Жаз мезгілінде жіті ішек инфекциясы ауруларының тіркелу көрсеткіші басқа кезеңге қарағанда арта бастайды. Бұл уақытта тамақ өнімдерінің тез бұзылуы жиі көрініс береді. Осы орайда Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаевты әңгімеге тартқан едік.
Сурет: otyrar.kz
— Жіті ішек инфекциясы ауруларының туындауына қандай жағдайлар себеп болады?
— Аурудың басты таралу себебі ретінде үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған немесе дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтынуды айтуға болады. Сондай-ақ мұндай деректер сүт өнімдері, мерзімінен ерте піскен жеміс-жидек, қайнамаған су және бала күтімінің нашарлығынан тіркеледі.
Әдетте қауын-қарбыз маусым айында сауда сөрелерінде пайда бола бастайды. Бұл уақытта өнімдер анағұрлым қауіпті. Яғни нитратпен улану деңгейі жоғары. Нитрат деңгейі белгіленген мөлшерден асып кеткен жағдайда денсаулыққа кері әсерін береді. Одан бөлек, гербицид, пестицидтердің мөлшерден тыс болуы өз зиянын тигізеді. Ал жеміс-жидектерді, қарбыз-қауынды сақтау және жеткізу ережесінің бұзылуы да уланып қалу жағдайына себепші болуы ықтимал.
— Оның алдын қалай алуға болады?
— Азаматтар ерте піскен жеміс-жидектер мен қауын-қарбыздан денсаулыққа зиян келмес үшін сақтық шараларына салғырт қарамау қажет. Ауру белгісі байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Жеке бас гигиенасын сақтап, қолды жиі сабындап жуу қажет. Қайнатылған немесе тазартылған, бөтелкедегі суды пайдалануы тиіс. Жеміс-жидектерді міндетті түрде мұқият жуып жеу керек. Ерте піскен бақша өнімдерін тұтынуды мейлінше шектей тұру, субұрқақтарға шомылмау сияқты сақтық шаралары аурудың алдын алуға ықпал етеді.
— Қызылорда облысында жіті ішек инфекциялар аурулары көрсеткіші қандай?
— Облыста жаздың алғашқы айларынан бастап тұрғындар арасында жіті ішек инфекциялары аурулары тіркеліп отыр. Олардың барлығы дерлік мерзімінен ерте піскен бақша өнімдері мен жеміс-жидекке байланысты екені аңғарылды. Биылғы жылдың 5 ай қорытындысымен облыс көлемінде жіті ішек инфекциясының 349 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 9,1%-ға төмендеу тенденциясы байқалады. Облыс көлемінде тіркелген жұқпалы жіті ішек ауруларының 98%-ы Қызылорда қаласында анықталған. Басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда облысында мерзімінен ерте піскен жеміс-жидек пен қауын-қарбыз жеген 13 адам дәрігерлер көмегіне жүгінді.