БҚО әкімі Орал әуежайының шетелдік инвесторларға сатылуына қатысты пікір білдіріп, әуежайдың 49 пайызы Ресей азаматтарына сатылғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Фото: 2gis.kz
"Бұл мәміле жасырын жасалған жоқ. Бұл стратегиялық нысан, бірақ бүгінде ұшу-қону алаңы республикалық меншікте", - деді Нариман Төреғалиев Үкімет отырысының кулуарында.
Ол 49 пайызы ресейліктердің меншігіне өткенін айтты. Бұл ретте үлес қандай заңды немесе жеке тұлғаға берілгені көрсетілмеген.
"Демек, стратегиялық нысандардың бәрі мемлекет меншігінде. Бұл қызмет көрсететін басқарушы компания. Ешқандай қауіп жоқ, сондықтан тұрғындарға дұрыс ақпарат берулеріңіз керек", - деп түйіндеді әкім.
Еске салайық, бұған дейін премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Орал әуежайының сатылуы туралы қауесетке қатысты пікір білдірген болатын. Ол нысан сенімгерлік басқаруда болған деп жауап берді.