Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың төрағалығымен ведомствоның 2021 жылғы жұмысын қорытындылау және 2022 жылға арналған міндеттер жөніндегі кеңес өтті.
Кеңесте Мемлекет басшысының жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Есеп комитетіне берген тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланған.
Комитеттің мәліметінше, өткен жылы 155 нысанда 32 трлн теңгеге аудит жүргізілген.
Есеп комитеті 1,7 трлн теңге болатын бұзушылықтарды анықтады, оның ішінде: қаржылық бұзушылықтар - 399 млрд теңгеге; тиімсіз жоспарлау - 255 млрд теңгеге және тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты, мемлекет активтері - 1 трлн теңгеден асады.
Оның 29,1 млрд теңгесі қалпына келтіріліп, мемлекеттік бюджетке құйылған.
Үкімет пен мемлекеттік органдарға 81 ұсыным мен 511 тапсырма берілген. 199 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 34 жоғары буын басшысы бар. 75 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 56 аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілген.
Дереккөз: ҚазАқпарат