Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең жоғары награда – Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, түрлі себептерге байланыстыс ол марапатты ала алмаған отандастарымыз аз емес. Еліміз бойынша ондай жандар 100-ден астам болса, соның 10-ға жуығы жерлесіміз екен. Солардың қатарында Есқали Мұқанов та бар.
Оқ пен оттың астында
Ел мен жердің азаттығы үшін жаумен арпалысқан жауынгердің бірі болған ол1923 жылы Казталов ауданында дүниеге келді. Соғыс басталған кезде бұрынғы Камен ауданында мұғалім болып жұмыс істеп жүрген. 1941 жылдың соңында әскерге алынып, Уфадағы жаяу әскер училищесінде тәлім алады. 1942 жылдан бастап Отанды басқыншылардан азат ету жолындамайдан даласында толарсақтан саз кешті. Бөлімше командирі ретінде Калинин, Воронеж, Батыс, І Украин майдандарына қатысты.
Архивтерде қатталған құжаттар кейіпкеріміздің қайсар майдангер, қаһарман қазақ жауынгері болғаны туралы сыр шертеді. Мәселен, 1943 жылы Днепр өзенінің маңында орналасқан Григорьевка деревнясы үшін болған шайқаста оның ер жүректілігінің, қырағылығының арқасында жаудың шабуылына тойтарыс берілді. Нақтырақ айтқанда, минометшілер тобының командирі болып жүрген гвардия аға сержанты Е.Мұқанов басқыншылар орналасқан биіктіктегі оқ ату нысаналарын дәл есептеп шығарды. Соның нәтижесінде минометшілер батальонымен атқыланған оқтан жау ұясының тас-талқаны шықты. Сөйтіп, 70 шақты неміс солдаты мен офицері жер жастанып, бірнеше станокті пулемет пен танкке қарсы зеңбірек істен шықты. Қазақ жауынгеріне осы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз ордені берілді (РФ ҚМ Орталық архиві, қор 33, хаттама 6860044, сақтау бірлігі 3370, жазба №19915164).
1944 жылдың наурыз айының басында Беларуссиядағы Колки, Макаренцы деревняларын жаудан азат ету кезінде «немістің жазалаушы жасағы Василевька селосының тұрғындарын күштеп Германияға каторгаға жіберейін деп жатыр» деген мәлімет келді. Минометшілер батальонының қолбасшылығы бұл хабарды нақтылау үшін селоға барлаушыларды жібереді. Есқали Мұқанов жетекшілік еткен барлаушылар тобы жау тылына еніп, алынған мәлімет шындыққа жанасатынын анықтап біледі. Қараңғы түсіп, гитлершілер ұйқыға кеткен кезде Василевькаға оқ жаудырып кіреді. Қызыл әскер жасағының қоршауында қалдық деп ойлап қалған фашистер дүрлігіп, жапа-тармағай қашады. Ауыл тұрғындарының көмегімен барлаушылар немістерді ауылдан қуып шығады. Әрі дұшпанның офицерлері мен солдаттарын тұтқынға алады. Осылайша кейіпкеріміз өңіріне ІІІ дәрежелі Даңқ орденін тақты(РФ ҚМ Орталық архиві, қор 33, хаттама 6860044, сақтау бірлігі 4192, жазба №21442505).
Новиковтың жаңсақ шешімі
Дегені болмай, шегінген жау әрбір сүйем жер үшін жанталаса тойтарыс беруге тырысып баққаны тарихтан белгілі. Сондай шайқастың бірі Польшадағы Висла өзенінің сол жақ жағалауындағы плацдарм үшін болды. 1944 жылдың тамыз айының басында болған кескілескен ұрыста Е.Мұқанов жетекшілік еткен минометшілер взводы рейх жаяу әскері шабуылының бетін қайтарды. Жаудың 150 жауынгері жер жастанып, бес станокті пулеметінің, үш минометінің үні өшті.
Сол күні түнде немістер тағы шабуылға шықты. Әскери амалдарды жақсы меңгерген қазақ сарбазы дұшпанның жаяу әскері взводының ату бекінісіне жақындағанын күтуге бұйрық береді. Сөйтіп, бірінші минометшілер тобы жау жақындаған бойда оқтың астына алды. Ал қалған екі топ қарымта шабуылға жол ашудың амалын жасады. Жан алып, жан беріскен шайқас барысында Есқали Мұқанов ауыр жараланды. Соған қарамастан себелеген оқтың астында жүріп, батыл әрі жедел іс-әрекет ете білді. Гитлершілердің тоз-тозы шығып, бытырай қашқанша майдан даласынан кетпей, взводқа жетекшілік жасады.
Міне, осы ерлікті минометшілер батальонының командирі, гвардия капитаны В.Пугин марапаттау қағазында баяндап жазып, жоғары басшылыққа жолдайды. Соған орай Қызыл тулы 22-мотоатқыштар бригадасына қарасты артиллерия қолбасшысы, гвардия майоры Изместьев, аталмыш бригада командирі Богданов және 6-гвардиялы танк корпусының артиллерия қолбасшысы, гвардия полковнигі Лебедевич қазақ жауынгері Кеңес Одағы Батыры атағына лайық деп қорытынды шығарады. Алайда аталмыш корпус командирі, гвардиялы генерал-майор Новиков оны ең жоғары мараптқа емес, үкіметтік наградаға лайық деп шешеді. Бұл ұсынысты 3-гвардиялы танк әскерінің қолбасшысы, генерал-полковник Рыбалко мен Армияның әскери кеңесі мүшесі, генерал-лейтенант Мельников қолдайды. Сөйтіп, Есқали Мұқанов Қызыл Ту орденімен марапатталады (РФ ҚМ Орталық архиві, қор 33, хаттама 690155, сақтау бірлігі 6462, жазба №44579757).
«Майдангердің ұрпағы болғанымызды мақтан тұтамыз»
Ұлы Жеңістен кейін Есқали Мұқанұлы елге оралды. Еңбекке бел шеше араласып,заңгерлік салада бірқатар жауапты қызметтер атқарды. Нақтылап айтқанда, 1945-1963 жылдар аралығында прокуратура құрылымдарында еңбек етті. Камен, Шыңғырлау, Фурманов, Теректі аудандарында прокурордың көмекшісі, тергеуші, прокурор болды. Содан соң адвокаттар алқасының мүшесі, Приурал аудандық заңгерлік кеңес бөлімінің меңгерушісі атанды. 1965 жылы Приурал ауданының халық судьясы лауазымына тағайындалды. 1973 жылы облыстық прокуратураға жұмысқа шақырылып, зейнетке шыққанша осында еңбек етті. Бүгінде елге танымал болған заң саласының көптеген маманын тәрбиелеп шығады.
Ұлы Отан соғысынан оралған бойда Марфуға Сүлейменқызына үйленіп, екеуі сегіз перзенттің ата-анасы атанды. Оның заңгерлік саладағы жолын кіші қызы Айгүл жалғады. Яғни ол облыстық әділет департаментінде бөлім меңгерушісі, мемлекеттік нотариус болды. Бүгінде жеке нотарус. Отыз жылдан бері осы салаға маңдай терін төгіп келе жатқан Айгүл Есқалиқызының айтуынша, әкесі тәртіптің адамы болған. Өзіне де, өзге де қатал талап қоятын. Балаларын, артынан немере-жиендерін еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа тәрбиелей білді.
-Өзге майдангерлер секілді әкемізде соғыс тақырыбында көп сөз қозғамайтын. Сол себепті әкеміздің ерліктері туралы жете білмейтінбіз. Үйде әкеміздің Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылғаны жөнінде хат болды. Соған байланысты әкеміздің қаһармандық жасағандығы жөнінде аз-кем хабардар едік. Артынан ол хат жыртылып қалды. Соңғы кезде майдангерлер, олардың үлгі болар ерліктері туралы көптеген ақпарат жарыққа шығып жатыр ғой. Соған орай әкеміздің соғыс кезінде екі мәрте Қызыл Жұлдыз, ІІІ дәрежелі Даңқ, Қызыл Ту сынды ордендерімен марапатталуының сырын білсек деп жүргенбіз. Құдай сәтін салып,бірде Екінші дүниежүзілік соғысты зерттеп жүрген жерлесіміз, өлкетанушы Ахмедияр Батырхановпен кездесіп, одан көмек сұраған едік. Ол өтінішімізге құлақ түріп, көмегін берді. Архив құжаттарын ақтарып, әкеміздің ерлігі, жанкештілігі туралы біраз мәлімет алып бергені үшін оған әулетіміздің атынан ризашылығымызды білдіреміз. Жалпы біз осындай ержүрек те қайсар майдангердің ұрпағы болғанымыздымақтан тұтамыз, - дейді Айгүл Ғабделова.
Сәкен Мұратұлы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер