ХХҮІІІ Дүниежүзілік қысқы универсиада қарсаңында ертең Орал қаласында Алау эстафетасы өтеді. Бұл жайлы бүгін ұйымдастырушылар брифингте мәлімдеді.
Брифингте БҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин, облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Есенғалиева және алау эстафетасын ұйымдастыру өңірлік штабының мүшесі Тұрарбек Алтынбекұлы спорттық шараның өту барысын баяндады.
Универсиада алауын 60 батысқазақстандық Орал шаһары ішімен алып өтеді. Олардың қатарында Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова және олимпиада қатысушылары Алексей Дергунов, Андрей Ергучев, самбодан 4 дүркін Әлем чемпионы Ерболат Байбатыров сынды танымал спортшылар мен белсенді студент жастар бар. Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың бас ғимаратынан басталатын Алау эстафетасы Теннис орталығында мәреге жетеді. Шаһардың басты көшелерінде эстафета қатысушылары алауды 200 метр сайын бір-біріне табыстап, жалпы ұзақтығы 12 шақырым жүгіріп өтеді. Шара концерттік бағдарламаға ұласып, соңынан Универсиада алауы арнайы құрылғы арқылы Алматыға жолданады.
Спорттық шарада жол жүру қауіпсіздігін 400 полиция қызметкері қадағалайды. Эстафетаға байланысты қала көшелері жабылып, қоғамдық көліктердің жүру бағыты өзгереді.
Еске сала кетсек, Алматыда өтетін Универсиадаға әлемнің 56 елінен 2181 спортшы спорттың 12 түрі бойынша сайысқа түседі. Біздің облыстан 5 шорт-трекші – Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Айдар Бекжанов, Анита Нагай, Нұртілек Қажығали қатысады.
Нұрлыбек Рахманов,
www.zhaikpress.kz