бауырлас ел жанкүйерінің сүйікті ойыншысына айналғым келеді.
– Еркін, саған қарап бой түзеп, футболшы болсам деген жас жеткіншектерге не айтасың?
– Алдына мақсат қойған әр бала соған жету жолында тынымсыз еңбек ету керек. Кейде өзге қызықтан бас тартуға да тура келеді. Еңбек бәрін жеңбек. Қателесуден де қорықпаған жөн, өйткені ол өмірлік сабақ болады. Мейлі футболшы бол, мейлі шахтер бол, актер бол, өз ісіңе берік болып, мақсатқа жету жолында ерік-жігер таныту қажет. Сонда ғана арман жақындай түседі.
– Рақмет!
P.S. Сұхбат газет бетіне дайындалып жатқан кезде Еркін еліміздің үздік командаларының бірі – қостанайлық «Тобыл» футбол клубымен келісімшарт жасасты. Түркиялық «Маниса» командасы мен футболшының агенті мәмілеге келе алмаған сыңайлы.
Сұхбаттасқан Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz