24.09.2021, 10:18
Оқылды: 190

Ерсайын Сапаров, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі» үшін медалі, Ы.Алтынсарын атындағы төсбелгінің иегері, педагогика саласының  ардагері: «Мұғалімнің әр сабағы – ашық сабақ болу керек»

WhatsApp Image 2021-09-24 at 10.12.48

– Ерсайын Қадырұлы, сіз өміріңіздің 42 жылын педагогикаға арнадыңыз. 27 жыл бойы Оралдағы С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 мектепті басқарған екенсіз. Қазір зейнет демалысында немен айналысып жүрсіз?

– 2016 жылы зейнетке шықтым. Сол жылы қала шетінен, өзен жағасынан саяжай сатып алдым. Өзім биологпын ғой. Көп жыл теорияда қолданған білімімді практикада көрейін дедім. Жеміс ағаштарының түр-түрі бар. Бақшада жұмыс көп. Таңертең барамыз, содан кешке дейін болып қайтамыз. Таза ауа. Керемет!  Саяжайдағы біздің көшеде 20 кісі тұрады, мен жалғыз қазақпын.  Алғаш барған кезде «Мен бұларға қазақтың бақшасы қандай болатынын көрсетейін» деп едім әзіл-шынын араластырып.  Аллаға шүкір, бақшамыздың күтімі де, өнімі де жаман емес. Өзім «Бақшаң бар ма, шөбін жұлып, таза ұста, олай ете алмасаң ұстама» деген қағидаға сүйенемін. Қазір жаз бойы өсірген өнімді жинаудамыз. Ешкімге сатпаймыз. Осы қалада тұратын үш баламның отбасы мен өзімізден  ауыспайды. Аман-сау осылай  жүргенімізге де шүкіршілік етеміз. Зейнетте осылайша үй тірлігімен айналысып жүрміз. Бұрын байқамаған екенмін, үйде де жұмыс көп екен.

– Еңбек еткен кезіңізде бірінші орынға жұмысты ма, әлде отбасын қойдыңыз ба?

– Ол кезде бұл туралы ойланбаппын. Қазір ойлап қарасам, жұмысты бірінші орынға қойған екенмін. Таңмен ерте кеткеннен кешке қайтамыз. 42 жыл бойы тек жұмысты  ойлаппын. Қазір кей жағдайларды еске алып, «Неге сол кезде осылай жасамадым?» деп қалатын сәттер болады. Дегенмен, бұл өмір ғой.

– Бір сөзіңізде көзімді ашқаннан көргенім мектеп деп қалдыңыз. Ол замандағы  балалар геолог, косманавт болуды армандайтын. Сіздің мұғалім болуыңызға кім ықпал етті?

– Әкемнің негізгі мамандығы – педагог. Бірақ партия тапсырмасымен жүреді ғой ол кезде. Көп жылдар совхоз басқарды. Өзімнің балалармен жұмыс жасауға икемім болды. Қарт пен кемпірдің қолында өскенім де әсер еткен болар. Ол кезде мұғалімге құрмет жоғары еді ғой.

Айналамда жақсы мұғалімдер көп болды. Осы жәйттердің бәрі мені педагогиканы таңдауыма сеп болған шығар. Алғашқы еңбек жолымды Торғай облысы, Арқалық қаласындағы Шоқан Уәлиханов  атындағы орта мектептен бастадым. Бір жылдан кейін директордың тәрбие жұмысының орынбасары болып көтерілдім. Жеті жылдай жұмыс жасап Б. Майлин атындағы мектепке директор, Арқалықтың қасындағы ауданда білім бөлімінің меңгерушісі болдым. Сөйтіп Торғайда 14 жыл еңбек еттім. 1986 жылы отбасымызбен елге оралдық. №5 мектепке директор болдым. Ол кезде тоғыз жылдық  таза орыс мектебі еді. Қасындағы №9 мектеп ашылғанша, үш мыңдай бала оқыды. Үш жыл бойы мектепте біраз жұмысты ілгерілеттік. 1989 жылы сол кездегі қаладағы жалғыз қазақ мектебі №11 пансионға директор болып барсаңшы деген ұсыныс түсті.

– Ерсайын Қадырұлы, сіздің Сәкен мектебін басқаруды қолға алған жылдарыңыз Тәуелсіздіктің елең-алаң кездерімен тұспа-тұс келген екен. Сол жылдар туралы айтып беріңізші?

– 1989 жылдың 30 мамырынан 2016 жылдың 1 қыркүйегіне дейін  Сәкен мектебінде жұмыс жасадым. Ол кезде балалар 5-сыныптан бастап оқитын. Мектептің интернаты Плясункова көшесінде болды. Бір қызығы, интернат облыстық білім басқармасының қалалық білім бөліміне қарайтын. Барған бойда мәселені көтеріп, облыстық мектеп-интернат деген мәртебе алдық. Сол кездегі қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Бисембаева орыс тілді болғанымен қазаққа жаны ашып тұратын адам еді. Оның бастамасымен біз мектептің 1-сыныбына бала қабылдауды қолға алдық.

1991 жылдың жазында бала жинай бастадық. Оқу жылы басталған соң, таңғы сағат 7. 30-да шығып, үй-үйді аралап, аутобуспен балаларды алып кететін едік. Солай бір жыл жүрдік. Бір жылдан кейін мектепке тиесілі арнайы аутобус берді. Келесі жылы бала көбейіп, он бір 1-сынып болды. Оқушылар мектепке сыймай, бұрынғы педучилище, қазіргі соттың ғимаратында оқыды.  Бөлек ғимаратқа шыққанға дейін «мектеп бөлінеді екен» деген әңгіме тарап, ата-аналар біраз дау шығарды. Біз жағдайды бағамдап, ғимаратта оқитындарға жаңа мектеп ретінде қарай бастадық. Ол ғимаратқа мектептің оқу ісінің меңгерушісін отырғызып, өзім екеуінің ортасында жүрдім. Келесі оқу жылында еншісін беріп, бөлек мектеп ретінде шығардық. №27 қазақ орта мектебі осылайша  №11 мектептің шекпенінен шықты десек болады. Кейіннен №36 қазақ мектебі ашылды. Қалада біртіндеп қазақ мектептері көбейе бастады. 1993 жылы  мектеп жанынан интернат салынды. Қазіргі интернаттың орнында бұрын ескі үйлер болды. Жерді босатып алу үшін 11 отбасыға үй берілді.

– Қазақ тілінде білім беретін бастауыш сыныпты ашу үшін үйлерді аралап, біраз еңбек сіңірген екенсіздер. Дегенмен сіз кеткен соң Сәкен мектебінде бастауыш сыныптар жабылып қалды ғой. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? 

– Иә, биыл 4-сыныптардың соңғы легі бітіріп шығады. «Дарынды балалар мектебінде бастауыш сыныптар оқымауы керек» деген желеумен жабылды ғой. Бұл дұрыс емес. Менің педагогикалық көзқарасым бойынша мектеп төмен сыныптан бастап баланы өсіріп шығару керек. Республика көлемінде біздің мектепте ғана бастауыш сынып болды. Мектеп өзіне өзі баға беріп отыруы қажет. «1-сыныпқа 60 бала келді ме, неше бала кетті,  олар мектептен неге кетті, неге ол балаларды орта сыныптарда  жоғалтып алдық?» деген сұрақтарға мұғалімдермен бірге жауап іздейтінбіз. Басында сондай жағдайлар болды. Кейіннен тұрақталды.  Бастауыштың балаларынсыз мектеп жетім сияқты көрінеді. Олар үшінші қабатта оқыды. Мектепті аралап жүргенімде үпір-шүпір,  у-шу  болып жатады өздері. Бірінің басынан сипап, бірін құшақтап, өтіп кетесің. Солардың шүпірлеп жүргенінің өзі бізге қуат сыйлайтын. Бала көз алдымызда өсіп, жетіледі. Қаншама шәкіртіміз Сәкен мектебіне тарыдай болып кіріп, таудай болып шықты. Бастауыш сыныптар жабылғанын естігенде жүрегім ауырып, қиналдым...

– «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп жатамыз. Сіз мұғалімдерге қандай талап қойдыңыз?

– Мұғалімнің әр сабаққа тиянақты дайындалуын айтпағанда, сөйлеген сөзі, жү-ріс-тұрысы, киген киімінде мін болмау керек. Жаратылысынан мұғалім болып туған адамдар болады. Оларға бала өзі тартылып тұрады. Былай қарасаңыз ұрыспайды, айқайламайды. Бірақ бала оны көзқарас, қимылынан-ақ түсінеді. Ата-аналар да сондай мұғалімді іздеп, сол сыныпқа баруға таласады. Әр мұғалім өзін ата-ана, оқушы іздеп таласатындай дәрежеге жетуі үшін ұмтылып, еңбектену керек. Мұға-лімдердің сабағына көп қатысатынмын. Қазақ тілінен бес сағат етістік болса, сол сабақтардың бәріне қатысып, кемшілігі мен жетістігін қоса көрсетіп, талдау жасаймын. Жалпы мұғалімнің еңбегін ашық сабақпен бағалауға қарсымын. Ол – көзбояушылық. Өйткені ашық сабаққа мұғалім өзі де дайындалады, оқушыны да дайындайды. Сондықтан мұға-лімнің әр сабағы ашық сабақ болу керек. Мұғалімнің киім киісіне көп мән бердім. Олардың ашық аяқ киімдер киюіне, тырнақ өсіріп, толтырып сақина тағып, ашықшашық жүруіне рұқсат ет-педім. Әйел мұғалімдердің туфли киюін талап еттім. Себебі туфли киген адам денесін тік ұстайды, кеудесін көтеріп, тік жүреді. Былай қарағанда уақ-түйек көрінгенімен,  эстетикалық тұрғыда бұл да тәрбие. Өйткені мұ-ғалім шәкірт жадында сыртқы келбеті мен ішкі жан-дүниесі үйлесім тапқан, парасатты  тұлға болып қалуы тиіс. Сосын мұғалімнің киім киісіндегі ашық бояулар баланы алаңдатады. Мұғалім осыны әркез жадында ұстау керек. Мұғалімнің отыруы да дұрыс емес. Өйткені ол 45 минут тұрып жүріп, әр баланы жіті қадағалап, кімнің түсінген, түсінбегенін назарға алуы тиіс. Жұмыс сапарымен АҚШ, Англия, Қытайда болдым. Солардан көріп, барлық сыныпқа әйнек есіктер орнаттым. Сабақ жүріп жатқанда сыныптарды бір қарап шығу да менің бұлжымас әдеттерімнің бірі болды.

–  Әдет демекші, әр басшының, әр адамның өзіне ғана тән бұлжытпай орындайтын әдеті болады. Сонысымен де айналасындағылардың есінде қалып жатады. Сіздің қандай әдетіңіз бар еді?

– Бұлжытпайтын әдетімнің бірі таңмен балаларды қарсы алатынмын. Сағат 7-ге 15 қалғанда мектепке келемін. Жарты сағаттан соң дәлізге  шығып, сабақ басталғанша тұрамын. Оқушылар мен мұғалімдердің көңіл-күйіне назар аударамын. Көңілсіз келе жатқан мұғалімге әзілдеп, көңіл күйін көтеруге, сөйтіп  жағымсыз эмоциясын сабаққа дейін алып қалуға тырысамын. Күн сайын өздерін қарсылап тұрғанға әбден үйренсе керек, арасында жиналыстарда болып, оларды күте алмай қалсам, балалар «Ағай қайда?» деп іздейтін болды.  Жай қарап тұрмай, көп нәрсені көкейге түйіп тұрамын. Мәселен, бала сөмкені жерге қойды.  Себебі қоятын арнайы орын жоқ. Бір-бірін қағып-түйіп, аяқ киімдерін ауыстырып жатыр. Себебі отыратын орындық жоқ. Өз көзіммен күнде көргесін балаларға арнайы киім шешетін жер дайындап, кілем жайып, сөмкелерін қоятын үстел, диван қойып, балаларға жағдай жасадық. Сөйтіп оларды мәдениетке үйреттік. Оқушылармен ашық, еркін сөйлесетінмін. Белгілі бір уақытта жиын залына әр сыныптан ер балаларды жинап, еркін әңгіме айтамыз. Оларды не мазалап жүрге-нін сұраймын. Балалар мұғалімдердің кей уақытта бос сөйлейтінін, көп әңгіме айтатынын айтса, интернаттың балалары тамақ дұрыс болмай жүргенін айтып қалады. Бір аптадан соң жайлап балалардың айтуымен тексеріп қарасам, бәрі солар айтқандай болып шығады. Балалар ешқашан өтірік айтпайды.

– Ерсайын Қадырұлы, қазір қоғамда ширыққан мәселе жетерлік. Педагог ретінде, қоғамның бір мүшесі ретінде сізді не мазалайды?

– Мектептегі тәрбие жұмысына көңіл бөлу керек. Жақсы сабақ беретін, баламен тым тәуір жұмыс жасайтын мұғалімдерді әкімшілік жұмысқа алып кету дұрыс емес. Әкімшілікке қабілетті адамдарды іріктеу керек. Педагогтарды дайындау үрдісінде де кемшіліктер жетерлік. Мәселен, оқу орындарында мектептен ағылшын әріптерін үйреніп келген студентке қайтадан әріп үйретудің қандай қажеттілігі  бар? Биология-химияда  мектеп бағдарламасын қайта оқытады. Осындай жүйесіздік көп. Мектеп бағдарламасында баланың жүйкесіне салмақ салатын артық пәндерді азайту керек. Бастауыш сыныпта орыс тілі мен ағылшын тілін оқытудың қажеті жоқ. Бала 5-сыныпқа дейін өз тілінде білім алып, меңгеріп алғасын ғана өзге тіл-ді  қосса жөн болар еді.  Содан соң, қазір пәнаралық байланыс жетіспейді. Мәселен, тарихтан Кенесарыны өтсе, сол күнгі әдебиетте Кенесары туралы жазылған әдеби шығарманы оқыса, оқушының есінде жақсы сақталар еді. Тәрбиенің негізі – әдебиетте. Баланың көркем әдебиетті көп оқуына мән берілмейді бізде. ҰБТ-ны екіге бөлу де көңіліме қонбайды. Мектеп өзі оқытып, өзі бағалауы дұрыс емес. Үкімет тарапынан мұғалімдерге көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Дегенмен олар әлі қағазбастылықтан арылған жоқ. Есепті жақсы тапсырып, папканы толтырып қойған мұғалімдер емес, баламен, ата-анамен шынайы жұмыс жасайтын мұғалімдер бағалануы тиіс. Мұғалімдердің жалақысы да жылдық нәтижемен, ата-ана мен қоғамның берген бағасымен сатылап көтерілсе, дұрыс болар еді. Мұғалім қағаздан босап, тек баламен  жұмыстанатындай жағдай әлі жасалған жоқ. Бала мектепке қуанып келуі керек. Оқушысы мектепке қуанып келетін  мұғалім  бақытты.

– Өзіңіз газет-журнал, кітап  жиі оқисыз ба? 

– Иә, газет-журнал оқимыз. «Орал өңіріне»  жазыламыз. Кітап оқығанды жақсы көремін.  Бір жылы Украинадағы шипажайда демалдым. Ылғи жатып алып, кітап оқимын. Қасымдағы орыс ұлтының азаматы менен кітап сұраған соң кітапханадан Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романының орыс тілінде жазылған нұсқасын әкеліп бердім. Көршім үлкен қызығушылықпен оқыды ол кітапты. Кетерінде бітіре алмадым-ау деп қиналды. Содан соң кітапханаға барып, сатып алып берейін деп сұрап едім, кітапханашы тегін-ақ сыйлап жіберді. Міне, әдебиеттің құдіреті осында! Сондықтан балаларды бастауыштан кітап оқуға үйрету керек. Өз тәжірибемде әр дүйсенбі сайын 15 минуттан кітап оқыттым оқушылар мен мұғалімдерге. Басында мұғалімдер сабағымның уақыты кетеді деп қарсылық  танытты. Кейіннен бәрі де дағдыланды  кітап  оқуға.

– Отбасылық қарым-қатынаста қандай құндылық басты орында болуы керек?  Адамның бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?

– Отбасында ата-ананың мейірімі басты орында болу керек-ау деп ойлаймын. Үйде бес ұл, екі қыз өстік. Шешеміз біреуімізді айналайын деп еркелеткен емес. Ұрысып, айқайлап та көрген жоқ. Әкеміз кірген-шыққан сайын бізді айналып-толғанып жүретін. Неге екенін білмеймін, әкеміз аяқ киім тазалығына ерекше мән берді. Шаң-шаң, лас болып жүргенімізді жақтырмайтын. Аяқ киімдерімізді жуғызатын бізге. Өзінің де бәтеңкесі жылтырап, тап-таза болып тұратын. Әкеміз совхоз директоры болғандықтан үйден қонақ арылмайтын. Қарапайым үйде тұрдық. Сол үйге жеті бала да, келген қонақтар да сиятын еді. Бес ұл малға шөп салу, отын кіргізу, су  әкелу сынды жұмыстарды  бөліп алғанбыз. Әрқайсымыз өз міндетімізді мүлтіксіз орындауға тырысамыз. Анамыз еркелетпесе де біз оның жақсы көріп ұрғанын сезетінбіз. Жасым жетпістен асса да, әлі күнге анамды сағынамын. Мейірімді болмаса, сағынбас едім ғой. Адамдармен қарым-қатынаста адамгершілікті бағалаймын. Өзімнен артық-кем қоймай, тең дәрежеде сөйлесемін.  Сөйлесіп отырған адамның кемшілігі болса, менің де кемшілігім бар деп есептеймін.

– Өз кемшіліктеріңізді мойындайсыз ба?

– Мойындаймын. Кемшіліктер, олқы тұстар болады ғой. Кей уақытта қатты ұрысқан кездерім болады. Кейде қателескен сәттер орын алды.  Сол кездерде «Мен артық кетіппін» деп кешірім сұраймын.

– Ерсайын Қадырұлы, қандай арман-тілегіңіз бар?

Тілегім – ел-жұртым мен ұрпағымыздың амандығы. Аллаға шүкір, немере-жиен, шөберелерім бар. Бәрі де ел қатарлы өз тірлігімен айналысуда. Солар аман болса дейміз. Екі шөберем елордада. Пандемияға байланысты соларды көре алмай отырмыз. Қазір қолымда 9-сыныпта оқитын жиен қызым бар. Әжесі үшеуміз тұрамыз. Екінші қызым екінші баласына аяғы ауыр болған кезде, енесі жұмыста болып, өз анасы бос болғасын бізге әкеліп тастады. Ол кезде алты айлық еді. Кішкентайы көрінгесін «Сіздерде бола берсін» деді. Солай біздің қызымыз болып қалды. Әке-шешесіне барады. Бірақ «үйге қайтамын» деп қонбай қайтып келеді. Әжесі таңмен тұрып қызымыздың тамағын береді. Мен мектепке шығарып саламын. Солай жүріп жатырмыз. Екі жылдан кейін үлкен шөберем мектепке барады. Әжесі екеуміз шөберемізді жетектеп мектепке алып барсақ деп армандаймыз.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале