Орал қаласындағы облыстық халық шығармашылығы орталығында Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші – композитор Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған «Айналдым елім» атты концерт өтті. Аталмыш әуезді кешті Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Жастар мәдениет сарайы» МКҚК ұйымдастырды.

Ескендір Хасанғалиев – 1940 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Үшана ауылында дүниеге келген. Балалық шағы өткен Үшана ауылының табиғаты мен таза ауасы, кең даласы жүрек қылын шертіп, шығармашылығына шабыт берген. Ескендір Хасанғалиевтің бойына сұлу да саф өнер ата-анасының қанымен дарыған десек те жаңылғанымыз емес. Әкесі скрипкада шебер ойнаса, анасының талайды тамсандырып, тамылжыта ән салатын өнері болған. Еліне өлмес, өміршең ән қалдырған композитордың алғашқы туындысы – «Анаға сәлем». Бұл әнді Ескендір Хасанғалиев 21 жасында жазған. Одан бөлек сағыныш пен ғашықтықтың сырлы әуендерін әуелетті. Туған жер тақырыбындағы әндері де тыңдарман жадында мәңгілік сақталды.
Әуезді кеш шымылдығын «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов «Айналдым елім» әнімен түрді. «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мәдениет Меңдіғалиевтің басқаруымен Е.Абдулов атындағы үрмелі аспаптар оркестрі, Надежда Нұрпейісова жетекшілік ететін скрипкашылар ансамблі шырқалған әндерді сүйемелдеді. Бұлбұл Сапарғалиева мен Мейрамгүл Танатова баулитын «Салтанат», «Инабат» би ансамбльдері кештің көркін қыздыра түсті. «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегерлері Еркін Өтегенов, Дария Бақытова және «Жастар мәдениет сарайы» МКҚК-ның әншілері өнер көрсетті. Ескендір Хасанғалиев: «Өмір маған өнерден басқа ғажап жар сыйлады. Дарико – менің ең үлкен жетістігім. Сахнаға шыққан кезде көрермен арасынан сүйікті бантигімді іздеймін. Ол маған шабыт береді. Ғашықтық әндерімнің бәрі сүйген жарыма арналған» деген еді сұхбатында. Расыменде, композитордың «Гүлсезім», «Әдемі-ау», «Сағындым сені» туындыларынан сезім мен махаббаттың үйлесімін байқай аламыз.

Концерт залы көрерменге лық толы болды. Қала тұрғындарымен қатар ауылдық жерлерден де келгендер бар. Теректілік Мейрамбек Сейітов ән кешіне анасы мен әйелін ертіп келген.
– Бала күнімде Ескендір Хасанғалиевтің әндерін теледидардан тыңдаушы едім. Әсіресе отбасы, махаббат тақырыбындағы туындылары ұнайды.
– Ескендір ағамыз өз әндерімен әйел затының табиғатын, болмысын ерекше аша білген. «Атамекен» әні де – туған жерге деген махаббатты бейнелейтін ғажап туынды. Анам мен жұбайымды ертіп, осы кешке келдім. Керемет көңіл-күйге бөленіп отырмыз. Есағамыздың әндері ешқашан ескірмейді, – деп өз әсерімен бөлісті Теректі тұрғыны.
Кеш соңында барша өнерпаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевті еске алу кеші және оның туындыларын насихаттауға арналған концерттер қаламызда жиі ұйымдастырылады деп сенеміз.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»