5.05.2023, 14:30
Оқылды: 47

Ерлік ұмытылмайды

Арада ұзақ жыл өтсе де, Ұлы Отан соғысының ауыр зардабы әлі күнге басылар емес. 2021 жылғы қаңтарда Ресейдің Псков қаласы маңынан «За боевые заслуги» медалі бар солдат мәйіті табылды. Оның 1895 жылы Қаратөбе ауданында дүниеге келген Хамидула Сулейманов екендігі анықталды. Ол әскер қатарына 1942 жылдың 1 мамырында аттанып,  1944 жылғы 9 наурызда қаза болған. Оған Ленинград майданында 1943 жылы 1 желтоқсанда аталған медальді тапсыру қағазында: «533-атқыштар полкі құрамында Отанымызды қорғау мақсатында сәуірден бері бірнеше қайтара қаһармандық жасаған. Екі рет жараланған. 30 қараша күні әскери күзетте тұрғанда қырағылық танытып, жауынгер И. Пановпен бірге  неміс диверсантын  ұстап, штабқа жеткізген», - делінген.

985d0ef3-b3f9-4b11-99e9-b897baed0600

Ұлы Отан соғысына қатысқан Халел Құрманғалиев 1901 жылы туған. 1942 жылдың 17 қаңтарында әскер қатарына алынған. 1942 жылы қарашада Смоленск облысының Велиж ауданындағы Рудня селосы маңында қаза тапқан.  Құлмұқан Құрманғалиев 1904 жылы туған. 1943 жылы Сталинград шайқасында жараланып елге оралған.  1968 жылы қайтыс болып, Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылындағы қорымда жерленген. Ыбырай Құрманғалиев – Ұлы Отан соғысына қатысушы, соғыста із-түзсіз жоғалған. Отбасында жұбайымен қоса екі қызы қалған. Құлахмет Құрманғалиев үйленбеген, ол да соғыста із-түзсіз жоғалған. Бұл төрт ағайынды адам бір шаңырақтан  өрбіп, өсіп, қан майданда жаумен  арпалысты. Олардың бәрі де менің аталарым.  Ал мақалаға арқау болып отырған  Хамидула Сулеймановтың арғы тегі осы ағайынды кісілердің бір атадан тараған туыстасы болып келеді. Сөйтіп, сұм соғысқа бір үлкен әулеттен бес атпалдай азамат аттанып, біреуі  ғана  аман-есен  оралды.

Орал қаласының тұрғыны, Қаратөбе ауданында ауыл шаруашылығы бөлімінде малдәрігерлік салада қызмет атқарған, «Жусандыой» кеңшарын басқарған, бүгінде жасы сексеннің бесеуінен асқан шежіреші Әбдірахман Сәрсенғалиев пен Қаратөбе ауылында тұратын Мақсот жездемнің жұбайы Ілия Сәрсенғалиева және Мариям, Қалы, Абат есімді кісілер – соғыста ерлік көрсеткен жауынгер Хамидула Сулеймановтың тікелей ұрпақтары.

Биыл Қаратөбе ауылындағы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шарада еліміздің әр түкпірінен жиналған туыстарының қатысуымен  Хамидула Сулеймановтың Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі атап өтіледі. Іс-шара барысында  атамыздың соғыста алған марапаттары мен құжаттары аудандық музейге тап-сырылмақ.

 

Қанат Құлмұқан,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале