21.11.2022, 9:30
Оқылды: 85

Ерсайынның әлемі

Қарашаның 15-і күні Атамекен өнер ордасында жерлесіміз Ерсайын Жапақтың дербес сурет көрмесі ашылды. Аталмыш шараға өңірімізге танымал тұлғалар, өнер иесінің достары және бейнелеу өнеріне қызығушылық танытушы жандар қатысты.

9d64fdc9-3815-4345-9d7a-9fb9d943070b

Өз кезегінде Мемлекеттік сыйлықтың және Отан және Құрмет орденінің иегері, қоғам қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева Е.Жапаққа ақ­жарма лебізін арнап, сый-сияпат тарту етті. Сонымен бірге ҚР Мәдениет қайраткері, жастар шығармашылығы орталығының директоры Марат Қалиев қылқалам шеберіне өнерсүйер қауым атынан алғысхат табыстаса, суретшінің мектеп­тегі ұстазы Жайлыхан Маданов, сонау Бөкей ордасынан ат терлетіп жеткен сыныптасы Сайлау Мұхтаров, кеш­тің өзге де бірқатар меймандары ақжарма тілектерін жеткізді. Одан әрі «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші-термеші Сағадат Рахметжанов пен дәстүрлі әнші, өнертанушы Серік Әбдірахманов әннен шашу шашып, көрмеге келушілердің көңіл көкжиегін нұрландырды.

Иә, суретшінің өзіндік бейнелеу бағыты, көркем техникасы бар. Бір қарағанда, картиналарын еркін сипатта салынған көрініс дерсіз. Ал тұңғиығына терең бойласаңыз, өз иірімдеріне тартып әкетеді. «Дадаизм» деп аталатын бағытқа ұқсас бұл техника түрі Е. Жапақтың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын оятқан. Оның негізгі шығармашылық құралы – мата, қағаз қалдықтары. Бұған қоса, басқа да материалдарды пайдалана отырып, фотоколлаж жасауға құштарлығы артқан көрінеді. Көбінесе ашық реңктерді қолдана отырып, адам бейнесін, тірлік тынысын, табиғат көріністерін туындыларына арқау еткенді жаны қалайтынын байқадық. Өзінің айтуынша, осынау тылсым өнердегі ардақты ұстазы Сәкен Ғұмаров туындыларынан ой сабақтап, осы жолға түскеніне биыл 27 жыл толыпты. Айтпақшы, суретшінің бұл жолғы көрмесі 15 желтоқсанға де­йін жалғасатындығын көпшілік қаперіне бере кетелік.

0d93f35c-de60-4069-9572-3648fdec78cf

Автор туралы анықтама. Ерсайын Қайырлыұлы 1961 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Әнші-сазгер һәм суретшінің «Мамыражай бояулар» атты кітабы жарық көрген. Осыған дейін қылқалам шеберінің елімізде 9 дербес көрмесі ұйымдастырылса, 15 топтық көрмелерге қатысқан.

Назерке Сырымова,

облыстық жастар шығармашылығы орталығы

ақпарат және жарнама бөлімінің әдіскері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале