25.06.2021, 10:38
Оқылды: 35

«Ешкім сайлау болатынын білмей қалдық деп жүрмесін»

Облыс әкімдігінде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы  Ғайса Қапақовтың төрағалық етуімен алдағы сайлауға дайындық жұмыстарын қаузаған селекторлық жиын өтті.

CA704F5F-D784-4A10-959D-69658775102D

Жиынды ашқан төраға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында бірқатар демократиялық бағыттағы реформаларды, оның ішінде алғашқы қадам ретінде ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлауын өткізудің бірінші кезеңін белгілеп бергенін жеткізді. Содан соң ол облыста  биылғы 25 маусым мен 25 шілде аралығында 31 ауылдық округ  әкімдері сайланатынын, соның ішінде бірінші кезекте мерзімі аяқталатын әкімдердің орнына сайлау өтетінін мәлім етті.

– Еліміздің тарихында мұндай сайлау алғаш рет өткізілгелі отыр. Әкімдерді халықтың тікелей сайлауы – бұрын-соңды болмаған үрдіс. Сондықтан сайлауды ұйымшылдықпен, халыққа түсінікті етіп өткізу – басты міндетіміз. Сайлаудың әділдігі мен ашықтығын және жариялылығын көрсете білуіміз керек.  Сайлауды өткізу және оны халыққа толық жеткізу мақсатында медиажоспар жасақталуда. Осы медиажоспар бойынша сайлауға қатысты барлық жұмысты күн сайын облыстық, аудандық газеттерге, интернет парақшаларға, аудандық әкімдік сайттарына жариялап, қалың бұқараны құлағдар етіп тұру қажет. Халық сайлауға қалай қатысады, сайлау қалай өтеді, ақпараттарды қай жерден оқи алады, міне, осының барлығын біліп отырғаны дұрыс. Ешкім сайлау болатынын білмей қалдық деп жүрмесін, – деп сөзіне екпін түсіре айтты Ғайса Қапақов.

46606BEB-10B5-4E2C-8E36-2F43E7E1BEC3

Бұдан әрі аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары алдағы сайлауға дайындықтары жайында есеп берді. Ақжайық ауданында үш ауылдық округте сайлау өтеді. 9 сайлау учаскесінде құрал-жабдықтар дайын тұр. Қажетті кеңсе тауарларының тізбесі, есеп-қисабы жасалған. Комиссия мүшелерін оқыту Бударин, Тайпақ ауылдарында өткізілмек. Комиссия мүшелерінің көпшілігі коронавирус дертіне қарсы вакцина алуда. Алайда денсаулығына байланысты вакцина ала алмайтын комиссия мүшелері коронавирустың бар-жоғына ПТР-талдауды ақылы тапсыра ма деген сұрақ туындады. Бұл сауалға орай Ғ.Қапақов былай деп жауап берді: «Қорғаныс құралдары орталықтан алынып, сіздерге жеткізіледі.   ПТР талдау мәселесі шешіледі. Тегін болуы керек. Қаржыны маусым айының 25-інен бастап пайдалануға болады.  Сіздерді алаңдатпас үшін кейбір қажет затты орталықтан беруді ойластырып отырмыз».

Бөкей ордасы ауданында екі ауылдық (Сарыалжын, Т. Масин) округтің әкімі сайланады. Бүгінде ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Жиын төрағасы Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарының өкілдеріне сайлау учаскелерінің паспорттарын жіберуді тапсырды. Бөрлі ауданында учаскелік комиссиялардың мүшелерінің семинар оқуы өткен. 25 шілдеде 5 округте, Кеңтүбек округінде әкім сайлауы 29 тамызда өтеді. Бәйтерек ауданында да дайындық қалыпты. Кирсанов селолық округі бойынша бір сайлау учаскесінің төрағасы отбасылық жағдайға байланысты төрағалықтан кетуде. Оның орнын басатын адам бар. «Сайлау комиссияларының мүшелерінің орнын басатын резерв болуы керек. Ертең әкімдікке үміткерлікке кім ұсынылатынын білмейміз. Егер үміткер комиссия мүшелерінің жақыны, тума-туысы болып шығатын болса, онда ондай мүшелерді  ауыстыру керек.  Сондықтан сайлау комиссиясының резервін жасауды ұмытпаңыздар», – деп түсіндірді төр-аға.

Жаңақала ауданында 4 ауылдық округтегі 11 сайлау учаскесінде сайлау өтеді.  Ауданда сайлау комиссиясының мүшелеріне арналған семинар-кеңес өткізілген. Күнтізбелік жоспар жасалған. Барлық іс-шара тиісті деңгейде ұйымдастырылған. Казталов ауданының сайлау өтетін төрт ауылдық округінде 15 сайлау учаскесінде дайындық жұмыстары жүруде. Мұнда сайлау комиссиясының 81 мүшесінің төртеуін өзгерту көзделген. Оған резерв бар. Комиссия мүшелерінің 43-і екпе алса, 11-інің екпе алуға денсаулығы жарамсыз. Қаратөбе ауданында үш округте әкім сайлауы болады. Аудандағы сайлау учаскелері сайлаушыларды қабылдауға әзір. Сайлау комиссияларының 42  мүшесінің 30-ы коронавирусқа қарсы екпе алды. Ал Сырым ауданында үш округте әкім сайланады. Сайлау өтетін алты учаскені жергілікті атқарушы құрылымдардың өкілдері аралап шыққан. Дайындық қалыпты жүруде. Теректі ауданында төрт ауылдық округте әкімдер сайланады. 14 сайлау учаскесі бар және сайлау комиссияларының 84 мүшесі анықталған. Дайындық барысы қалыпты.

Басқосуды қорытқан Ғайса Хамидоллаұлы таяуда сайлау комиссияларының отырыстарын өткізуді, оған қоғамдық ұйымдардың, БАҚ-тардың өкілдерін, блогерларды шақырып, отырыстарды ашық, жариялы түрде өткізуді тапсырды. Әрбір сайлау комиссиясының отырыстары ашық өткізілумен қатар, тиісті сайттарда, БАҚ-тарда жариялануы тиіс. Аудандардағы комиссия мүшелерін сайлау тақырыбындағы брифингтерге қатыстыру жоспарланған.  Республика бойынша бекітілген медиажоспар бойынша әр аудан өздерінің жоспарларын жасақтаулары керек. Маусымның 25-інен ватсап облыстық сайлау комиссиясы өз жұмысын бастайды. Сондықтан аудандар тиісті мәлімет-ақпараттардың 19 формасын дер уақытында тапсыруға әзір отырулары тиіс. «Сайлауға қатысты жұмыс нақты, уақтылы, асқан жауапкершілікпен орындалуы қажет. Маусым айының 25-інен бастап кезекшілік ұйымдастырылуда. Бізде демалыс деген енді болмайды. Сенбі, жексенбі күндері сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс істейді. Сайлау ай бойы өтеді. Үгіт-насихат жұмыстары басталғанда үміткерлердің халықпен кездесуін ұйымдастырып,  үміткерлердің дебаттары өткізілуі керек. Осының бәрі сіздерге үлкен жауапкершілік жүктейді»,  – деп қорытынды жасады облыстық сайлау комиссиясының  төрағасы.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале