Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Гапич биыл 98 жасқа толды. Ол майданға өзі сұранып барған. Польша, Чехословакия және Украина жерін азат етуге арналған сұрапыл шайқастарға қатысқан. Майдангерге «Қызыл Жұлдыз» және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, «Ерлігі үшін», «Кенисбергті алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдары берілген. Айта кетерлігі, Иван Гапич 1945 жылы 24 маусым күні Мәскеу қаласының Қызыл алаңында өткен Жеңіс шеруіне қатысқан. 2010 жылы Мәскеуде Жеңістің 65 жылдығына байланысты ұйымдастырылған шеруін тамашалады. Соғыс ардагері 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласында болған Жеңіс шеруіне де барды.
Мектепте оқыған кезінен Иван Степанович заңгер болуды армандаған. Соғыстан оралған соң Алматы мемлекеттік заң институтына оқуға түседі, содан кейін оны Қарағандыға жібереді. Иван Гапич аудандық прокуратураның қатардағы қызметкері ретінде еңбек жолын бастаған. Өзінің қажыр-қайраты мен адал еңбегінің арқасында қызмет сатысына абыроймен көтерілген. Оған Қарағанды облысы прокуратурасының тергеу бөлімінің прокуроры, Қарағанды қаласы Октябрь ауданының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Көкшетау облысының прокуроры, Қазақ КСР прокуратурасының ерекше маңызды істер жөніндегі тергеушісі қызметін атқаруы дәлел. 1966 жылы Иван Степанович Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалды. 1986 жылы зейнет демалысына шықты. Қазақ КСР прокурорының және Орал облыстық халық депутаттары кеңесінің ұсынысымен Иван Гапичтің еңбегі зор бағаланды. «Ерен еңбегі үшін», «КСРО прокуратурасының құрметті қызметкері», «Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері» медальдары берілді. Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюына атсалысқан ардагер «Құрмет» орденін де иеленді. Қазіргі уақытта Иван Степанович қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады, көптеген іс-шараға тұрақты қатысады. Өскелең ұрпаққа өзінің баға жетпес өмірлік тәжірибесін бөлісуден жалыққан емес. Ардагердің өмір жолы қазіргі жастар үшін зор өнеге екені анық.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress