8.06.2018, 18:28
Оқылды: 92

Ешкітаудан басталған халықаралық экспедиция Индер тұзды көлінде жалғасуда

Бүгін «Индер-Орал өңірінің геопаркі»  атты экспедиция Атырау облысының Индер ауданындағы Индер тұзды көліне жетіп, зерттеу жұмыстарын бастады.

Индер- Атырау облысының солтүстігінде, Каспий маңы орта тұсында Жайық өзенінің екі жағалауын бойлай орналасқан. Ауданның жер көлемі 1 087 596 га . Аудан орталығы - Индербор кенті.

Экспедиция мүшелері Индер тұзды көлінің жер қыртысын, өсімдіктер мен жануар әлемін зерттей бастады.

Бұл тұзды көл Индер ауданының орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Көл шарасы тектоникалық процесстерден жер қыртысының төмен түсуінен пайда болған. Жағасы саздақты, су бетіне қарай 4,8 м. құлама жар. Жағалауы сай-жыралармен тілімделген. Төңірегінен жер асты ағыны арқылы көл шарасына шамамен 1,5 млн.тоннадай тұз ертіндісі қосылады екен. Бұдан қалыптасқан тұнбаның жоғарғы 8 миллиметрлік қабаты сапалы ас тұзы. Сала мамандарының айтуынша, тұздың емдік қасиеті зор.

Сондай-ақ делегация құрамы Ақжайық аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығынан келген жас экологтармен толықты.

Туристер слетінің  жетекшісі Азамат Қуанышұлының  айтуынша, РФ-дан келген палеонтолог Владимир Ефимовпен кездесіп, ақыл-кеңесін тыңдау үшін халықаралық экпедицияны арнайы іздеп келген. Туған өлкесінің тарихына үңіліп, географиясы мен  экологиясын зерттеуге келген жасқа Владимир Михайлович  өз ақыл-кеңесін айтты.

-Мен бұл өлкеге зерттеу жұмысын жүргізу үшін арнайы шақыртылған болатынмын. Былтыр Батыс Қазақстан облысындағы  Зеленов ауданының зерттеушілері ихтиозаврдың қаңқасын тапқан еді. Соның жартысын ғана зерттеген едік. Сол жұмысымызды да жалғастырмақпыз. Зерттей келе бұл ихтиозаврдың жаңа түрі екенін білдік. Оны Қазақстаннан табылған завр яғни Қазақстанзавр деп атадық. Палеонтологтар бұрынғы дәуірдің «ізін» яғни бұрын  өмір сүрген жан-жануарды, тасқа айналған өсімдіктерді, ихтиозавр, мамонт секілді алып жануарларды зерттейді. Индер көліндегі тұздың молдығына  қарап отырып, бірнеше ұрпақ ауысса да, табиғи қалпында сақталады деп ойлаймын. Қазақстанның жері кең байтақ. Қазіргі зерттеушілер мен  палеонтологтардың  бармаған жері  көп. Сондықтан сіздерге зерттейтін жұмыстар толып жатыр. Мен өз кезегімде кеңес беруге дайынмын,- деді Владимир Ефимов.

Индер тұз көлінің солтүстік жағасында  «Қыз әулие» атанған Қаламқас жерленген. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, ол тіршілігінде ел аралап жүріп, кісі емдеген, көріпкелдік қасиетімен ерекшеленген. Тұзбұлаққа түскен адамдар осында келіп түнейтін болған.

Экспедиция барысында Индер ауданы тарихи тұлғаларға бай мекені екенін байқадық. Басқасын айтпағанда, ақберен ақын, халқына ақырып теңдік сұраған, 1838-1839 жылдары шаруалар көтерілісінің дем берушісі Махамбет Өтемісұлы, жыр сүлей ақын Мұрат Мөңкеұлы бұл өңірден нәр алған. Көнекөз қариялардың айтуынша, Жайық өзеніне 1328-1337 жылдары Иван Калитаның Жарлығымен салдырған «Таскешуден» Асан Қайғы бабамыз өтті деген аңыз да бар. Бұл аудандағы сапарымыз  11 маусымға дейін жалғаспақ.

Айта кетейік, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған экспедиция «Орал қаласы – Тасқала – Индер – Аралсор көлі – Хан Ордасы – Орал» бағытын ұстанған.

                                                        Гүлсезім БИЯШЕВА,

                                               Индер ауданы,

Атырау облысы        

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале