26.09.2022, 9:45
Оқылды: 61

Ержүрек командир

Биыл Совет Одағының Батыры Есен Орақбаевтың туғанына – 100 жыл. Осы айтулы датаға орай облыстық деңгейде және Ақжайық, Жаңақала аудандарында біраз тағылымдық-тәрбиелік шара өтуде.  Біз өз тарапымыздан қаһарман жерлесіміз туралы кітаптан үзінді жариялап отырмыз.

IMG-20220926-WA0003

Қасіреттің қаралы туын көтеріп, батыстан соғыс өрті басталғанда қарапайым колхозшының жасөспiрiм баласы Есен Орал педагогикалық техникумының үшінші курсында оқып жүр еді. Бұл хабар төбесіне жай түскендей әсер етіп, неміс фашистерінің елді-жерді өртеп, қанжылатып келе жатқан опасыздығы он тоғыз жасар жігіттің ашу-ызасын келтіріп, зығырданын кайнатты. Соған орай ол соғыс комиссариатына өз тілегімен майданға жіберуді сұраған комсомолецтердiң бiрi болды. Оны сонау қырда жатқан ата-ана қайдан білсін. «Көппен бірге көрген ұлы той, жасы жеткен соң әскерге шақырып жатқан шығар», – деп жылап-сықтай жүріп, жол жабдығын қамдады.

Бұл аты шулы соғыстың өрті жайлап, Отанымыздың көп жерін басып-жаншып, ел мен жер күңірене тыныстап, үлкен-кіші тас түйін боп зұлым жауға соққы беріп, кері тойтаруға күш салып жатқан кез еді. Жау Ленинградты қоршап, Москваға қол салды. Алғаш рет Москва түбінде ойсырата соққы жесе де, кілт бұрылып, аласұра Сталинградқа ұмтылды. Москваны қорғауда қазақстандық 8-армия жауынгерлерінің ерлігі бүкіл әлемге тарап, Мұнда И. Панфилов басқаратын 316-шы атқыштар дивизиясы аңызға айналды. Бұл – жерлестеріміздің жеңіске деген сенiмiн де шыңдап, даңқты батырлар өнегесі жастардың делебесiн қоздырып кетті. Осы хабардан кейін-ақ қалалық соғыс комиссариатына қайыра арыз жазған бiр топ студент қыз бен жігiттiң iшiнен 1942 жылдың 1 апрелiнде Есен Орақбаев қанағаттанарлық жауап алды. Қолына шақыру қағазы тиiсiмен екі-үш күнге мұрша алып, ел-жұртына келді. Келсе жасы елуден асқан әке азаматтардың орнын басып, түйе орнына қой бағуды, шешесі Жамал көмекшiлiктi қолға алыпты. Жiгiттер топ-тобымен майданға аттанып жатыр екен. Есен де ел-жұртымен қош айтысып жүрiп кеттi:

– Әскерге алынғандардың көптігі сонша, - деп еске алады Есекең, - алдымыз кептелiп қалып, Алғайдың өзiнде бiр ай жаттық. Содан Саратов арқылы Сталинградқа барып, одан 60 шақырым жердегі Дубовка селосындағы запастағы полкке алындық, әскери киім киіп соғыс құралын үйреніп, алғашқы жаттығудан өттік...

Көзі ашық, көңілі ояу жiгерлi жiгiттi ұзамай-ақ соғыстың әлегінен Ростовтан көшіп келген 11-артиллерия училищесіне жолдады. Мұнда шілденің басында келген Есен ноябрьге дейiн болып, соғыс Сталинградты өрт құшағына алғанда училище Пермь қаласына көшірілді. Содан үш жылдық оқуды алты-жеті айда тәмамдап, лейтенант атағын алған Есен 1943 жылдың фев-ралында оңтүстік-батыс майданда ұрысқа кірді.

Іздемпаз да батыл, әрi қызулы жас офицер кешікпей артиллерия взводын басқаратын болды. Жаяу әскерлердің шабуылын қолдап, дұшпанды, зеңбіректен атқылап, танктерді дәлдеп көздеуде мергендiгiн де көрсете бастады. Сөйтіп, Сталинград түбінде жауды талқандауға қатысқан Есен, Курск иініндегі, одан әрі Ворошиловград қаласын жаудан азат ету, Донецкіні құтқару, қайсыбірiн айтасың, Одессадан жауды өкшелей қуу айқастарына қатысып, ерлiгiмен де көзге түсті.

Қар жастанып, мұз төсеніп, дұшпанды тықсыра бастаған сол жылдың күзінде Есекең ауыр жаралы да болды. Ол былай болған еді.

Бiр қаладан соң бір қаланы, бiр селодан соң бiр селоны жаудан тазартып, енді Ворошиловград қаласының қасындағы Мюс қаласына тоқтағанда, ол басқаратын 45 миллиметрлік зеңбірегі бар взвод Амосов деген станцияны жаудан тазартуға тапсырма алды. Украинаның сабалап соғып тұрған жауынды күзі, жер лайсаң, иықтан өткен тамшы бүкіл бойыңды шарлап, денеңдi түршіктіреді. Бірақ аялдауға уақыт жоқ. Отан бұйрығы, ата-ана аманаты солай. Әкесі аттандырып тұрып:

- Шырағым, мың жыл қашып-пысып өмір сүргеннен, бiр жыл ашық, еркін өмір сүрген артық. Артқа алаңдаушы болма, алға ұмтыл, жауды жер жастандырмай қайтпа. Қор-қақ – екi өледі. Ата-бабаның аруағы қолдасын, батыл бол, жiгiтiм, - деген-ді. «Әлде қалай болады» дегендей Жамал шешей мен апасы Ақмай орамалының ұшын тістеп, мырсылдап жылай берген еді. Әттең, соларға күнара хат жазатын да мұрша жоқ. Ол взводын жинап алып тапсырмамен таныстыра бастады.

- Жолдастар, - деді ол жарқыншақсыз ашық үнімен, - тапсырма жауапты. Ана, станцияны түнде орап өтiп, бiздiң взвод қана емес, бүкіл рота немiстiң қашатын жолын бөгеуіміз керек. Ол үшін асқан сақтық пен тапқырлық қажет. Артымызда тегеурінді күш шабуылға шыққалы жатыр.

- Мақұл, - деген дауыстар жамырай шықты. Сөйтiп, түнде қауiп-қатерлi әрекет басталды. Таңнан бұрын станцияның арғы бетіне шығып алған рота жауға тұтқиылдан оқ жаудырып, дұшпанның берекетiн қашыра бастады. Бер жағынан шабуылшы топ қысты. Сөйтіп, қоршауда қалған немістер таң алдында көптеген броньды танк, басқа да кұрал-жабдығы мол болуына қарамастан тырқырай қашты. Оларды Есекеңдер тағы да оқпен қарсы алды. Осы ұрыста ол жаралы боп Махач қалаға жөнелтілді. Мұнда үш ай жатты. Кейін есітті, ротаның көптеген жауынгерлері асқан ерлігі үшін наградталыпты, оның iшiнде взвод командирі Есен Орақбаевқа Қызыл Жұлдыз орденi берiлген. Азамат соғысының тарихын да жақсы білетін, жасынан Чапаев отрядында болып, қазақтың тұңғыш атты әскер полкінің жауынгері де атанған қазақ жерлестерімен де талай кездесiп, тiлдескен Есекең замат соғысының даңқты батыры В. Чапаевтың да осы орденмен наградталғанын еске алғанда, шын қуанып, неде болса тез жазылып, майданға аттануды аңсады...

Сол күндерді көз алдынан өткізген Есекең төрдегі кітап шкабын тағы ашып, әлденені іздей бастады. Мұнда майдандық дәптерi, соғыстан кейiн кездесiп, ара-тұра хабарласып тұратын жауынгер достарының қолтаңбасы да бар екен.

- Біздің Украинада соғыс ветерандарының Советі жұмыс iстейдi, - деді Есекең бiр буда хатты қолына ұстап тұрып.

- Оның мүшелері біз, жылма-жыл біздің дивизия азат еткен қалаларға жиналып кездесіп тұрамыз. Былтырғы кездесу Мелитопольде өттi. Бiрақ мен бара алмадым. Оның алдында екi-үш рет кездескенбiз. Осы бiр соңғы кездесу туралы Есекеңе II-IV Украина майданында бiрге болған, Советтер Одағының Батыры деген атақты бірге алған 203-атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор Жданович хат жазып жiберiптi. Ол қазiр Воронеж қаласында тұрады. Дивизияның өмірінен естелік жазып жүр, оның алғашқы нұсқалары облыстық газетте жарияланыпты. Есекеңнен косымша деректер де сұрайды. Ал Есекеңнің 1968 жылы кездескен 610-жаяу әскер пол-

кiнiң командирі Гурский, қа-зiр Запорожьеде тұрады. Ол Есекеңді дивизия құрылған

5 май күнімен құттықтап телеграмма берген.

- Дивизия құрылғанға да отыз жыл өтіпті-ау, біз неғып қартаймайық, - дейдi қуланып Есекең. Бірақ шалқасынан қайырған қою қара шашынан бір тал ақ көре алмаған соң, одан көш кейін туған жастардың, тіпті өзіміздің шашымыз ағарып кеткеніне күлкің келеді. «Жаман қой iсегiнде қартаяды» деген бе, бұл, әлде батыр дейтін қартаюды білмей ме екен.

Есекең соғыс кезде шығып тұрған майдандық көп тиражды «За родину!» газетінің редакторы, қазiр Москвадағы Совет Армиясының Үйін басқаратын қандыкөйлек жолдасы, Балатонды азат етуде шабуылға бірге шыққан досын да еске алып, былтыр келген хатын iздеп, таппай қойды. Әңгіме, оның аты-жөнінде емес қой, тар жол, тайғақ кешудегі достығын ұмытпай хабарласып тұрғанын айтсайшы. Тіпті, бірге туғандардың өзі бірнеше ай бойы хабарсыз жүргенін еске алсақ, бұған шын риза боласың!

- Туған жерді жаудан азат еткен біз, - деп жалғастырады әңгімесін Есекең. Сонау ескі шекара Ясса - Кишеневскийден бір шықтық. Содан Румыния шекарасын көктей өтіп, орыстың ұлы қолбасшысы Суворовтың ізімен Альпіден өттік. Бірақ Альпі тауының шатқалдары мен биік құздарын басып өту оңайға түскен жоқ. Әрбір сүйем жер үшiн жан алып, жан беріскен ұрыстар болды. Мұнда бiзге партизан отрядтары көп көмектесті.

Шынында да, биiктiгi бес километрге жететін Альпі тауында 83 километрді үш күнде жүрiп өту және соғыста жеңiске жету – советтік жауынгерге ғана тән ерлік пен тапқырлық. Содан дивизия Венгрияға кіреді. Кескілескен ұрыстардан кейiн Цигед, Корсад қалаларын алып, аты шулы Тиссадан өтіп, Будапештке жетеді.

1944 жылдың 7 ноябрінде, демек, Ұлы Октябрьдің 27 жылдығын Есекеңдер Венгрияда атап өтті. Оған өздерiн неміс-фашизмінің тепкісінен құтқарған советтік жауынгерлердi венгерлiктер қызу құттықтады. Бiрақ ұрыс толастаған жоқ. Есекеңнің бөлімшесі Тисса өзенінен өтуге бұйрық алды. Сол күні түнде олар өзеннен өтіп те шықты. «Орыстар той тойлап жатыр» деп қаннен-қаперсіз жатқан немістерге бұлар қырғидай тиді. Бірақ өзеннің батыс бетіне қанша әскер өткенін дұшпанның шамалауға мұршасы келмеді. Осы Тиссадан бірiншi өткендердің сапында бiздiң жерлесіміз Есен Орақбаев басқарған 45 миллиметрлiк зеңбіректер взводы асқан ерлік көрсетіп, Кемле деревнясында басып үлгерді. Сонда командирден басқа небәрі 12 жауынгер, екi зеңбірек және бірнеше пулемет бар еді. Аз күшпен көп жауды қашырды деген осы емес пе?!

Олар деревняның шет жағына орналасқан болатын. Бұларға деревняға келетін жолды кесіп тастауға бұйрық берілді. Сөйткенше болған жоқ, сатыр-сұтыр атыс басталып та кетті.

- Жаудың iзiн жіті бақылаңдар, өздерiң сақ болыңдар, - деді Есен дауыстап.

Қос зеңбіректен оқ бiр мез-гiлде шықты. Бір снаряд жаудың алда келе жатқан өздігінен жүретін зеңбірегінің жанармай багiне дәл тиiп, ол жана бастады. Артынша соңғысы да істен шықты. Сөйткенше болған жоқ, мерген артиллерист Есен дәл көздеп бiр снарядпен жаудың үшiншi зенбiрегiнiң башнясын істен шығарды. Сөйтіп, бұлардан құтылды. Зеңбіректің үшеуі бірдей iстен шыққан соң жаудың қалған күшi кейiн серпілді.

- Жiгiттер, біз бұл жерден қараңғы түспей ешқайда қозғалмаймыз, әлі де мұқым болыңдар, - деп дауыстады Есен. Сөйтіп, бұлар әлсін-әлсін дәлдеп атып, немiстiң бой көрсеткендерiн жер құштырып отырды.

Мiне, қараңғылық та түсті. Есекең жолдастарымен ұрыс даласын байқап қараса, 50-100 метр жердiң аумағында фашистiң бiр ротадай солдаты мерт болыпты. Бұл жерден жігіттер бір пулемет, жеті автомат және мыңнан астам патрон тауып әкелді. Сөйтіп, лейтенант Орақбаев басқарған взвод жаудың Тисса өзенінің аңғарына ұялаған тегеурінді бір күшiн қырғынға ұшыратты. Сол үшiн взвод командирі Е. Орақбаевқа Совет Одағының Батыры атағы берілді.

Бұл майдандық сансыз эпизодтардың бірі ғана. Будапешті жаудан азат етуге қатысқан Есекеңдер бұйрық бойынша Дунайдан өтпестен Чехословакияға ендей кірiп, жаудан Брно қаласын босатты. Австрия шекарасын көктей өтіп, фашистерден оның астанасы Венаны азат етті. Оған Есекең өңіріне сән беріп тұрған «За взятие Будапешта», «За взятие Вены» медальдары да куә.

Совет жауынгерлері дұшпанды түре қуып, алға басa берді. Дұшпанның қанды ұясы, Берлин қоршауға алынды. Рейхстагқа ту тiгiлдi! Ұзамай-ақ фашистік Германия жеңілгенін мойындап, сөзсіз тізе бүкті. Бүкіл еліміз қуанышқа кенелдi. Бiрақ Есекеңдер келе жатқан бағытта, Чехословакия мен Германия шекарасында қызу ұрыс жүрiп жатты. Соңғы күшін жиып-теріп салған фашистер ақырында талқандалып, қара жамылды...

Хамидолла Қыдыров,

(«Есен Орақбаев» атты кітаптан үзінді, «Жазушы» баспасы, Алматы - 1974) 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале