Ұлы Отан соғысының қатысушысы Татьяна Макиевская қазіргі таңда Бәйтерек ауданының Дариян ауылында тұрады. Ол 1923 жылы Украинаның Чернигов облысында дүниеге келген. Отбасындағы тұңғышы болғанымен, соңынан ерген інілері бүгінде өмірден озып кеткен. Заманның қиыншылығына қарамай Львов медициналық техникумында білім алған. Қанқұйлы соғысты да осы жерде қарсы алады.
– Соғыс басталған күні мен жұмыста едім. Шамамен күндізгі сағат 12-лерде аға медбике хабарласып: «Сізді шұғыл түрде әскери комиссариат шақырып жатыр» деді. Комиссариатқа барар жолда мен соғыстың басталғанын естідім. Сол күні жарық жағуға рұқсат етпей, түнді шамның жарығымен өткіздік. Бірақ сол күнгі түн тыныш өтті. Ал екінші күні түнгі қалада әскери ұшақтардың ұшуы жиілеп кетті. Одан соң оқ-дәрілер жеткізіле бастады. Жау бомбасы біздің үйдің де күл талқанын шығарды. Жертөледе тұрып, талай күнді жылаумен өткізгенімді әлі де ұмыта алмаймын. Өте ауыр күндер еді, - деп еске алады ардагер Татьяна Макиевская.
Жас медбике 1941 жылы Кеңес әскерінің қатарына алынады. Оны бірден майдандағы әскери-далалық госпитальға медбике етіп жібереді. Кейін Оңтүстік-Батыс майданның 12-дивизия құрамына, бұдан әрмен №93 санитарлық пойызына ауыстырады. Күн сайын қарша бораған оқтар мен бомбалардың ортасында қыршыннан қиылған жауынгерлерді көре жүріп, қиын күндерді бастан кешіреді. Ал Жеңіс күнін Украинада жаңа дүниеге келген қызымен бірге қарсы алу бақыты бұйырады. Соғыс аяқталғаннан кейін 1946 жылы жұбайы екеуін Орал облысының Орда ауданына жұмысқа жібереді.
1953 жылы жұбайының қызмет бабымен Фурман ауданына қоныс аударады. 1963 жылдан бастап Дариян ауруханасында хирургиялық бөлімшеде медбике болып жұмыс істейді. Майдандағы ерліктері үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Осылайша майдангер Т. Макиевская 1978 жылы құрметті зейнетке шығып, берекелі өмір кешуде.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress