Өткен жұмада Орал қаласында №6 маршрут желісінде жүрген Kz244BM02 нөмірлі қоғамдық көлік жолаушыларға тегін қызмет көрсетті. Бұған жергілікті халықпен қатар өзге аймақ тұрғындары таңғалыстарын білдіріп жатты. Әсіресе, әлеуметтік желіде игі істі қолға алған азаматтарға алғыс жаудырғандар аз емес. - Көпшілік бізді бір әулеттің адамдары деп жүр екен. Бұл акция көптің бірігуімен жүзеге асты, - дейді ұйымдастыру шараларының басында жүрген Талғат Чудобаев пен Жұмабек Жаукен есімді азаматтар. Айта кетейік, ертең де бұл маршрут қалалықтарды тегін тасымалдамақ.
- Бұл акцияны ұйымдастырушылар – оралдың қарапайым тұрғындары. Whatsapp желісінде бірнеше тобымыз бар. Көптен халыққа пайдасы тиетін іс жасауымыз керек деп жүр едік. Содан осындай идея келді. Таныстарымыз арқылы Жәрдем Қайырғалиев деген азаматпен таныстық. (Әлеуметтік желіде Қадырғалиевтер отбасы деген ақпарат осы кісіге қатысты тараса керек) . Өзінің ГАЗелі бар екен. «Ақжол» серіктестігінің иелегіндегі №6 маршрутты жүргізеді. Ағамыз бірден келісті. Он шақты адам жол шығынын, «Ақ жолға» беруі қажет сомасын жинап бердік. Шара кезінде жігіттер бөлініп, ағамыздың қасында болдық. Өйткені, әр жолаушыға жол жүру тегін екенін түсіндіру қиын болды. Екіншіден, көлік тізгініндегі жүргізушіні алаңдатпаса екен дедік,-дейді Т.Чудобаев.
Акция ұйымдастырушыларының айтуынша, халықтың көзқарасы оң. Әр жанның ақ батасы құлшыныс беретінін айтады ұйымдастырушылар.
- Біз туған жерімізді сүйеміз, халқымыз тұрақты, бай-қуатты өмір сүрсе екен дейміз. Бұл – біз жасай алған кішкентай ғана көмек. Неге жұма күнін таңдап алдық? Біріншіден, қазақ халқы үшін ерекше күн. Екіншіден, сенбі-жексенбі адам аз жүрер ме еді? Оның үстіні жұма – жұмыс аптасының соңғы күні. Адамдардың сәл болса да көңілі көтерілсе екен дейміз. Қаншама кішкентай балалар мінді.Оларға ісімізбен үлгі көрсеттік, ой салдық. Негізі №2, №5 сияқты адам көп мінетін үлкен автобус иелерімен сөйлестік. Алайда оған сәйкесінше қаражат керек. Әзірше, осыған ғана мүмкіндігіміз жетіп тұр. Бұл бір адамның ісі емес. Көп түкірсе – көл дейді. Әр адам мүмкіндігінше көмек етті, - дейді Ж.Жаукен.
- Біздің идеямыз – мынадай. Осы акцияны екі айдай тұрақты өткіземіз. Кейін жазбаша түрдегі ұсыныспен серіктестік директорларына жолыққымыз келеді. Олар да өз қаржыларынан кезекпен осындай акция ұйымдастырса деген ниетіміз бар. Келесі аптада да қажетті қаржыны жинап, акцияны жалғастыруға тырысамыз, - дейді Т.Чудобаев.
Айта кетейік, №6 қоғамдық көлігі жолаушыларды «Пластик» - «Балауса» аялдамалары аралығында тасымалдап, жолында 40 шақты аялдаманы жүріп өтеді.
Ұйымдастырушы азаматтар осыған дейін де қайырымдылық шараларымен айналысқан екен. Оның ішінде балалар үйімен байланыс, бірнеше дүкенге қайырымдылық жәшігін орналастыру, аптасына бір рет тегін нан тарату сияқты шаралар бар. Сонымен қатар өткен жылы бір топ оралдық ауыз суға қолы жетпей отырған Африка тұрғындарына құдық сыйлаған.
Айдана Хамидуллина
zhaikpress.kz