23.05.2025, 10:00
Оқылды: 160

Ерлерді ұмытуға болмайды!

Биыл  орасан  зор  қайғы-қасіретпен, миллиондаған  құрбандықпен  келген  Жеңіске 80  жыл толып  отыр.  Жеңісті  жақындатқан  ардагерлер  мен  тыл  еңбеккерлері,  куәгерлер  өмірден  өтіп  жатыр.  Ал  олармен  бірге  соғыс  туралы  естеліктер  де  азая  беретіні  шындық.  Адамзатқа,  әсіресе  сол  кездегі  Кеңес  халқына  мәңгі  жазылмас  жара  әкелген  соғыс  туралы  шындықты  жер  жүзінде  бұрмалайтын  адамдардың  да  бар  екенін  жасыруға  болмайды.  Мен – ардагер  ұстазбын.  Осы  күнгі  жас  жеткіншектердің  дені  Екінші  дүниежүзілік  соғыс  пен  Ұлы  Отан  соғысының  тарихын  тап  бір  керім  біледі  деп  айта  алмаймын.  Ал  тарихты  білмеу  жалған  көзқарасқа,  тарихи  оқиғаларды  қате  бағалауға  әкеліп  соғады.  Бұдан  біздің  аталарымыз  және  басқа  да  миллиондаған  адамдар  кім  үшін  және  не  үшін  соғысты,  не  үшін  қаза  тапты  деген  сұрақ  туындайды.

1

Жақында Ақжайық ауданының Бударин ауылында ардагерлер мұражайы ашылғанын естідім. Бірақ осы ауылдан соғысқа аттанған, кейін ауыр жараланып, елге оралып, осында еңбек еткен, осы жерде 1959 жылға дейін өмір сүрген менің атамның аты ешқайда да аталмапты. Атамды бұл ауылда көрген, әлі естерінде сақтаған адамдар баршылық.  Шынымды айтайын, мұражайда оның есімі ардагерлер тізімінде болмағанына көңілім қалды. Содан мұражай қалай құрылды, оған мәліметтер мен жәдігерлер қалай жинақталды деген сұрақ туындағанын жасырмаймын. Жақсы іс ұйымдастырылғанын түсінемін, бірақ бәрі дәлелді болуы тиіс, мемлекеттік мұрағат пен әскери комиссариаттардың деректеріне сүйене отырып жасалуы керек еді ғой.  Бәлкім, менің атам ғана емес, Будариннен соғысқа қатысқан басқа да адамдар ұмыт қалған жоқ па екен деген сұрақ мені мазалап отырғаны рас.  Енді, болар іс болды деп қарап отырған да жараспас. Сондықтан мен біздің әулеттен соғысқа қатысқан аталарым туралы баяндап, өзімнің ұзақ жылдан бергі рухани серігім «Орал өңірі» газетіне жолдап отырмын.

Менің атам Есболсын Сиражиев Ұлы Отан соғысының қатысушысы болған. Ол мен үшін соғыстың шынайы, тірі  куәсі болатын. Оның үстіне сол қырғында жараланып, бір қолынан кемтар болып оралған еді. Біз ол кезде жаспыз ғой, атамыздан соғыс туралы әңгіме сұрап, сұрақтардың астына алатынбыз.

Бірақ атамыз соғыс туралы бізге ешқашан әңгіме айтпады. Оның әскери билетін әлі күнге дейін сақтап жүрмін.  Онда есімі Еспусин деп қате жазылып кеткен.  Сол билетінде оның 1902 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының №12 ауылында дүниеге келгені айтылған. 1942 жылдың қаңтарында Чапаев аудандық әскери комиссариатымен саптық қызметке шақырылып, 356-атқыштар полкіне қабылданады. Әскери атағы – қатардағы жауынгер, партияда жоқ, Воронеж түбіндегі ұрыстарға қатысқан. Ал бұл – қырғын соғыс ұзаққа созылған  әйгілі Курск доғасының  ауданы.

356-атқыштар полкінің құрамында атамыз 1942 жылдың қаңтарынан желтоқсанына дейін шайқасты, ауыр жараланды, бас жарақатын (контузия) алып, ұрыс алаңында қалып қойған.  Қан жоғалтудан әлсіреп, саусақтары үсіп, әйтеуір тірі қалып, госпитальге түседі. Сол ауыр жарақаттан оң қолының саусақтарынан айырылып, әрі қарай қару ұстауға жарамай, 1943 жылдың қысында Чапаев ауданының  Бударин  ауылына  оралған.

Әйелдер мен балалар ғана қалған колхозға оралған атамызды аудан бригадир етіп тағайындайды. Майданға астық, ет, жылы киім жөнелту қызу жүріп, соның басында менің атам да жүріпті. Одан әрі Чуйков атындағы колхоз төрағасының орынбасары болып жұмыс  істеді.

Менің әжем Қапыш Сиражиева да мал фермасында күндіз сауыншы болса, кешкісін ауыл әйелдерімен бірге былғары тон, қолғап тігіп, майданға аттандырып отырыпты. 1945 жылы менің атам Есболсын Сиражиевке  «1941-1945 жылдарда Германияны жеңгені үшін» медалін табыстаған екен, сол жылы ол коммунист қатарына өтеді. Атамның інісі мен жиені де соғысқа  алынған екен,  бірақ олар сол кеткендерінен қайтып оралмады. Атамыз көп сөйлемейтін, біз оның даусын үйге қонақтар келгенде ғана еститінбіз.  Әжемізден  «Атамыз неге сөйлемейді?» деп сұрай беретініміз есімде. Әжеміз ондайда  «Оның ішінде бәрі жанып жатыр ғой, мазалап, сұрақ қоя бермеңдер» деуші еді. Біздер үйде жеті перзент болдық, атамыз бізді кереметтей жақсы көретін. Атамыз сол Бударин ауылында 1975 жылы қайтыс болып, сол ауылда  жерленген.

Мен жоғарыда екінші атам мен ағамның да соғыстан оралмағанын жаздым ғой. Менің әкем Қайнеш Сиражиев олар туралы мәліметтерді ылғи іздеп жүрді. Бірақ мардымды ештеңе таба алмады.

3

Атамның інісі Жапақ Сиражиев туралы айтсам, мемлекеттік мұрағаттардағы құжаттарда оның 1904 жылы туғаны, ал екіншісінде 1905 жылы дүниеге келгені  көрсетілген. Мен оның аты жазылған үш құжатты таптым. Туған жері – Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы. Бірақ ауылы қате жазылған сияқты. Әскерге 1942 жылы 1 тамызда Чапаев аудандық әскери комиссариатымен шақырылған. Ол Сталинградты қорғауға қатысқан 226-атқыштар дивизиясының 987-атқыштар полкіне қабылданған. 1942 жылы 24 немесе 25 қазанда қаза тапқан, алғашқы жерленген жері – Сталинград облысының Городищен (бұдан әрі – Дубов) ауданы, 137,8 биіктігі. Кейіннен ол Ресейдің Волгоград облысы Городищенский ауданының Кузьмичи кентінің бауырластар зиратына қайта жерленген. Айсұлу Кушова деген әйелі қалды. Біздер отбасымызбен 2000 жылға дейін  ол  кісімен  араласып  тұрдық.

Ұлы Отан соғысына  біздің әулеттен қатысқан үшінші адам – атамның жиені, ағасының ұлы, 1921 жылы туған, партияда жоқ, қатардағы жауынгер Гильман Сиражиев. Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының № 12 ауылында дүниеге келген. 19.08.1942 жылы 19 тамызда әскерге шақырылып, Волхов майданындағы запастағы атқыштар дивизиясының 61-атқыштар полкінің әскери бөлімінде қызмет еткен. 1943 жылы 16 қаңтарда қаза тапқан.  Алғашқы жерленген жері – Ленинград облысы Мгин ауданының Тортолово ауылы, 313-бейіт. Ол небары 21 жаста еді... Оның тағдыры туралы ештеңе білмейтін соңында жұбайы қалды. Бұл – тек бір отбасының қайғы-қасіреті мен тағдыры ғана. Ал бұрынғы КСРО деп аталған алып мемлекетте қаншама отбасы, қаншама адам қайғы жұтып қалды...

Ырысқаным Сиражиева-Өтешева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале