Қазір жалғыз біз емес, әлем елдері аса күрделі кезеңді бастан кешіп жатқаны жасырын емес.
Күні кешегі өз мәлімдемесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде халыққа жасалып жатқан көмекке жан-жақты тоқтала келіп, "Біз біргеміз" деген жәй ұран сөз еместігін айтты. Әрі бірлік болса, еңсерілмейтін қиындық жоқтығын да қайыра еске салды. Бәрі рас, әлеуметтің әлеуетін төмендетпеу үшін жергілікті жерлерде бар мүмкіншілік қарастырылып жатыр. Оны үлкен-кіші көріп те, естіп біліп те отыр.
ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та мынау мақаласында еліміздің өткен тарихын саралай келіп, өз сөзін ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырудан бастаған екен. Әрі жұрт көңілі алаң осындай кезде ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар да бар екендігін жасырмапты. Осы ретте Нұрсұлтан Әбішұлының: "Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. "Ырыс алды - ынтымақ" екенін ұмытпаңыздар" деген сөздері мені еріксіз толғандырды. Біздің ата-әкелеріміз небір зұлматты бастан кешсе, 70-80-ге аяқ артқан біздің буынның да көрген қиындықтары аз емес. Ендеше, аға ұрпақ үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен, отыз жылға жуық уақыт бұрын қолымыз жеткен азаттықты мәңгі баянды етуден асқан мұрат жоқ. Осынау тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары - ең алдымен халқымыздың береке-бірлігінің арқасы. Осы бір жарасымды үрдіс, игі дәстүр алда да өз жалғасын тапсын деп тілеймін. Меніңше, ұрпақ сабақтастығы үзілмесе, ертеңіміздің жарқын боларына еш күмән жоқ.
Кенжебай Нығмет
Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
zhaikpress.kz