Халықаралық мүгедектер күніне орай Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тағы бір игі бастама жүзеге асты. «AMANAT» партиясының облыстық филиалы және «Тұмарым» өнер орталығының бастамасымен партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «ErkinBi» би үйірмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара жақында ғана ашылған ерекше жандарға арналған спорт кешенінде ұйымдастырылды.

Жобаның басты мақсаты – мүгедектігі бар жандарға шығармашылықпен айналысуға, би арқылы өзін еркін сезінуге, жаңа ортаға бейімделуге, қоғаммен байланысын нығайтуға мүмкіндік беру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама инклюзивті мәдениетті дамытудың өңірдегі маңызды қадамдарының бірі болып саналады.
Ашылу рәсіміне партия басшылығы, мемлекеттік мекемелердің басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, әлеуметтік қорғау және инклюзия бағытында жұмыс істейтін серіктес ұйымдардың өкілдері, еріктілер мен ата-аналар қатысты.
Шараның ашылуында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, аталған жобаның әлеуметтік маңыздылығына тоқталып, ерекше жандардың өмір сапасын арттыру – партияның басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– «AMANAT» партиясы қашанда өмірлік қиын жағдайға тап болған, қолдауға мұқтаж азаматтармен тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Біз үшін олардың қоғамға толыққанды араласуына жағдай жасау, шығармашылықпен, спортпен және басқа да пайдалы істермен айналысуына мүмкіндік беру – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жаңа бастаманы қолға алып отырмыз. Бүгін ашылып отырған «ErkinBi» би үйірмесі – ерекше жандардың бос уақытын тиімді өткізуіне, ортаға бейімделуіне, өзін еркін сезінуіне арналған инклюзивті алаң. Қазіргі таңда бұл үйірмеге 15 адам тіркелді. Сабақтар аптасына бір рет, толықтай тегін өткізіледі, – деді ол.

Ал облыстық мәслихат депутаты, «Кедергісіз келешек» жобасының амбассадоры, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова (суретте) инклюзивті ортаның дамуы қоғамның мәдени жетілуін білдіретінін айтып, үйірме қатысушыларына табыс тіледі.

– Бұл спорт кешені – біз 15 жыл бойы күткен қуаныш. Ақ Жайық өңірінде алғаш рет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толық бейімделген спортзал ашылды. Мұнда барлық санаттағы азаматтар үшін қажетті жағдайлар қарастырылған. Жаттығу, жуыну бөлмелері – барлығы арба пайдаланушыларға да, көру және есту қабілетінде шектеуі бар жандарға да ыңғайлы етіп жасалған. Осы игі істі жүзеге асыруға қолдау көрсеткен жандарға ерекше алғыс білдіремін. Олар біздің қажеттіліктерімізді тыңдап, түсініп, нақты көмек көрсетті. Өңірімізде спортпен айналысып, облыстық және республикалық деңгейде жеңіс тұғырынан көрінген мүмкіндігі шектеулі көптеген спортшылар бар. Енді осындай жағдай жасалғанда, жаңа шемпиондардың шығатынына сенімдімін. Және тағы бір қуанышты жаңалығымыз – «ErkinBi» би мектебінің ашылуы. Алғашқы қатысушылар – арба пайдаланатын жастар. Бұл әдемі, көне спорт түрі біздің өңірде дамып, жаңа жетістіктер әкеледі деп ойлаймын, – дейді Гүлмира Батпақұлова.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абдолов бұл бастама ерекше қажеттілігі бар тұлғаларды қолдаудың кешенді шараларымен сәйкес келетінін атап өтіп, алдағы уақытта мұндай мүмкіндіктердің көбейетінін жеткізді.
Би үйірмесіне қатысуға ниет білдіріп келгендердің ішінде халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Қайрат Нұғманов та бар:
– Мен бұрын да арбада отырып билеумен айналысқанмын. Біраз жыл өтті, бірақ тәжірибем бар: Қазақстанды аралап, тіпті Финляндиядағы жарысқа қатысып келгенмін. Ол жақтан екінші орынмен оралдым. Қазір жаңа хореорафымыз аздап қобалжып жүр, себебі бұл – оның арба пайдаланатын жандармен жұмыс істеудегі алғашқы тәжірибесі. Бірақ қорқатын ештеңе жоқ. Керісінше, алға қарай батыл қадам жасау керек. Бидің тек вальс немесе танго сияқты стандартты түрлері ғана емес, түрлі бағыттары бар: венский вальс, ча-ча-ча, шығармашылық еркін қимылдар, қол мен дене пластикасы – бәрін де арбада отырып орындауға болады. Мүмкіндік бар, бастысы — ниет, – дейді ол шын ынта-ықыласымен.
Айта кету керек, «ErkinBi» би үйірмесін ерікті түрде жүргізуге ниет білдірген – «Тұмарым» өнер ордасының негізін қалаушы, кәсіби хореограф Бұлбұл Сапарғалиева. Ол өз сөзінде би – тек қозғалыс емес, адамның ішкі сенімін оятатын, эмоционалдық және әлеуметтік дамуына әсер ететін қуатты құрал екенін атап өтті.
Жанерке Ғинаят,
«Орал өңірі»