ҚР Қарулы күштері құрамындағы бітімгерлік батальонының Тәжік-Ауған шекарасынан шығарылған күн. Биыл осы атаулы датаға 25 жыл толып отыр. Осыған орай өткен аптада Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа ұран!» атты салтанатты іс-шара өтті.

Аталмыш іс-шараға өңірдегі күштік құрылымдардың өкілдері, әскери бөлім командирлері, қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, Тәжік-Ауған қақтығысының ардагерлері қатысты. Сонымен қатар осы ардагерлерді ұлықтау жиынында облыстағы университет, колледж студенттері мен мектеп оқушылары болды. Алдымен сахнаға ҚР-ның мемлекеттік Туы кіргізіліп, Әнұран шырқалды. Одан кейін жиналған жұртшылық Тәжік-Ауған шекарасында болған қақтығыста қаза тапқан батыр аталарымызды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Жиынның алғысөзі облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадырәлиевке ұсынылды. Басқарма басшысы шекара бойында борышын өтеген ардагерлердің ерлігі туралы айтып, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің ақжарма тілегін жеткізді.
– Қиын-қыстау кезеңдерде антына адал болып, ерлік көрсеткен батырлар біздің және өскелең ұрпақтың жадында қалады. Жауынгерлік қызметтен аман оралған ардагер аталарымыз қоғамдық жұмыстарда белсенді болып, жастарға патриоттық тәрбие беру жолында еңбек етіп келеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын ұрпаққа насихаттап, олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды дарытып жүр.
Жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін одан әрі нығайтуға қосқан үлестеріңіз мол. Осы атаулы күнмен сіздерді құттықтай отырып, өңір басшысы Нариман Төреғалиұлының алғысын жеткізгім келеді.
Өздеріңізге мәлім, ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында, Ұлттық құрылтай отырысында Конституциялық реформа қажет екенін айтқан болатын. Жақында жаңа Конституция жобасы жарияланды. Конституциямызда үлкен өзгеріс болғалы жатыр. Комиссия құрамы жан-жақты саралап, Ата заңның бап-тармақтарын ел-мүддесі үшін толықтырды. Бұл біз үшін және келешек ұрпақ үшін маңызды қадам болмақ. Сіздерді мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын! – деді Д.Қадырәлиев.
Басқарма басшысы алғысөзінен кейін бірнеше ардагерді облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатымен марапаттады. Олардың қатарында Айболат Қадыров, Қайрат Жолдығұлов, Мұрат Мұхамбетов, Әлішер Ашурматов, Манарбек Әмірғалиев бар.
Іс-шарада «Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік іс-қимылдары мүгедектер-ардагерлерінің БҚО одағы» ҚБ Орал қалалық филиалының төрағасы Манарбек Әмірғалиевке сөз ұсынылды. Ол ардагерлер есімін ұрпақ жадында жаңғыртып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу – бірлестіктің басты ұстанымы екенін айтты.
– 1993-2001 жылдары Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде мемлекетаралық келісімдерге сәйкес, Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК шекара қызметінің және ІІМ ішкі әскерлерінің әскери қызметшілерінен құралған қазақстандық біріккен батальон әскері Тәжік-Ауған шекарасында болды. Осы сегіз жылға созылған қақтығыста Қазақ әскері жауынгерлік міндеттерін адал орындады. 1995 жылы 7 сәуірде Қазақстан Ішкі әскерінің құрама ротасы Тәжікстанның Пшихавр шатқалында шабуылға ұшырады. Осы ұрыста қазақстандық 17 әскери қызметші жан тапсырып, 33-і жараланды. Олардың ерліктері мәңгі есімізде сақталады. Соның ішінде біздің жерлесіміз Радик Қаймулдиев те болды. 2025 жылы қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен Р. Қаймулдиевтің құрметіне аутошеру ұйымдастырылды. Оған қоса, Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан батырлардың ерлігін насихаттауға бағытталған жастармен кездесулер өтті. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын таппақ. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! – деді ардагер Манарбек Орынғалиұлы.
Содан кейін «Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік іс-қимылдары мүгедектер-ардагерлерінің БҚО одағы» ҚБ, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, ҚР ҰҚК шекара қызметінің БҚО бойынша департаментінің алғысхаттары ардагерлерге табысталды. Салтанатты іс-шара патриоттық әндер шырқалған мерекелік кешке ұласты.
Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»